» » Аламанды жерлестер жеңіспен қорытындылады

Аламанды жерлестер жеңіспен қорытындылады

Молшылық сыйлайтын күз мезгілін сүймейтіндер жоқ шығар. Берекесімен келер кезең спортсүйер қауым үшін тіпті табысты болды. Жыл сайын қазан айында бақ сынайтын ауыл спортшыларының ХХХІІІ облыстық «Алтын күз» спартакиадасы биыл біздің ауданда өтті. Орталық стадион қайта абаттанып, дайындық жоғары деңгейде ұйымдыстырылды. Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл. Спорт саласы мамандары келген қонақты қарсы алудан бастап, жарыс өтетін орынның талапқа сай болуын жіті қадағалаудан болар жұмысында еш кемшілік байқалмады. Өзге ауданнан келген әріптесіне өз үйінде жүргендей жағдай жасап, жарысқа алаңсыз қатысуын қамтамасыз етті. Жерлестер ауызбірлік пен ынтамақтын өзгелерге осылай дәріптей алды. «Өзімізде өтіп жатыр» деп еркінсімей, жеңісті қолдан бермеуге мықтап бекінді. Бәсекеде бақтың жануы – білек сыбанып, бел буып кіріскен белсенділіктің арқасы.
Спортшылар футбол, баскетбол, волейбол, қол добы, қол күрес, гір тасын көтеру, қазақ күресі, шахмат, асық, тоғызқұмалақ, көкпар, теңге алу, аударыспақ, Президенттік көпсайыс, үстел теннисінен бақ сынайтын спартакиаданың негізгі мақсаты – бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту. Дене шынықтыру мен спорт арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру. Ауыл жастарын достыққа, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.
Шараға Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған ауданынан 1000-нан аса спортшы қатысты. Салтанатты ашылуында аудан әкімі Мұса Қалдарбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.
Қай кезеңде болмасын дені сау ұлт – бәсекеге қабілетті. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағытының бірі. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Бүгінгі күні өңір спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, елдің көк байрағын биікке көтеріп жүр. Осы жылы аудан спортшылары ҚР біріншілігі мен чемпионатында – 19 алтын, 17 күміс, 19 қола медальды жеңіп алса, Әлем Кубогында 1 қола және Әлем чемпионатынан 1 күміс медальды иеленді. Ғалымжан Әбдірахманов Минск қаласында (Беларусия) өткен самбо күресінен Әлем Кубогында қола жүлдегер атанса, Айша Әділбекқызы тамыз айында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында тхеквондодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл сала мамандарының маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Ауыл спортшыларының бәсекесі 4 күнге жалғасты. Азаннан-кешке дейін көрініс тапқан жарыс көрерменін жалықтырған жоқ. Аудан тұрғындары қызықты тартысты тамашалап, «Алға!», «Бәрекелді!» деп ұрандап, бір жасап қалды. Елбасының бұқаралық спортты дамытуға берген тапсырмасының көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып жатқанына тағы бір мәрте куә болдық. Жарыс болған соң бірі – жеңеді, бірі – жеңіледі. Бірақ екеуі де адамды қайрайды, қанаттандырады. Жеңгені еңбегінің қайтқанына қуанса, жеңілгені сол деңгейге көтерілем деп талпынады.
Спартакиаданың жабылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бұқаралық спорт» бөлімінің басшысы Ғалым Сихымов сөз алды. Жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хат, дипломмен марапаттады. «Алтын күз» облыстық спартакиадасының ауыспалы туын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Толыбай Әлжановқа табыстады.
Нәтиже бойынша жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды Сырдария ауданының командасы, ІІ орынды Шиелі ауданының командасы қанжығасына байласа, біздің жерлестер І орынды жеңіп алды. Спорт бәсекесінде бағы жанғандар еңбектің қайтқанына қуанып, бір-бірін құшақтап, құттықтап жатты.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА


ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Нұрбол МЫРЗАБАЕВ,
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Спорт саласының жұмысын сарапқа салып, 7 ауданның деңгейін анықтайтын додаға жерлестер ұзақ дайындалды. Жыл сайын әр ауданда өтетін спартакиада бізде 2013 жылдан кейін биыл айналып келді. Жерлестер спорттың 15 түрінен сынға түсті. Қазақ күресі, қол күрес пен гір тасын көтеруден қай кезде де алдыңғы қатардамыз. Ал биыл аяқдоп шеберлері мен қол добынан сайысқа түскен жерлестеріміз таңдай қақтырды. Олардың үздік ойынына өзге емес, өзіміз де қызыға қарап отырдық. Жылдағыдан әлдеқайда шыңдалғанына қуандық. Бұл біздің жұмысымыздың ақталғаны, жемісін бергені.

Дәуіржан ДОСЫМХАНОВ,
№15 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің маманы, футболдан аудандағы аға жаттықтырушы:

– 2014 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналастым. «Жас келсе – іске» деп қуанған жетекшілерім сол күннен бастап-ақ маған жауапкершілік жүктеді. Спорттың ішінде футболды дамытуға күш жұмсауды сеніп тапсырды. Алаңсыз жұмыс істеуге жол ашып берді. Қолдау бар жерде жұмыс та жүйелі жүреді емес пе? Мен де аянып қалмадым. Жаттығуды үздіксіз өткізіп, үнемі алға ұмтылғанның нәтижесінде биыл футболдан облыстық чемпионатта ІІ орынға ие болдық. Ал көптен күткен «Алтын күз» спартакиадасында І орын алуымыз бірінші – әділдіктің, екінші – дайындық пен маңдай тердің арқасы. Қарсыластар осал болған жоқ. Соларға төтеп беріп, иық тірескен командамыздың бірлігін мақтанышпен айтамын.


Гүлсім ШЕРІПОВА,
аудандық аграрлы-техникалық колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

–«Алтын күз» спартакиадасына алғаш рет қатысуым. Жас келін, ана болған соң алыста апталап жүруге мүмкіндік болмайды. Өзіміздің ауданда өткен соң бақ сынауға бел будым. Мұндай үлкен додаға қатысқасын қобалжығаным рас. Жарыста өзім сабақ берген оқушыларымды, өзге аудандағы әріптестерімді көріп бір жасап қалдым. Жұмыс жайлы сөйлестік, тәжірибе алмастық. Қол добынан ақтық сында жаңақорғандық спортшыларға есе жіберіп, ІІ орын алдық. Жалпы спорттың қай түрі болсын шымырлыққа шыңдайды. Ойынға кіріскенде бәрін ұмытып кетесің. Шегінуге жол жоқ. Тек алға ұмтыласың. Ішкі тебіреніс пен толқуды сыртқа шығарып, жеңілдеп қаласың.

09 қазан 2019 ж. 875 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031