» » Ұстаз. Қайраткер. Азамат

Ұстаз. Қайраткер. Азамат

Өмір бар жерде өлімнің де барын білсек те, бұл жайсыз хабар жанымызға қатты батты. Өмірдің қаншалықты қысқа екенін көз алдымызға тағы бір әкелгендей болды.
Тас түскен жеріне ауыр деген, осыдан жыл бұрын Әділбек ұстазымыздың мезгілсіз қазасы отбасынан, ағайыны мен туысынан бөлек, ізіндегі біз секілді шәкірттерін де абдыратып, қабырғамызды қайыстырып кеткен еді.
Қармақшы ауданының орталы­ғындағы спорт мектебінің күрес үйірмесінде бала күнімізден көріп өскен аты ғана емес, өзі де әділ, ақ жарқын ағайымыз қанша жастың қанатын қатайтып, мықты спортшы болуға, өмірде өз жолдарын табуға тәрбиелеп тікелей баулыған еді. Самбо және қазақ күресіне келген ауылдың әр баласына өз туған баласындай қарап, барлығына бірдей әкелік қамқорлығын, ағалық ақыл-кеңесін аямаған ұстаз деген – ұлы есімге лайықты азамат еді.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, қазіргі уақытта шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада белгілі маман ретінде абыроймен қызмет атқаруда. Қармақшы өңірін жүз шайыр шыққан жыраулар өлкесі деп танитын болсақ, мен жүздеген спорт шебері шыққан палуандар өлкесі деп қоса айтар едім.
Ол өзінің еңбек жолын 1986 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы болып бастаған. Осы еңбек еткен уақыт ішінде Ә.Серікбаев  үнемі өзін-өзі жетілдіру жолында ізденіспен еңбек ететін маман ретінде көрсетіп, ол тәрбиелеген спортшылар халықаралық, республикалық  жарыстарда жүлде салып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Оның ішінде самбо күресінен 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 24 спорт шебері, қазақ күресінен 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 спорт шеберін дайындады. Самбо күресінен Азия чемпионатының 1 жеңімпазын (Бауыржан Райсов 2006 жыл), 1 жүлдегерін (Алмат Қодаров 2000, 2001 жылдары), қазақ күресінен 2 әлем чемпионы (Бауыржан Райсов 2008 жыл, Ғалымжан Абдрахманов 2015 жыл, 2017 жыл), 1 Азия чемпионы  (Мейіржан Қуанбаев 2007, 2008 жылдары),  1 Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Бауыржан Райсов 2007) дайындап шығарған. 1989 жылдан бастап самбо, қазақ күресінен Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы болып тағайын­далған. 2007 жылғы ҚР жазғы спартакиадасында және 2009 жылы өткен «Ақ бидай» республикалық спартакиадасында қазақ күресінен Әділбек ағайдың дайындаған құрама командасы 2 рет жеңімпаз, 2 рет күміс жүлдегер атанды. ҚР Президентінің жүлдесіне арналған халық ойындарында екі рет жеңімпаз, бір рет күміс жүлдегер болды. Қазақ күресінен клубтар арасындағы жарыста екінші орын алды.
Әділбек Серікбаев өзін тек қана жаттықтырушы, маман ретінде ғана емес ұжым мен спортшылар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырудағы шебер ұйымдастырушы. Достарының арасында сыйлы, ұжым мүшелеріне беделді, саяси жағынан сауатты, ұзақ жылдар бойы «Nur Otan» партиясының мүшесі болды. Білікті ұстазымыз жоғарыда көрсетілген еңбектері үшін ҚР  «Еңбек сіңірген жаттықтырушы», ҚР «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және  «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Қазақтың Спорт және Туризм Академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бірлескен жобасы бойынша Әділбек Үргенішбайұлы «Жылдың үздік бапкері – 2017» номинациясының  жеңімпазы  болып танылды.
Саналы ғұмырында 30-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 100-ден аса спорт шебері, бірнеше Әлем, Азия чемпиондарын дайындаған бұл ұстаз, қайраткер Әділбек ағайымыздың еселі еңбегінің жемісі еді. Өмірде тек жақсы спортшы болу аздық етеді деп, жақсы адам болуға үйреткен ағайымыздың жарқын бейнесі көз алдымызда, әр айтқан сөзі жадымызда жаңғырып тұр.
Бағдат КАЛЕНОВ,
Қызылорда облысының
жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры
15 маусым 2021 ж. 1 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930