» » Асыл қазынаның сақшысы

Асыл қазынаның сақшысы

qarmaqshy-tany.kz Білімнің екі қайнар көзі болса, бірі – өмірдің өзі, екіншісі – кітап. Бұл ұғым өткеннің түсінігінде де, қазір де және болашақта да солай болып қала бермек. Біле білген адамға нағыз кәсіби кітапханашы ұстазбен тең. Себебі кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылық пен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашы. Бұл мамандық туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Маман иесі болу үшін біліктілік пен төзімділік қажет. Бүгінде кітапхана саласында рухани биікке жеткен еңбекқор жандар жетерлік. Гүлназ Ешниязова соның бірі. Ол Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектептің кітапханашысы.
Қазақтың жазушысы Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білсем, ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол қазынаның сақшылары санаймын» дейді. Бүгінгі кейіпкеріміз де отыз жылға жуық еңбегімен асыл қазынаның сақшысына айналған білікті маман. Жұрт көп біліп, елей бермейтін салада үздіксіз қызмет атқарып, дүйім оқырманның кітап жайлы жақсы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріле еңбек етуде.

– Кітап – жансыз болғанымен рухани бағыт-бағдар берер ерекше құндылық. Ал кітапханашы – өмір сүру дағдыма айналған мамандығым. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші, өз қызметіміз арқылы оқырманды жақсылық пен рухани құндылыққа жетелеп келеміз. Осы салада еңбек жолым 1995 жылы басталды. Жұмысқа сол кездегі мектеп директоры Асқар Тұңғышбаев ағамыз қабылдады. Өзім осы мектепті бітіргесін ұстаздарым көп көмектесіп, білмеген жерімді үйретіп жол көрсетіп отырды. Ол кезде кітапханаға 1 жылға дейін айлық төленбегесін келгендер тастап кеткен. Сөйтіп маған мектептен ұсыныс түсіп, жұмыс істеуге шақырды. Әлі есімде оқушыларға таратылған оқулықтың қоры 12480 дана болса, көркем әдеби кітаптардың саны 4850 еді. Соның бәрін оқу аяғында қабылдап алғаным бар. Кейін бәрін үйреніп, 2001 жылы сырттай «Кітапхана ісі» мамандығын меңгеріп, білімімді жоғарылаттым. Аудандағы мамандармен етене жұмыс істеп қызметімді шыңдадым, – дейді кітапханашы.

Кітапхана жұмысы сырттай қарағанда көзге көрінбейтін сала. Қара жұмысының өзі оңай емес. Кітапханашыны да көп ешкім біле бермейді. Алайда көзбен көріп шын түсінген адамға олардың жұмысы ауқымды. Қоғам мен мемлекеттің дамып өркендеуіне қосар үлесі зор. Кітапхана мәңгілік парасаттың ең биік, ең киелі ғимараты болса, кітапханашы сол рухани қазынаның шырақшысы мен ақыл-ой әлеміндегі жол сілтеушісі.

Қазір аудандағы барлық кітапханаларда коворкинг орталығы бар. Мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жолға қойылып, оқушылардың кітап оқуына қолайлы оқу залдары ашылған. Мектеп ұстаздарымен де бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, танымдық сағаттар мен кездесу кештер өткізілуде.

– Кітапхана есігі оқырманымыз үшін әрдайым ашық. Мұнда оқушылар әр үзілісте келіп сабақтарына дайындалады. «Кітап сыйлау» акциясына үлестерін қосып, өздері жақсы көретін кітаптарын кітапханаға сыйлайды. Одан бөлек, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі ойындар ойнатып, іс-шаралар ұйымдастырамыз. Жақында оқушылармен «жасырын кітап» бұрышы өткізілді. Онда кітаптың мазмұны сыртқы бетіне жабыстырылады. Егер бала сол кітапты оқыған болса мазмұнына қарап атын толық табады. Бала еркін өсіп, ойын ашық айтуға дағдылану үшін іс-шараның барлығын өз еріктеріне саламын. Олардың идеяларын тыңдаймын, «тыныш отыр», «шуламаңдар» деген секілді шектеулер қоймаймын. Қазіргі баланы тыңдай білсеңіз айтар ойы бар. Министрдің коворкинг бұрышы оқушының ғылыми жобаға дайындалатындай болуы керек деген тапсырмасы бар. Сол секілді кітапханамыз жайлы, оқушыларымыз үшін бар мүмкіндік жасалған, – дейді Гүлназ Асарбайқызы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
11 маусым 2023 ж. 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031