Мақсаттың мерейі тасыды
Спорт – қоғамдағы мәдениеттің бір бөлігі, орны бөлек ерекше сала. Денге саулық, елге мәртебе сыйлайтын өнер кез келгеннің қолынан келмесі анық. Бұл саланы өміріне серік етіп, қайтпас қайсарлық пен мұқалмас төзімді жанына жалау еткеннің арқалар жүгі ауыр. Туған елдің туы көкке көтеріліп, әнұранымыз асқақтайтын екі жағдай болса, соның бірі спортшының жеңіске жеткен шағы. Ел мерейін асырып, шаршы топтан суырылып шығу – төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесі. Туған жер топырағынан нәр алып, әке қасиеті мен ана сүтін бойына сіңірген саңлақтар қай жерде де бар. Соның бірі – Мақсат Исағабылов. Ел намысын қорғап, додаға түскен жерлесіміз «Әлем барысынан» қола жүлдегер атанды.

Мақсат дзюдо мен қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», самбо күресінен «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие. Сонымен қатар бірнеше республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Ел біріншілігінің жеңімпазы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қатысушысы.
Биыл 15-19 тамыз аралығында Моңғолияның Ұлан-батыр қаласында өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанса, Қызылордада өткен қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында қола жүлдегер және түйе палуан сайысында күміс жүлдені қанжығасына байлаған.
Мақсат бүгінде Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің қазақ күресі бөлімінде жаттығуда. Ел мойындаған шебер атануы – «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» Әділбек Серікбаев пен Болат Кенеев секілді білікті жаттықтырушылардан тәлім алуынан да болар.
Мақсаттың жүлде қоры тағы бір қоламен толыққанына әлем куә. Ел мерейін асырып, туған елінің мақтанына айналған балуанның алар асуы әлі алда.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ