Кеш төрінде – көшбасшы аналар
qarmaqshy-tany.kz «Бала – бауыр етің» демекші, бала тәрбиесіне ата-ананың, оның ішінде ананың қосар үлесі зор екенін бәріміз де жақсы білеміз. Жақында ауылда «Өнеге – отбасынан» атты сыр-сұқбат кеші өтті. Онда түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген мамандармен бірге, ақ жаулықты аналар бала, немере, келін тәрбиесі жайлы кеңінен ойпікірлерін бөлісті.
Алғаш рет өткізіліп отырған ауылдағы көшбасшы әйеланалардың басқосуында ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызы жанұяның береке-бірлігі жайлы сөз қозғады. «Офицердің анасы» төсбелгісінің иегері, зейнеткер ұстаз Рая Мүсіркегенова, «Парасатты ене» номинациясының иегері Төлеу Медетова, «Мерейлі отбасы анасы» номинациясының иегері Сапура Шайкеновалармен бірге ҚР «Құрметті азаматы» төсбелгісінің иегері С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйінің меңгерушісі Роза Кенжеғұлова, «Ораз ахун» серіктестігінің қызметкері Шәрі Қаражанова, «Өнегелі ене» номинациясының иегері Дүйсенкүл Жайсаңбаевалар баланың отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететініне тоқталды. «Белсенді отбасының келіні» номинациясының иегері, ұстаз Назерке Тарғанованы «Білім беру ісінің үздік педагогы – 2023» атты республикалық байқаудың жеңімпазы және «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» тақырыбында өткен аудандық келіндер байқауында жүлделі ІІ орын алуымен ауыл әкімі құттықтап, марапаттарын табыстады.
«Үлгілі ана» номинациясын иеленген кітапханашы Ақмарал Сағатқызы, жас әжелер Жанат Лекерова, Света Ізбенбетовалар босағаның берік болып қалыптасуына жанұядағы ауызбіршілік, сыйластық, ене мен келін, немере мен әже арасындағы өнеге тұтар қасиеттер жайлы ойларын ортаға салды.
Өнерпаздар Гүлнар Жұмахметова, Ақлимаш Әбілтаевалар кеш қонақтарына әсем ән айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ауылдың клуб үйі ұжымы әзірлеген «Ақжарымның аналары», жас ана Ақмарал Әміралиеваның өзінің жанұясындағы беріліп жатқан тәрбие жайлы «Ата-ана: Өз балаңа үлгі бол!» атты бейнебаяндар мен слайдтар көпшіліктің көңілінен шықты.
Жанұя тәрбиесіндегі ерекше тұлға ана жайлы сыр-сұқбаттан жас аналар өздерін мазалап жүрген сұрақтарына кең көлемде мағлұмат алды. Көпбалалы жас ана, кәсіпкер Айнұр Досмағұлованың дайындаған түрлі тәтті нандары мен Нұргүл Әбішеваның түрлі қолөнер бұйымдарынан әзірлеген «Бақыт кілті – өз қолыңда» атты көрмесіне кеш қонақтары ризашылық білдірді.
Кешті ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Қайырқызы қорытындылады. Көшбасшы әйел-аналармен болған кездесуге қатысқандар өздерінің алған ерекше бір әсерлерін «Тілек дәптеріне» түсірді.
Рая ЖӨНЕЙТОВА,
Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы