Кәсіптің көзін тапқан
qarmaqshy-tany.kz ҚАЗАҚТА АҚЫЛПАРАСАТЫМЕН, ТАПҚЫРЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІМЕН, ДАРА МІНЕЗІМЕН ЕЛ ЖАДЫНДА ЖАТТАЛҒАН АНАЛАР АЗ ЕМЕС. ӨТКЕН ӨМІРГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК, ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ АҚЫЛЫМЕН ЕЛ БИЛЕГЕНІН ҒАНА ЕМЕС, ЕҢБЕГІМЕН ДЕ ТАНЫЛҒАНДАРЫН БІЛЕМІЗ.
Ал, бүгінгі қоғамдағы әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуда. Әйелдер қауымының биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек, әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі орасан. Статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, әйелдер қауымы барлық салада жұмыс істейді. Олар отбасы, ошақ қасында ғана емес, сауда мен кәсіпте де белсенді екенін танытты.
Еліміздің кәсіпкерлік саласында да әйелдер үлесі орасан. Қаншама аналар мен қыз-келіншектер заман талабына сай сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда.
Міне, отбасы, бала тәрбиесі, сондайақ кәсіпкерлікті қатар алып жүрген аналардың бірі – Жосалы кентінің тұрғыны Рабиға Балғабаева.
Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Иіркөл ауылындағы Жайберген мен Раушан анамыздың отбасында 3 ұл, 3 қыздың бірі болып тәрбиеленген. 8 жылдық мектепті тәмамдаған соң Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білім алады.
Арнаулы оқу орнын бітіріп, туған ауылындағы мектепте алғашқы еңбек жолын бастаған Рабиға Жайбергенқызы болашақ жары Бауыржан Алтынбаевпен шаңырақ көтереді және еңбек жолын Жосалы кентіндегі №27 орта мектепте жалғастырады.
Жылдар өте жас отбасы жаңалықтармен толығып, дүниеге Қуаныш, Банумаржан есімді сәбилер келеді. Ал, 1994 жылы бақытты отбасында Мағжан есімді перзенті дүние дидарын ашқан соң кейіпкеріміздің өмірінде өзгерістер пайда болады. Оған тоқсаныншы жылдарда еліміздегі жұмыссыздық, жалақының кешіктірілу себеп болған еді...
–Тоқсаныншы жылдары мекемелерде айлық кешіктірілді, кейбір кәсіпорындар жабылып, жұмыссыз қалғандарға жұмыс табудың өзі қиынға соқты. 1994 жылы кіші балам Мағжан дүниеге келген соң, біздің де отбасымыз дағдарысқа ұшырады десек болады. Өйткені, мен баламен үйдемін, көлік жүргізушісі болып еңбек ететін отағасым жұмыссыз қалды. Содан жанұяммен ақылдаса келе сол кездері көптеген қызкеліншек сияқты теміржол жағаладым. Пойызда бәліш саттым. Кейіннен мен бұл кәсіпті одан әрі жаңғыртуға бел будым. Бәліш сатудың арты Түркістаннан, Алматы қаласы мен Қырғызстаннан азық-түлік және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті заттар сатуға ұласты. Көп ұзамай жолдасымның қолдауымен оның жемісін де көре бастадым. Сол жылдары кәсіпкерлікті ауданның ғасыр кәсіпкері атанған Шынар Махмутова апайымызбен бірге Сұлу Досниязова, Әсем Сержанова, Жомарт Жаппасбаев, Алтынбек Демесінов сынды бүгінде сала ардагері атанған азаматтар мен азаматшалармен бірге бастадым, – деді Рабиға Жайбергенқызы.
«Ынта, талап пен көңіл – кәсіптің анасы» дегендей, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда өзінің еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген кәсіпкердің еселі еңбегіне туған халқы дән риза десек артық айтқандық емес. Оның аудан экономикасын нығайту, тұрғындар әлеуетін арттыру мақсатында қосқан сүбелі үлесін көпшілік құрметпен атайды.
Кәсібінен нәсібін тауып, ауданда кәсіпкерлер, тұрғындар арасында беделі биік жан бүгінде Жосалы кенті орталығынан «Мағжан» атты азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар, оның ішінде нарық бағасынан арзан болатын ыдыс-аяқ, шаруашылыққа керекті құрал-саймандар, тұрмыстық техника сататын үлкен орталықтар, наубайхана, шағын кафе, өзі туып-өскен Иіркөл ауылынан «Раушан әже» сауда-саттық дүкенін ашып, тұтынушылар алғысына бөленіп келеді. Осы кәсіпкерлік нысандарда 40-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
– Кәсіп ашу қиын болғанымен, оның қиыншылығы жылдар өте ұмытылады екен. Расында да, алғашқы кездері қатты қиналдым. Бірақ жолдасымның, кәсіпкерлікті қатар бастаған әріптестерімнің қолдауымен басымнан өткерген қиыншылықты ұмытып кеттім. «Еңбек – түбі береке» деген. Бүгінде сол бейнетті жылдардың зейнетін көрудемін. Аллаға мың шүкір етемін, балаларым өсіпжетіліп, қолқанатым болуда. 40-тан астам өз ісінің білгірі атанған сенімді серіктерімнің арқасында кәсіпкерлігімді дамытып жатқан жайым бар. Олар менің жоспарымның жүзеге асуына қолдау көрсетіп жатса, мен де оларға қолдан келген көмегімді аяп қалғаным жоқ. Отбасында болып жатқан қуаныштарға қуана қолдау жасаймын. Пенде болған соң әрине әркімнің басынан қиыншылықтар, қайғылы жағдайлар өтіп жатады. Осы кезде олар да, мен де әрдайым бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Қолдан келген көмекті беріп отырамыз. Бұл менің басты парызым деп білемін, – дейді кәсіпкер.
Адам баласы бұл жалған дүниеге пенде болып келген соң, міндетті түрде жақсылықты істерімен жан-жағына шуағын шашып, үлкенге құрмет, кішіге ізет, түңілгеннің басын, қуанғанның шашбауын көтеру – ол парыз. Сондай жаны жайсаң, жүрегі жақсылыққа толы жандар арасында Рабиға Балғабаеваның орны бөлек.
Ол он жылға жуық уақыттан бері аудандағы 10 орта мектепте білім алатын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек 40-қа жуық осы санаттағы балаларды тегін ыстық тамақпен қамтып, демеушілік жасауда.
«Туған жердің топырағы да ыстық» дегендей, сала майталманы жыл сайын демеушілік көрсетуде көпке үлгі болуда. Өзі ыстық тамақпен қамтамасыз ететін білім ордаларында жаңа жыл, 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі, Наурыз, жаңа оқу жылы және басқа да мерекелерде, науқас балалардың шетелдерде ем алуларына, аудан орталығы мен Иіркөл ауылы тұрғындарына заттай және қаржылай демеушілік көрсетіп келеді. Сонымен қатар, өзі басқаратын ұжымда еңбек ететін қызметкерлеріне де мерекелерде де арнайы жиындар ұйымдастырып, оларға өз атынан мерекелік сый-сияпат жасап тұрады.
Бұл үрдіс дәстүрге айналған. Басшының адамгершілік қасиетіне қызметкерлер де, адал еңбектерімен кәсібінің дамуына үлесін қосып жүрген қызметкерлеріне ардақты ана, кәсіпкер, меценат Рабиға Балғабаева да дән риза.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ