Кітапхана – білімпаздар мекені
Адам екі нәрседен қателеспеу керек болса, соның алғашқысы – мамандық таңдау. Иә, мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қадам басқан әр түлек жүрек қалауымен мамандық таңдауы қажет.
Менің таңдаған мамандығым – кітапханашы. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығының кереметін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар, күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар легі толастамайды. Соның бірі алғыр, поэзия әлеміне қызығушылық танытқан белсенді оқырманымыз – Аяулым Сайлаубекова. Ол Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің оқушысы. Бала кезінен Марияш әжесінің ертегісін тыңдап өскен. Кітапханада түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Соның бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Батырлар жыры ізгілікке баулиды» атты онлайн жыр оқу байқауына қатысып ІІІ орын алды. ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаеваның дипломымен марапатталды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «30 кітап», «Бір ел – бір кітап» рухани-мәдени акциясы аясында қазақтың лирик ақыны М.Мақатаевтың туғанына 90 жыл толу мерейтойына орай «Өлеңмен өрілген өмір» атты онлайн байқауға қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Осындай оқырмандарымызбен мақтанамыз. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол, сондай-ақ инабатты да еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет.
Меруерт БӨГЕНБАЕВА,
аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы
аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы