Үздік 100 мектеп қатарында
qarmaqshy-tany.kz Талай шәкіртке алтын ұя атанып, олардың өмірден өз орнын алуға қолдау көрсеткен білім ордасының бірі – Байқоңыр қаласындағы білікті сала маманы Жұмагүл Тілеуғабылова басқаратын №277 мектеп-лицейі.
Алаштың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаевтың: «...Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген сөзі талай дарын иелерін үлкен өмірге қанаттандырған осы білім ошағына берген бағасы ма деген ойға қаласыз.
Жалпы алғанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта Байқоңыр қаласы бойынша алғаш рет 2013 жылы іске қосылған орта білім беру ордасынан осы күнге дейін 22 шәкірт «Алтын белгі», 16 шәкірт «Үздік аттестат» иесі тәрбиеленіп шыққан екен. Сонымен қатар, көптеген шәкірттер халықаралық, республикалық білім, мәдениет, спорттан жеңімпаз атанып, мектеп мерейін тасытса, енді бірі әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің грантын жеңіп алып, қазақ ғылымының дамуына сүбелі үлесін қосып жүр.
Бірлігі мен берекесі тасыған ұжымның соңғы жылдардағы жетістігіне тоқталар болсақ, 2021-2022 оқу жылында осы мектеп-лицейді бітіруші 36 түлек арасынан 26 шәкірт мемлекеттік грант иегері атанып, еліміздің әр аймағындағы жоғары оқу орындарында түрлі мамандықты меңгеруде. Ал, бүгінгі күні білім ордасында 62 сыныпта 1352 оқушы білім алуда. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде түрлі санаттағы 140 ұстаз білгентүйгенін шәкірт бойына сіңіртуде аянбай еңбек етуде. Ұстаздар арасында 8 педагогика ғылымдарының магистрі, 129 жоғары білімді, 5 орта арнаулы білімді, 24 педагогзерттеуші, 38 педагог-сарапшы, 28 педагогмодератор бар.
Осындай ұйымшылдықпен жұмыс істеп келе жатқан ұжым шәкірт тәрбиелеудегі елеулі жұмыстары үшін 2015 жылы облыс басқармасы мен аудандық білім бөлімі тарапынан тағайындалған «Үздік мектеп», 2016 жылы «Үздік білім ордасы», 2018 жылы облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің «Жыл таңдауы» ісшарасының қорытындысымен «Ынтымағы жарасқан ұжым», 2019 жылы «Жыл үздігі», 2020 жылы «Әлеуметтік әріптес», 2021 жылы «Үздік идеялар жаршысы», «Жылдың үздік ұйымы», 2022 жылы «Ең үздік қала мектебі», «Озық идеялар мен технологиялар ордасы», «Білім шыңы» номинацияларымен марапатталды. Мектептің басты марапаты ол өткен жылы Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің қатарына қосылуы болды.
Тағы бір ерекше айта кетерлік жайт, облыстық білім басқармасының 20182019 оқу жылы қорытындысы аясында ұйымдастырылған облыстық байқау нәтижесімен №277 мектеплицейі «Орта білім беретін ең үздік ұйым» атағын иеленіп, 17 миллион теңгелік сертификатпен мадақталды. Әрине, мұндай жетістікке қол жеткізу ұлағатты ұстаз, бірлігі мен ынтымағы жа-расқан білім ордасындағы жемісті жұмыстардың арқасы.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп халық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, өзінің ұлағаттылығымен шәкірттеріне білім нәрін сеуіп, құрмет төрінен көрінген бірнеше ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің мадақтамасымен, Құрмет грамотасымен марапатталуы – ұстаз деген ұлы есімге лайықты екенінің айғағы. Сонымен қатар, олардың аудандық, облыстық, республикалық түрлі пәндік олимпиада, спорттық сайыс пен өнер байқауларынан жүлдегер атануы – әрине білім беру ордасы мұғалімдерінің жетістіктері мектеп мерейін тасытуда, оның аймақта үздіктер қатарынан орын алуына үлкен септігін тигізуде. Мектеп-лицейде білім алатын талантты, дарынды шәкірттер жетерлік. Олар халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық, қашықтықтан оқыту пәндік олимпиадалардан, спорттық жарыстардан, шығармашылық байқаулардан жеңімпаз, жүлдегер атануда. Атап айтқанда, өткен оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен 25 шәкірт жүлделі орынмен мадақталса, бірнеше оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Түрлі бағыттағы олимпиадалар мен байқаулардан 16 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Шәкірттер арасында ғылым бағытында да жетістікке жетіп отырғанын айта кеткен жөн. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауынан 3 шәкірт, республикалық «Зерде» конкурсының аудандық кезеңінен 10, облыстық кезеңінен 1 оқушы жүлделі орыннан көрініп, мектеп мерейін тасытты.
Оқу орнында оқушылардың терең білім алуы мақсатында өздері таңдаған пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін заман талабына сай жабдықталған оқу кабинеттері бар. Атап айтқанда, химия, физика, биология, лингафон, алғашқы әскери дайындық, тарих, екі география, робототехника, IT класс, екі информатика және технология, обсерватория кабинеті шәкірттерге жанжақты білім беруде жұмыс жасайды.
Осы ретте, айта кететін тағы бір ерекше жайт, бүгінде қоғамымызда белең алған цифрлық құзыреттілік заманында көш ілгерілеудің бірден-бір айғағы ол робототехниканың орта білім беру ордасында басталуында. Жалпы алғанда аталмыш мектеп-лицейінде робототехникамен шұғылданушы шәкірттер биылғы оқу жылында халықаралық деңгейдегі шараларға қатысып, абырой биігінен көрінді. Нақтысын айтқанда, бірқатар оқушы «Robo Fest - ORDA», VII халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық фестивалінде, «Инженерлік жобалар байқауы» фестивалінде жүлделі І орынмен марапатталса, енді бірі республикалық деңгейдегі байқаулардың аталымдары бойынша жүлделі орындармен мадақталды.
Шәкірт жетістігі – ұстаз жетістігі. Осы орайда, мектептің дарынды шәкірттері «Алтын қазына» көркем және сәндікқолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көр¬ме-байқауынан I орынды жеңіп алса, «Ұлттық нақыштағы интерьердің ерекше дизайн-жобасы бойынша өңірлік байқауда II орын иегері атанған дарынды шәкірттер республикалық деңгейде өткен жобада жүлделі орындардан көрінді.
Мектепте дебат зияткерлік ойыны да баса назарға алынған. Мектеп Парламенті «Жұлдызды қала» «Дебат» фракциясы қалалық, аудандық, облыстық қазақша, орысша, ағылшынша лигаларынан жүлделі І орынды иеленіп, республикалық «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық сайысына екі рет жолдама алды және ақтық сынға түсіп, арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Мектеп жанынан құрылған «Шуақ» театрының да жетістіктері жетерлік. Театр мүшелер түрлі тақырыптарда, тіпті түрлі ұлт тілдерінде сомдаған қойылымдар мамандар тарапынан жоғары баға алып, аудандық байқауларда көш басынан көрінді.
Енді бір ерекше айта кетерлік жаңалық – биылғы оқу жылының басында заманауи астрономиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, білім алушыларды астрономияға жақындатып, оларға телескоп арқылы аспан әлемін зерттеуге жол ашу мақсатында «Обсерватория» кабинеті жұмысын бастады.
«Адамды адам ететін – кітап, адамзат ететін – кітапхана» деген тәмсіл бар. Мектепте 30000 –нан астам қоры бар кітапхана жұмыс істейді. 2020 жылы кітапханада «Coworking» орталығы ашылып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім алушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда жұмыс атқаруда.
Мектеп-лицейдегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесіндегі тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендіруді, баланы дамытып жетілдіруді көздейтін «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобалары тәрбие үдерісіне енгізілді. Қауымдастықтың мақсаты – бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру. Қазіргі таңда мектептегі құрылған «Шаңырақ» қауымдастығы 12 әлеуметтік жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, жалпыадамзаттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіру негізінен сыныптарда өткізіліп жатқан тәрбие және «Шаңырақ» сағаттары арқылы жүзеге асырылуда.
Өткен оқу жылында «Қазақстан Республикасының үздік 100 мектебі» қатарына енген №277 мектеп-лицейі үшін табысты болды.
Әрине, бұл марапат бірлігі мен тірлігі бір, берекесі мен беделі артқан ұжым үшін үлкен мәртебе.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ