» » Мақсат – елдің алғысын алу

Мақсат – елдің алғысын алу

qarmaqshy-tany.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі жолдауындағы басымдықтардың бірі – елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Сол арқылы елді мекендер мен аудан орталықтарындағы жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту және ел экономикасын нығайту.

Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырып, жолдауда айқындалған бағдарламалар арқылы кәсібінен нәсібін тауып жүрген аудан тұрғындарының бірі – Әсем Сержанова.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өңірімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытушылар, оның ішінде нан өнімдерін өндірушілердің алғашқы қарлығаштарының бірі – Әсем Итемерқызы бүгінде кәсібін ұлғайтып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан білікті мамандар қатарынан саналады.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезінде көпке таныс емес жаңа кәсіпті бастаған ол «Салтанат» шағын нан және кондитерлік өнімдер цехын ашып, кент тұрғындарын нанмен, тәттілермен қамтамасыз етуді бастады.

Кәсіпкер басқарған «Салтанат» шағын кондитерлік цехында өндірілетін нан және кондитерлік өнімнің 17 түрі Жосалы кентіндегі көптеген сауда орталықтары мен балабақшаларға таратылуда. Сонымен қатар, кәсіпкер иелік ететін орталық алаңда орналасқан екі қабатты заманауи үлгідегі «Раушан» сауда орталығында гүлдер, сыйлықтар, ойыншықтар мен тұрмысқа қажетті тауарлар сататын дүкендер мен «Сән салоны», басқа да кәсіпкерлік бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы еліміз үшін қиын кезең болды. Оның ішінде, өндірісі, зауыт-фабрикасы жоқ біздің аудан халқына қиынға соқты. Мекеме, кәсіпорындар тоқырауға ұшырап, жұмысын тоқтатты. Көптеген адамдар жұмыссыз қалып, елде жаппай жұмыссыздық белең алды. Расын айту керек, отбасын асыру үшін біздер неге бармадық. Күнкөріс қамын ойлап, балашағаның болашағы үшін пойыз мініп, ел араладық. Мына жағы Арал, Қазалы, мына шеті Жалағаш, Тереңөзек тұрғындарына коржык, пряник сынды тәттілер саттық. Тіпті, олар бізге арнайы тапсырыс беруші де еді. Ол уақыттары осы өнімді ешкім шығара қойматын-ды. Бірақ, алға қойған мақсатымызға жетуде күндіз-түні тынбай еңбек еттік. Шынар Махмутова, Үрзада Бекмұрзаева, Сұлу Досниязова, Алмас Қаржаубаев, Серғали Ешниязов сынды ауданның кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қарлығаштарымен қоян-қолтық еңбек етіп, бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Тіпті, бүгінгі күнгідей ол уақытта кредит деген жоқ болатын. «Еңбек – ер атандырады» дегендей, біршама жылдан кейін кәсіпті терең меңгеру мақсатында отағасым Камалмен ойласа отырып наубайхана аштым. Аллаға шүкір, жылдар өте кәсібім кеңейе бастады. Ел-жұрт өзім басшылық еткен наубайхана өнімдеріне сұранысын кебейтті. Тіпті, нан өнімдерінің де, кондитерлік өнімдердің де түрін ұлғайтып, тапсырысты көбейттік. Ал, бүгінде ұжымда 15 маман өз ісінің шебері атанып, кент тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. Әрине, қызметкерлерімнің басты мақсаты үлгілі еңбектерімен ел ықыласына бөлену, ал менің міндетім, еңбектің берекесін келтіріп отырған жұмысшыларыма жоғары жалақы тағайындап, олардың жан-жақты жұмыс істеуіне жағдай жасау. Ұжымдастарымның әрқайсысы өзіне жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарады. Мен оларға ризамын. Өйткені, олардың барлығы наубайханада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әрине, бұл жұмыс беруші мен жұмыскер арасында жақсы қарым-қатынас, сыйластық бар деген сөз. Наубайханашы, кондитер – құрметті мамандық. Оның еңбегі де, жүрегі де адал десем жалған емес. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтып, өрісімді кеңейту жоспарда бар. Осы бір бес күндік жалғанда әрбір адам туған халқына адал қызмет етуі міндетті. Мен де туған елімнің өсіп-өркендеуіне перзенттік үлесімді қоса беремін, – дейді танымал кәсіпкер.

«Еңбек түбі – береке», – деп дана халқымыз айтқандай, өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болған Әсем Сержанованың алған асулары аз емес. Ол аудандық мәслихаттың екі шақырылымына депутат болып сайланса, бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен, сондайақ облыс, аудан әкімдерінің алғыстарымен бірге мемлекеттік және мерекелік медальдармен, салалық төсбелгілермен марапатталды.
Сала майталманы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының иегері. Астана қаласында өткен республикалық «Атамекен» және «Қанатты әйел» форумдарына Сыр бойының беделді кәсіпкерлері – Абзал Ерәлиев, Нұрмұрат Ерманов сынды азаматтармен бірге делегат болып қатысты.

Өзінің іскерлігімен, ұлтжандылығымен, өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген кәсіпкер Әсем Итемерқызы жары, марқұм Камалмен бірге үкілеп өсірген ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған бақытты ана.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ
11 мамыр 2023 ж. 383 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930