» » Өз ісінің маманы

Өз ісінің маманы

Дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының құнды сырларын сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен біліктіліктің нағыз киелі ордасы – кітапхана екені сөзсіз. Кітапхана айтарға жай сөз болғанымен мағынасы тым тереңде. Ол оқырман үшін үлкен өмір мектебі, рухани ошақ. Ал әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы құнды мұраларды оқырманға жеткізуші – кітапханашы. Бұл қарапайым мамандық болып көрінгенімен заман талабына сай әдебиеттерді насихаттауда, ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде атқарар қызметі зор.
Ұлт жанашыры Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту емес, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Бүгінде мамандығын сүйіп, ұзақ жылдар бойы кітапханашылық қызметте абыроймен келе жатқан Тұрмағамбет ауылдық модельді кітапханасының қызметкері, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері – Құндызай Далдабаева. Ол 1994 жылдан бері ауылдық кітапханада қызмет істеп, бүгінге дейін жас ұрпақтың кітаппен тонның ішкі бауындай жақын болуына үлес қосып келеді. Отыз жылға жуық өмірін кітапханаға арнап, әлі де осы саланың қазанында біте қайнасып, рухани саланы насихаттауда.
– Қай мамандықтың болмасын өз ерекшелігі бар. Бала кезімде анамның кітапханашы болып қызмет істеуінің әсері ме, менің кітап оқуға деген қызығушылығым зор болды. Жарық жоқ кезде шамның жарығымен қызық кітаптарды оқып бітірмейінше ұйықтамайтынмын. Мен үшін кітап оқу үлкен демалыс, – деді ол сөзін әріден бастап.
Иә, кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет істей алады. Жалпы кітапхана – басқа әлемге апаратын жол десек, сол басқа әлем бір сәт күйбең тіршіліктен алшақтатады.
Ауылдық кітапхана сонау 1936 жылы 50 дана кітап қорымен өз жұмысын бастаса, Зылиха Жүсіпова апамыз кітапхананың негізін қалаған. Кезінде шаруашылық кеңсесінің шағын бөлмесіне орналасқан кітапхана 2013 жылы жаңа клубтың жарық әрі жылы, кең залына ауысып, жаңа жиһаздармен жабдықталған. «Тұрмағамбет» ЖШС шаруашылығы төрағасының демеушілігімен «COWORKING» орталығы ашылып, РАБИС бағдарламасымен жұмыс істейтін, ауыл тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары деңгейге көтеретін интернет желісі енгізілген. Осылайша кітапхана жаңа үлгідегі «Тұрмағамбет ауылдық модельді кітапхана» сертификатына ие болған. Қазіргі таңда кітапхананың қоры 19913 дана кітапқа көбейсе, жылына 879 оқырманды кітаппен қамтып отыр.
Технология дамыған заманда қазіргі жастар арасында іздену, зерттеу, мимен ойлау азайып бара жатқаны сөзсіз. Себебі дайын мәліметті қалта телефоннан немесе компьютерден алып, көшіре салады. Осының алдын алуда кітапхана қызметкері Құндызай апай ауылдағы барлық мекеме қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар, оқушылармен тығыз байланыста жұмыс жасап, өлкетану, тіл, ауыл тарихы, тағы басқа бағыттарда іс-шаралар өткізіп, әдеби талдау мен жыр кештері арқылы насихат жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жас толқынның кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Бір ел – бір кітап», «Жаңа кітаптар», «Жаңа әлемдегі – Жаңа Қазақстан», «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы», «Жыр – рухани әлем», «Жас толқын» атты кітап көрмелері қойылған. Биыл «Балалар жылына» орай «Кел балалар, оқылық» атты балалар бұрышы келгендерге қызмет көрсетуде.
Кейіпкерімізді жаны сүйіп таңдаған мамандығы бүгінде абырой биігіне шығарған. Қызметі көптің көңілінен шығып, оқырмандардың алғысына ие болып жүр. «Кітапханашы үшін алғыстан үлкен марапат, бақыт жоқ» дейді ол.
Білімнің екі қайнар көзі болса: бірі өмірдің өзі, екіншісі кітап. Бұрын да, қазір де, болашақта да солай бола бермек. Біле білген жанға нағыз кәсіби кітапханашы – ұстазбен тең.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
24 шілде 2022 ж. 761 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031