Азамат есімі ардақталды
qarmaqshy-tany.kz Ауданымызда спорт саласының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан азаматтар жетерлік. Көзі тірі кезінде елеулі еңбектерімен елге танылған, талай рет түрлі деңгейдегі дүбірлі жарыстарда аймақ, республика намысын қорғап, мерейі үстем болған аудан спортының нар тұлғалары Жарболсын Құндақбаев, Аманкелді Ерекешов, Қорғанбек Манасов, Зейнуллла Жәкеев, Сұлтанбек Омаров, Әділбек Серікбаев сынды атпал азаматтармен бірге, бүгінде аудан спортының қара нары атанған Төленді Мырзабаев, Еркін Атабаев, Әлжан Төремаханов және басқалардың есімдері құрметпен аталады.
Ауданымызда қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс, жеңіл, ауыр атлетика, волейбол, қол добымен қатар, футбол да жақсы дамыған. Осы спорт түрлерінен жерлестеріміз түрлі деңгейде өткізіліп жүрген байрақты, дүбірлі жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Жерлес спортшылардың спорт аренасында жасындай жарқырап жүргендері әрине, сала мамандарының жемісті еңбегі.
Осындай дарын иелерінің бірі – ауданда футбол, волейбол спортының дамуына сүбелі үлесін қосқан майталман маман, ұлағатты ұстаз, марқұм Сағат Бұқпанов.
Оның өнегелі өмір жолы көпшілікке жақсы таныс.
1953 жылы Жосалы кентінде өмірге келіп, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті тәмамдаған, бала жасынан спортқа, оның ішінде футболға үйір болып өскен Сағат Мұсаұлы спорттық жоғары білімін жетілдіруде Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік спорт институтына оқуға түседі. Жоғары білім ордасында оқи жүріп, институттың құрамасы сапында талай дүбірлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Тіпті, «Қайрат» командасының қосалқы құрамында біршама жыл ойнап, нағыз футболшы екенін дәлелдейді. Көптеген марапатқа да ие болады. Бірақ, жылдар өте туған елге оралып, аудан орталығындағы №26 орта мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Сондай-ақ, елге оралған соң ұстаз Үміт Әбдіжәлелқызымен шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіріп, олардың қоғамнан орындарын сайлап алуына еңбек сіңіреді. Ол аудан спортының дамуына елеулі үлес қосқан азамат. Оның жаттықтыруымен көптеген жас спорт деген сырлы өнерден өз орнын алып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Аудан құрамасына басшылық жасап, облыстық, республикалық жарыстардың көшінен көрінді. Тіпті, шәкірттері арасында «Қайсар» командасы сапында облыс намысын қорғағандар да бар. Сондай-ақ, оның өмірлік жары Үміткүл Әбдіжәлелқызы да саналы өмірін білім саласына арнаған. Ол Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын тәмамдаған соң №26 орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастап, өмірінің соңына дейін сол білім ордасында еңбек етті. Талай дарынды шәкірттерінің адами қалыптасуына еңбек сіңірді.
«Орнында бар оңалар», – дегендей, бүгінде ерлі-зайыпты ұлағатты ұстаздардың ұрпақтары да аудан экономикасын дамытуда еңбек етіп жүр. Барлығы да отбасылы, түрлі мамандық бойынша еңбек етуде. Қайраты аудандық мәслихатта бөлім басшысы болса, үлкен келіні Мөлдір №250 мектеп-лицейде ұстаз, Талғаты №121 орта мектепте директордың ғылымиәдістемелік жөніндегі орынбасары, оның жары Алмагүл №27 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, ал кенжесі Қуаныш №30 орта мектепте педагог-психолог, жары Маржан №26 орта мектепте шет тілі пәні мұғалімі.
Осындай талант иелерінің туғанына биыл 70 жыл толды. Осы ретте, ұлағатты ұстаз Сағат Бұқпановтың 70 жылдық мерейтойын атап өтуде аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен №26 орта мектеп ұжымы мен демеушілердің ұйымдастыруымен №27 орта мектептің спорт алаңында жасөспірімдер арасында шағын футболдан аудандық жарыс өтті. Оған Жосалы кентіндегі орта білім беру мекемелерінен 8 команда қатысып, ұстаз атындағы жүлдені сарапқа салды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, туысқандары атынан Болат Есетовтер Сағат Мұсаұлының өнегелі өмір жолынан естелік айтып, жас футболшыларға сәттілік тіледі.
Одан әрі командалар өзара ойын өрнегін көрсетіп, оның нәтижесімен №26 орта мектеп құрамасы жарыс жеңімпазы атанса, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды №183 орта мектеп пен №27 орта мектеп құрамалары өзара бөлісті.
Ал, үздік ойындарымен көрермен көзайымы атанған №27 орта мектеп құрамасының ойыншылары Арман Әбитай «Үздік ойыншы», Нұржан Жақсылық «Үздік шабуылшы», №26 орта мектебінің ойыншылары Аслан Жұманов «Үздік ойыншы», Ернұр Кәдірбеков «Үздік қақпашы», №183 орта мектептің шәкірті Дамир Шағалаев «Үздік сұрмерген» номинациясымен марапатталса, №121 орта мектептің спортшылары Нұрсұлтан Сағындық арнайы грамотаға, Жалғас Сұлтан қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жарыс соңында жүлдегер командалар мен номинация иегерлері аудандық мәдениет және спорт бөлімінің мадақтамаларымен, жарыс демеушілерінің сый - сияпатымен мадақталды.
Жарыс соңында ұлағатты ұстаз Сағат Бұқпанов пен Үміт Әбдіжәлелқызына арнап ас берілді.
Нұрбай Жанәділов