» » Аудан абыройын асқақтатқан саңлақтар

Аудан абыройын асқақтатқан саңлақтар

qarmaqshy-tany.kz Сыр өңірінде, соның ішінде біздің ауданда спорт инфрақұрылымын дамытуға, ел һәм аймақ халқының намысын түрлі жарыстарда қорғап жүрген ұл-қыздарымызды жан-жақты қолдауға баса мән беріліп келеді. Соның арқасында Қармақшы жыраулық, ақындық өнерімен ғана емес, шартарапқа спортшылар өлкесі ретінде танылып жатыр.
Бұған дәлел, полицейлер арасында бокстан Өміржан Әбдірахманов, қазақ күресінен Бауыржан Райсов, Айбек Серікбаев пен Ғалымжан Әбдірахманов абыройымызды асқақтатуда. Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы халықаралық байрақты жарыстарда Ерасыл Сәулебеков мерейімізді тасытты. «Қазақстан барысы» атағын иеленген балуандарымыз Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исағабыловтай азаматтарымыз жерлестерінің мақтанышына айналды.
Міне, осындай даңқты спортшыларымыздың үлкен аренада өнер көрсетуіне жол ашып берген жаттықтырушылардың еңбектерін айтып өту біз үшін міндет.
Жас ұрпақ Қармақшы спортының дамуына өзіндік үлес қосып, ел құрметіне бөленген аға ұрпақ өкілдерін біле бермеуі мүмкін. Кезінде ауданда бүгінде көзі жоқ болса да спорт үшін бар саналы өмірін арнаған марқұм ағаларымыз – Сұлтанбек Омаров, Жарболсын Құндақбаев, Қорғанбек Манасов, Сағат Бұқпанов, Зейнулла Жәкиевті, сонымен қатар отбасылық жағдайымен өзге өңірге қоныс аударса да сол аймақта спортты дамытуға сүбелі үлесін қосып жүрген Қуаныш, Тұрсынбек, Найзабек, Бердібек және ағайынды жеңілатлет Мощеевтердің есімін жерлестері құрметпен атайды.
Ал Қармақшы спортының бүгінгі аға буын өкілдері – Төленді Мырзабаев, Әлжан Төремаханов, Еркін Атабаев, Шәріпбек Асановтар құрметті демалыста болса да өскелең ұрпақ алдында өмірлік тәжірибелерін беруден аянған емес. Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алған шәкірттер де түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардан жасындай жарқырап, аудан спортсүйер қауымның мерейін тасытуда.
Бүгінгі мақаламның кейіпкері менің спорттағы алғашқы ұстазым Төленді Мырзабаев және оның спортшы отбасы туралы болмақ.
Төленді ағайды мен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан, No26 орта мектепте білім алып жүрген кезімнен танимын. Өйткені ол менің еркін күреспен шұғылдануыма себепкер болған бірден-бір ұстазым. Ағайдың жаттықтыруымен аудандық, облыстық жарыстарда талай рет жеңімпаз, жүлдегер атандым, бірақ жоғары сыныпқа көшкен соң ол кісі орнын Зейнулла Жәкиев ұстазыма тапсырып, өзі басқа қызметке ауысты.
Бірақ алғашқы ұстазыммен одан кейінгі жылдарда да байланысымды үзген жоқпын. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын ағайым көптеген жас балуанның түрлі деңгейдегі жарыстарда үздіктер қатарынан орын алуына еңбек сіңірді. Аудан экономикасын дамытудағы елеулі еңбегі үшін де талай құрметті марапаттарға ие болды. Аудандық мәслихаттың да депутаттығына сайланып, жерлестерінің мүддесі үшін билік алдында шешімін таппай жүрген көкейкесті мәселелерді көтерді. Оның ішінде спорт саласын дамытуға арналған күрделі мәселелер де болды.
«Жақсыға жақын көп» дейді дана халық. Қай кезде де, кімге де болмасын көмегін аямайтын, өзінде барын жоқ-жұқаға таратып беруге асығатын Төленді Мырзабаевтай ағайымызды қармақшылықтар да аса ризашылықпен құрметтейді. Соның дәлелі болар ел алғысына бөленген қадірлі жан «Қармақшы ауданының Құрметті» азаматы деген де атаққа ие болып, ардақтылар қатарынан көрінді.
Ауданымызда бір мамандықты атадан балаға мирас етіп, көпке үлгі көрсетіп жүрген отбасылар аз емес, солардың бірі – Мырзабаевтар отбасы.
Төленді ағайымыздың үлкен баласы Аманкелді де Астана қаласындағы республикалық Оқушылар сарайында спорт секторының меңгерушісі болып қызмет етсе, оның баласы Нұрділда Астанадағы «Fly» волейбол клубының аға бапкері. Төленді Мырзабайұлының екінші баласы Ерболы да елордадағы орта мектептердің бірінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса, бел баласы Нұрбол да жасынан спортты, оның ішінде қазақ күресі, самбо сияқты спорт түрлерімен шұғылданып, көптеген жетістіктерге қол жеткізген спортшы. Спорттық мансабын жаттықтырушылықтан бастаған Ербол Төлендіұлы түрлі қызметтік сатылардан өтіп, қазіргі таңда аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқаруда. Көзі жоқ болса да туған еліне көрсеткен игі ісі ел есінде мәңгі сақталып қалған, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, көптеген балуанның Қазақстанның спорт шебері атағына ие болуына себепші болған спорт майталманы марқұм Әділбек Серікбаевтан тәлім алған Нұрболдың жаттықтырған бірнеше шәкірті түрлі жарыста топ жарып, ұстаз есімін ардақтауда.
Осындай ұлық мамандықты ардақтаған отбасының енді бір мүшесі Бектұрған Мырзабаев бүгінде Астанада тұрады. Ол да самбодан өз салмақ дәрежесінде жеңімпазы. Ал қазіргі таңда елордада тұрады. Қазір дзюдодан ұлттық дәрежедегі төреші және күрестің осы түрінен елімізде өтетін жарыстарға төрешілік етеді. Ендігі кезекте осындай спорт саңлақтары өсіп-өнген отбасының енді бір мүшесі Нұрболдың баласы Нұрасыл Төленді де әке-атасының жолын өміріне серік етуді мақсат етті. Ол ауданда «Білектілер бапкері» атанған қол күресінен облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы Талғат Қанаевта жаттығады. Жас қол күресі шебері жыл басында Өзбекстанның Самарқанд қаласында жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанып, ел мерейін тасытса, Қазақстан Республикасы чемпионаты мен жасөспірім спортшылар арасындағы республикалық ауыл спартакиадасында да өзінің мықтылығын танытып, абырой биігінен көрінді.
Иә, шындығында да байқап қараған адамға Төленді Мырзабаев ағайымыз салған құтты жол әулеттің осындай өнері көпке үлгі болатын игі дәстүр деуге негіз бар. Бұл мақаланы дайындағандағы мақсат та әулеттің осындай өнегелі өмірін ел-жұртқа дәріптеп, өзгелерді спортқа қызықтыру. Саламатты өмір салтын қалыптастыру. Сөз соңында айтарымыз «Туған жердің өркендеуі жолындағы өнегеге толы өмірлеріңіз өрге өрлей берсін, Мырзабаевтар әулеті» дейміз.
Н.Жанәділов
29 қараша 2022 ж. 961 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 235

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 338

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930