» » ЖЕҢІСТІ һәм ЖЕМІСТІ САЛА

ЖЕҢІСТІ һәм ЖЕМІСТІ САЛА

Қай кезде де Қармақшының ұландары туған жердің абыройын асырып жүр. Өйткені бұл өңір талай дүлдүлдің кіндік қаны тамған аймақ. Қазіргі таңда жыраулар мекені кіммен мақтанады? Кімді үлгі тұтады? Әрине, Еламан Ерғалиевті. Былтыр Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен "Қазақстан барысы" аламанында боз кілемнің саңлағы танылып, дүбірлі доданың жеңімпаздығын Сыр өңіріне қайтарды. Одан бөлек, Ғалымжан Әбдірахманов та талайды сүйсіндіріп жүрген спорт саңлағы. Татамиде тартынып қалмайтын Ғалымжан былтыр талай байрақты бәсекеде атой салды. Жалпы, осындай саңлақ спортшыларды тәрбиелеп, азулылар алысқан додаларға қосқан өңірдің спорт саласында қандай өзгеріс бар? Қандай қарекет байқалады?
Денешынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда 14581 тұрғын жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бұл дегеніңіз, әрбір төртінші қармақшылық жанына спортты серік етеді деген сөз. Оған да себеп табылады. Өйткені ауданда жыл өткен сайын спорттық шаралар көптеп өткізілуде. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ауданда 152 спорттық шара болып, 12018 адам спортпен шұғылданыпты. Сөзімізге дәйек болсын, Жеңістің 72 жылдық мерейтойы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың жүлдесіне арналған самбо күресінен халықаралық мемориал ХХІІ рет жалауын көтерді. Дәстүрлі додаға Беларуссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия сынды елдерден спорт саңлақтары қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан халқының дене шынықтыру дайындығын саралайтын президенттік тест сынағына барлығы 12831 адам қамтылды.
Спорт саласына қамқорлық та жыл сайын артып келеді. Өйткені бұқаралық спортты дамыту, елдің денсаулық әлеуетін арттыру үшін сылдыр саннан гөрі сапа көшуі керек. Алдымен, өңірдегі спорттық әлеуетті көтеру үшін білікті мамандар қажет. Бұл бағытта 2017 жылы 27 спорт-нұсқаушысы шаттық бірлігі бөлініп, ауқымды тірлік басталып кетті. Мәселен, нұсқаушылардың арқасында спортпен нақты айналысатындардың сан 4860-қа жетті.
Айта берсе әңгіме көп, дегенмен, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, тәртіпсіздік, қоғам тынысына кері әсерін тигізушілікті азайту үшін спорттың алар орны бөлек. Бұрындары немен айналысарын білмей алтын уақыттың қадірін жоғалтып жүрген жастар бүгінде спортқа ден қойған. Мысалы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен клубтарда 1680 жас өрен спортты жанына серік етіп, тұрақты түрде жаттығады. Атаулы нысандарда 40 жаттықтырушы жастар мен жасөспірімдерді спорттың бірнеше түріне баулуда. Демек, келешекте елін сүйсіндіріп жүрген Еламандай, Ғалымжандай тұлғалар көптеп шығады деген сенімді ұялатады.
"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" дегендей өткен жыл алдыңғыларға қарағанда қазыналы болды. Қанжығаға талай аламаннан алтын мен күміс көптеп тағылды. Аудан спортшылар Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 15 алтын, 22 күміс, 21 қола медальді еншімізге алса, Азия чемпионатында 2 қола, әлем кубогы мен әлем чемпионатында 2 алтынды олжалап мерейімізді өсірді. Солардың қатарында манадан тамсана сөз еткен Ғалымжан Әбдірахманов та бар. Ол самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегері әрі Елбасы жүлдесі үшін өткен әлем кубогының жеңімпазы атанды. Астана қаласында өткен қазақ күресінен әлем біріншілігінде асығы алшысынан түсті. Шынында мақтанарлық жайт, айтулы додаға әлемнің 40-тан астам елінен 180-ге жуық балуан қатысып, біздің Ғалымжан ақтық сынға жетті. Финалда шеберлігі басым кубалық Тарлос Исрайлмен иін тіресті. Көпшілік шынашақтай жерлесіміздің жеңісінен күмәнданған, алайда Қармақшының тумасы атойлап, жеңісті қолдан алды.
Сондай-ақ, өңірдің мерейін өсіріп жүрген Гүлмира Сахитова, Ержан Шамшатов, Ерқанат Рахметов, Мейіржан Мақшат, Бағдат Елібаев, Нұрсұлтан Көлдеев Қазақстан Республикасының спорт шебері атанса, 20 спортшы Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасы сапына алынды.
Спорт - рух пен жігердің, жүрек пен батылдықтың таразысы. Осы таразы басындағы салмақты орны бар, ел намысын жоғары қоятын спортшыларымызға тек жеңіс тілейміз.  
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

07 қаңтар 2018 ж. 1 425 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031