Музей – мәдени құндылықтар мекені
qarmaqshy-tany.kz Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық. Елдің өткен шағының шежіресі, көненің көзіндей жауһар жәдігерлер жинақталған қастерлі ошақ та осы музей. Оның табалдырығынан аттаған сезімтал жанды сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толағай тербелістер құдіреті баурап алары анық.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Мерекеде аудандық тарихи-өлкетану музейінің тыныстіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.
Мекеме 2015 жылы аудандық тарихи-өлкетану музейі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылған. 2016 жылы аудандық бюджеттен 18 млн 895 мың теңге қаржы бөлініп, экспозиция жұмыстары жүргізілді. Желтоқсан айында экспозициялық жұмыстар толық аяқталып, сол жылы облыс әкімінің қатысуымен аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залы ашылады.
Бүгінде ұжымда 20 қызметкер жұмыс істеуде. Ашылған күннен бастап музейдің ғылыми қызметкерлері жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды этнографиялық экспонаттарды, салт-дәстүрге байланысты фольклорлық жәдігерлерді жинақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Тарихи құнды жәдігерлерді сатып алу үшін оларды суретке түсіріп тізімін жасақтап, аудандық архивтен тарихи маңызы бар материалдар жинақтайды.
2017 жылдан бастап музейдің «Өлке тарихы» және «Тәуелсіз Қазақстан» экспозициялық залдары ашылып, келушілерге өз қызметін көрсетіп келеді. «Өлке тарихы» залында «Кіріспе», «Археология», «Этнография», «Табиғат», «Соғыс», «Өнер және мәдениет», «Спорт» бұрыштары болса, «Тәуелсіз Қазақстан» залында «Тәуелсіздік», «Рәміздер», «Қорқыт ата», «Байқоңыр» ғарыш айлағына байланысты заттар орналасқан. Музей 2019 жылдан бастап «Облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК-ның «Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы» болып қайта құрылады. Бүгінде музейге Тимур Леденёв меңгерушілік етеді.
Жалпы музейдің жер көлемі – 4000 шаршы метр, экспозициялық залдардың жалпы көлемі – 332,59 шаршы метр. Музей қызметінің негізгі мақсаты – музей жәдігерлері мен коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету, мәдени, білім беру және ғылымизерттеу функцияларын жүзеге асыру.
Мұнда музей қызметкерлері кент, ауылдық округ тұрғындарының үйін аралау барысында музей қорын толықтыру жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, Жосалы кенті, Сәтбаев көшесі, №9 үй тұрғыны, білім саласының ардагері Раушан Байназарова өз үйінде сақтап жүрген 1972-1978 жылдар аралығында шыққан Қазақ совет энциклопедиясының 12 томын, әкесі Сәдірбай Байназаровтың көне бәкісін, ағаштан жасалған көне көзілдірік қапшығын және тағы да басқа заттарды музей қорына сыйға тапсырған. Сонымен қатар М.Әуезов көшесі, №10 үй тұрғыны Аяш Сәдуақасов әкесі Сәдуақас ұстаның ұстаханасында сақталып тұрған ұсталық көрігі мен өзге де құралдарын музей қорына берген.
– Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Себебі, бұл ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болашаққа игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес құнды мұраларымыз. Ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады, өмірлік бағыт-бағдар ұстанып, елінің жарқын игіліктерін таниды. Ал, осындай ұлы қазыналарды жинап, ұқсатып, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметі қай кезде де өте маңызды, – дейді музейдің меңгерушісі Тимур Леденёв.
Қармақшы өңірінде Қызылқұмның қойнауында орналасқан, б.з.д ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделетін, мемлекет қорғауындағы республикалық маңызы бар көне Бәбіш-Мола қалашығына 2004 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Айталық, өткен жылдың мамыр-маусым айында айтулы экспедиция отряд басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Өтебаевтың басшылығымен, құрамында Мәскеу қаласында орналасқан Мемлекеттік Шығыс музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.Болелов, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері, докторанттары, студенттері, облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесінің қызметкерлері, жергілікті жерден аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері және жергілікті Т.Көмекбаев ауылының тұрғындарымен бірге қазба жұмысы жүргізілді. Қазба жұмыстары кезінде қалашықтың құрылыс орындарымен қатар заттай деректер де табылған.
Музейде «Ескерткіш тарих куәсі», «Игі жолды таңдаған», «Жас өлкетанушы», «Бір жәдігер тарихы», «Сіз білесіз бе?» жобалары аясында бейнетүсірілімдер жинақталуда. Сондай-ақ музей қызметкерлерінің қатысуымен экскурсиялық сабақтар, лекция мен мақалалар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Музей – заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижесін насихаттау мен тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Себебі бұл ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болашаққа бастайтын игі ісін сабақтастыратын баға жетпес құндылық. Ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады. Ал осындай ұлы қазыналарды жинап, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметкерлері қай кезде де өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқара бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ