Оқи жүріңіз...
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күшін дамытудың қуатты құралы. Сонымен қатар адам өмірінің құнды мұрасы, алтын қазынасы, ғұмыр шежіресі және айнымас досы. Кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасында кітаптың рухани құндылық, теңдессіз байлық екені атап өтіледі. Жаңа заман компьютер заманы болғанымен, рухани азық іздеген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.

– Қазіргі ақпараттану заманында барлық қажетті материалды компьютерден алады. Біздің балалық шағымызда қолымыз қалт етсе кітап оқитынбыз. Қызықты кітапты қолдан-қолға тигізбей кезекпен оқуға кітапханаға асығатынбыз, – дейді тұрақты оқырман.
"Оқи жүрмесең, тоқығаныңды ұмытып қаласың" деп кемеңгер тұлға Д.Қонаев айтқандай, өміріміздің аз уақытын кітап оқуға қиятын болсақ, қазақ елінің жылдам дамитыны белгілі. Оқырман – әдеби шығарманы қабылдайтын орта. Жазушы шығарманы тудырушы болса, оның қанша өмір сүретіні, әдебиетте қандай орын алатыны оқырманға байланысты. Үмбетқали Білісовтың кітап оқудағы үлгісі жас ұрпаққа өнеге. Өмірде барлық нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жұмыс істей бермек.
Гүлнар БАДЫРАҚ,
кітапханашы