» » Келешекте кім боласың?

Келешекте кім боласың?

qarmaqshy-tany.kz МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ ҮШІН АДАМ ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗІН, ӨЗ БЕЙІМІН ТАНУЫ ҚАЖЕТ. ӨЗ-ӨЗІНЕ «МЕН КІММІН?», «ОСЫ ӨМІРДЕГІ МЕНІҢ ОРНЫМ ҚАНДАЙ?», «ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРЕМІН?» ДЕГЕН СҰРАҚ ҚОЙМАЙТЫН АДАМ КЕМ ДЕ КЕМ БОЛАР. ҚАЗІРГІДЕЙ КӨПСАЛАЛЫ ӨМІРДЕ МАМАНДЫҚТЫҢ ТҮРІ КӨП.
Әрине, таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Зор ықылас, шабытпен істеген іс қана табыс биігіне жеткізе алады. Абай атамыз айтқандай, «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашан да адам қоғамдағы өз орнын жүрек таңдауымен тапқан жөн.
«Жастықта әр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тәуекел деп суға салсаң.
Еңбегің еңбектенген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң», – дегендей, осы орайда №185 орта мектепте «Кәсіби бағдар берудің» жылдық жоспарына сәйкес, 10 сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Б.Әбілованың ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – болашақты таңдау» тақырыбында мамандармен кездесу кеші өткізілді.
Кештің мақсаты – мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағытбағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу және адам өмірінде мамандықтың алатын орны мен маңызы туралы түсінік қалыптастыру. Кешке ауылдық кітапхана үйінің меңгерушісі Г.Қыпшақбаева, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Н.Байжанова, мектеп жанындағы «Ақерке» шағын орталығының тәрбиешісі А.Назыбекқызы, ауылдық аурухананың балалар дәрігері Л.Қарабисенова, мектеп директорының бейінді оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Р.Әбілғазықызы денешынықтыру пәнінің мұғалімі, жас маман М.Көшербаев, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен география пәнінен сабақ беріп жатқан мұғалім Е.Қайырбекұлы, сондай-ақ еңбек тәжірибесінен өтіп жүрген бірнеше студент қатысты.
Алдымен кеш қонақтары «Мен» стратегиясы бойынша өздерін оқушыларға таныстырды. Мамандықтарының қыр-сырын түсіндіріп, еңбек жолын қалай бастағандары туралы баяндады. Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, мамандық таңдауда қажырлы еңбек, білім, қызығушылық, бейім керек екенін айтты. Маман иелері «Менің таңбам» тренингінде өздері туралы қысқаша жазып, айтып берсе, кері байланыс жүргізе келе оқушылар мамандық таңдауда ең әуелі ата-ана, ұстаздардың көмегіне жүгініп, алдағы уақытта сұранысқа ие, заман талабына сай маман иесі болғылары келетінін жеткізді.
Қорыта айтқанда, ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі болу үшін кездесуде оқушылар айтылған ақыл-кеңестерді жадында ұстап, ілім-білім алуға барлық күш-жігерін жұмсау керегін, егеменді елдің ертеңі – болашақ маман иелері болатынына сенім білдірді.
Б.ӘБІЛОВА,
мектеп мұғалімі
18 ақпан 2023 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 272

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 369

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930