» » Ұлысқа мерей, туысқа мейір сыйлаған

Ұлысқа мерей, туысқа мейір сыйлаған

qarmaqshy-tany.kz ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮРМЕН ШЫҒЫС ХАЛҚЫНЫҢ ЖЫЛ БАСТАУЫ – НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШКЕРЛЕР АЙЛАҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ДА ҮЛКЕН ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ.
Орталық алаңда таңнан басталған мерекеде ұлттық нақышта орнатылған киіз үйлерде қала тұрғындарына наурызкөже таратылып, мекемелер өнерпаздарының ұйымдастыруымен ұлтымыздың салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары туралы сахналық қойылым көрсетілді. Онда «Бесікке салу», «Құда түсу», «Тойбастар», «Тұсаукесер» және басқа қазақы салт-дәстүрлері көрініс тауып, мерекені одан әрі қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар жалғастырды.
Мерекелік шарада байқоңырлықтар мен қала қонақтары қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашаласа, Наурыз мерекесінің жоғары дәрежеде өтуіне кәсіпкерлер де өзіндік үлес қосты. Осы ретте айта кету керек, қаладағы 60-қа жуық кәсіпкер 12 қанатты ұлттық нақышта безендірілген киіз үй тігіп, тұрғындарға ыстық палау мен наурызкөже таратты.
Мерекелік шараға ҚР Президентінің арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қалалық әкімшіліктің басшысы Константин Бусыгин қалалықтарды әз Наурыз мерекесімен құттықтап, биылғы жылға қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға арналған жобалар жайында әңгіме тінін тарқатты. Ұжым өнерпаздары сахналаған «Сырға салу», «Тұсаукесер» және басқа да қазақ халқының салт-дәстүрін тамашалап, жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Барша мұсылман қауымының ұлық мерекесі – әз Наурызды ақайлықтар да өз дәрежесінде тойлады. «Достық» саябағында «Әз Наурыз – Жаңа күн» атты мерекелік шара өткізілді.
Ауыл әкімі Эльмира Қазиева және ақсақалдар алқасының төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы, әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжамал Ділекешова, Мүсірәлі Сопы Әзіз мешітінің найб имамы Нұрсұлтан Күнмырза ауыл тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, шара шымылдығын ашқан соң, ауыл әкімі мерекені өткізуге атсалысқан мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдеріне ауыл әкімінің алғыс хаты мен демеушілер тағайындаған сый-сияпатты тапсырды.
Одан әрі арқан тарту, қол күрес, қой көтеру сайыстарына ұласты. Сайыс барысында білекті еразаматтар өзара күш сынасып, мерекенің шырайын келтірді. Жеңімпаздар ауыл әкімінің алғыс хатымен және демеушілердің қаржылай сый-құрметіне бөленді.
Мереке соңында ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламалары қойылып, тұрғындарға түрлі тағамдардан наурызкөже таратылды.
Наурыз мерекесін төретамдықтар да ерекше ықыласпен қарсы алды.
Оған кент әкімі Ғалымжан Елеусінов, кент және Байқоңыр қаласының ардагерлері қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Еңбек ардагерлері мен ақсақалдары ұйымдастырушыларға ағалық батасын беріп, ризашылықтарын білдірсе, ақжаулықты аналарымыз шашу шашып, ұлтымыздың әдеп-ғұрпы жайлы әңгімеледі. Ал, жастар мерекені тамашалауға жиналғандарға өнерлерін көрсетіп, көтеріңкі көңілкүй сыйлады.
Кенттің орталық алаңына орналастырылған ұлттық нақыштағы ақшаңқан киіз үйлерде наурызкөже таратылып, ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрлерден көрініс көрсетілді. Тұрғындар арасында ұлттық ойындар сайысы өтіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауылда да жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекені ауылдағы мекемелер, тұрғындар көркейту, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізумен бастады. Биылғы жылғы Наурызды 1988-1989 жылғы туған азаматтар өз міндеттеріне алды.
1971 жылы туған азаматтар мен азаматшалардың ұйымдастыруымен «Марат Разақов» атында шағын футболдан мерекенің алғашқы күні өткен аудандық жарыс кешкілік әуез мектебінің алғашқы директоры Жалғасбек Ләпбайұлы атындағы «Ретро әндер» байқауымен жалғасты. Шара соңы ауыл жастарының би кешіне ұласты.
Келесі күні ауыл әкімі Нұрлан Ахметов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақтапберген Қосбаев сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін білдірді.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен мекемелер арасында сахналық қойылымдарға ұласқан шара одан әрі қазақ эстрадасының жұлдыздары Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жанәбілов, Бекзат Молдабергенов, «Әгугай» тобы ән шырқап, мерекенің шырайын әрледі. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен қонақтарына арнап тігілген ақшаңқан киіз үйлерде дастарқан жайылып, наурыз көже таратылды.
Наурыз мерекесі аясында қазақша күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресі, қошқар көтеру сияқты жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар демеушілер тағайындаған сыйлықтармен марапатталды.
Мереке түс ауа ауыл сыртындағы ипподромда ат жарысымен аяқталды.
Ал, Қуаңдария ауылында тұрғындардың көркейту, тазалық жұмыстарын жүргізумен басталған «Нұр себеле – Ұлыстың Ұлы күні» атты мерекелік шарасы да жоғары деңгейде аталды.
Жыл сайын ауыл тумаларының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі Наурыз тойы 1978 жылғы туғандардың қолдауымен өтті.
Екі күнге созылған мерекелік шараның алғашқы күнінде, яғни 21 наурыз күні кешке Қазақстанның эстрада жұлдызы, ҚР мәдениет қайраткері, «НұрМұқасан» тобының әншісі Нұрлан Қонысбаевтың қатысуымен және Ақсәуле Көптілеуқызының ұйымдастыруымен «Ретро әндер» байқауы, лоторея ойындары ойналып, соңы ауыл жастарының би кешіне ұласты.
Наурыз мейрамының екінші күні, яғни негізгі шарасында ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев ауылдастарын мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын білдірген соң, жиналған жұртшылық қазақтың салт-дәстүрлерінен мекемелер арасында ұйымдастырылған сахналық қойылымдарды тамашалады. Ауыл өнерпаздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан әрі ұйымдастырушылар ауыл тұрғындары мен қонақтарына алаңда тігілген киіз үйлерде дастарқан жайып, наурызкөже таратты. Сонымен қатар, қол күрестен жарыс өткізді.
Мереке ауыл сыртындағы ипподромда жүйріктер бәйгесімен өрнектелді. Тұлпарлар бәйгесінде жүлделі орын алғандарға демеушілердің бағалы сыйлықтары табысталды.

Ал, Алдашбай ахун ауылдық округінде өткен Наурыз мерекесі түрлі спорттық іс-шаралар, оның ішінде қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту, қошқар көтеру, волейбол, тай жарысымен, ауылдағы мекеме қызметкерлерінің қазақтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары туралы сахналық қойылымдары көп көңілінен шықты.
Мерекелік шарада ауыл әкімі Нұрбол Тоғызбаев, «Майлыөзек К» ЖШС төрағасы Мақсат Байтұрсынов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қартабек Айтмаханов ауыл халқын Ұлыстың Ұлы мерекесімен құттықтаса, ауыл ақсақалы Нәби ата ақ батасын берді.
Ұлысқа мерей, туысқа мейір сыйлаған Ұлыстың Ұлы мерекесі Наурыз даңғайыр ақын Тұрмағамбет ауылында да ерекше өтті.
Ауылдың орталық алаңында өткен «Қош келдің әз Наурыз» шарасында ауыл әкімі Мұрат Алдамұратов ауылдастарын мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын арнады.
Шара басында ауыл әкімі ақсақалдармен бірге көктемгі тал егу рәсімін жасады. Мерекелік шара ауыл өнерпаздарының концертімен, түрлі спорттық және ат жарыспен жалғасын тапты. Сонымен қатар, демеушілер тағайындаған Наурызкөже тарататын орындарды ұлттық нақышта безендіру номинациясы бойынша қазылардың шешімімен бас жүлдені ауылдық амбулатория ұжымы жеңіп алса, ата-әжеге арналған ұлттық киім номинациясы бойынша Әмзебек Аймаханов пен Құрманкүл Амантаева, ұлттық киім киген «Ер мен әйел» номинациясы бойынша Ұлман Сағындықова мен Әбдірахман Байменов, ұлттық нақышта киім киген «Ұл мен қыз» номинациясы бойынша Зайыровтар әулеті марапатталды. Ал, қыз-келіншектердің самаурынмен шай қайнату номинациясы бойынша І орынды ауылдық амбулатория иемденіп, мерейі үстем болды. Қазақ күресінен ұйымдастырылған жарыста Даража Мирас, Ноян Ерсұлтан, Асылбек Қуаныш, Болатбек Бейбарыс, Ерланұлы Дінмұхаммед, Артур Шалқарұлы өз салмақтарында жеңімпаз атанса, түйе палуан жарысында Нұржан Өндібаев барлық қарсыласын жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Қол күресінен Бағдат Еламанов, гір тасын көтеруде Нұржан Өндібаев, асық атуда Ерқанат Нұрлан, қошқар көтеру бойынша Дәулет Қазбаев, арқан тартуда 1996 жылғы азаматтар жеңімпаз атанып, демеушілер тағайындаған жүлдеге ие болды.
Мереке соңы тұлпарлар жарысына ұласты. Тай және тоқ бәйгелерінде жалағаштық Батырбек Нұрмахановтың жүйріктері бәйге жеңімпазы болып танылды.
Сан ұлтты саясына сыйдырған құтты мекен – ІІІ Интернационал ауылы тұрғындары да әз Наурыз мерекесін өте жоғары деңгейде қарсы алды. Мерекені тамашалауға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтарына ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов, «Достық Жер МК» ЖШС директоры Бекир Набиев құттықтауын арнап, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Интернационалдықтар мерекені тал егуден бастады. Ақсақалдардың ақ батасымен жеміс көшеттері отырғызылды. Әрі қарай ауылдық мәдениет үйінде мекеме ұжымдарының қатысуымен «Наурыз дәмі» тақырыбында түрлі ұлт өкілдерінің тағамдары жұртшылыққа ұсынылса, ауылдағы мекеме, кәсіпорындардың театрландырылған қойылымы қойылып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері арқылы ел тәуелсіздігі мен ұлт мұраты сынды ұлы құндылықтар дәріптелді. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлер «Достық Жер МК» ЖШС мен «Болашақ» ШҚ демеушілігімен қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Ал, Қармақшы ауылында өткен Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен еңбек ардагерлерінің қатысуымен ауыл шетіндегі алма баққа көшеттер отырғызылды. Мереке аясында №13 «Балбөбек» бөбекжай-бақшасы қызметкерлері бесікке салу көрінісін қойса, ауыл азаматы Тұрабай Кәдіровтің қолдауымен салынған спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Қазақ күресінен, арқан тарту, гір тасын көтеру, волейболдан жарыс ұйымдастырылып, оның жеңімпаздарына «Абыла» ауылдық корының демеушілігімен қаржылай қолдау көрсетілді. Ауыл әкімі Аяз Есқараев, еңбек ардагері Бисенбай Жүсіпбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Таңбаевтар ауылдастарына мерекелік жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Наурыз мерекесінде оған қатысушылар «Әмит ишан» мешіті асханасында жайылған наурызкөжеден дәм татып, әруақтарға арнап бағышталған Құранға қол жайды. Мерекелік шарада ауылдық клуб қызметкерлері мен өнерпаздары ауыл тұрғындарын ән мен жырға бөледі. Мұндай мерекелік шара Қызылтам елді мекенінде де өтті.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ
28 наурыз 2023 ж. 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031