» » Асыға күткен құрылғы

Асыға күткен құрылғы

qarmaqshy-tany.kz ДЕНСАУЛЫҚ АДАМ ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОР. ҚАЗАҚ АТАМЫЗ АЙТПАҚШЫ, "ҚАЙ ЖЕРІҢІЗ АУЫРСА, ЖАНЫҢЫЗ СОЛ ЖЕРДЕ". ҚАЗІР АУРУ ДА, ОНЫҢ ТҮРІ ДЕ КӨП. АЛДА-ЖАЛДА СЫРҚАТ СЫР БЕРІП, ХАЛІҢІЗ МҮШКІЛДЕНІП ҚАЛСА, АУРУХАНАҒА МАҢДАЙ ТІРЕЙМІЗ. ОНДА МЕДПЕРСОНАЛДАР ҚОЛЫНАН КЕЛГЕН ЕМ-ШАРАСЫН ЖАСАП, НАУҚАСТЫҢ АЙЫҒЫП КЕТУІНЕ ЖАНЫН САЛАДЫ. КЕЙДЕ ОСЫНДАЙ КЕЗДЕ ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫҢ ДА ҚАЖЕТТІЛІГІ ТУЫНДАП ЖАТАДЫ.
Дәрігердің біліктілігі жеткенімен, нақты диагноз қоюда науқасты бүге-шігесіне дейін тексеріп беретін аппараттардың тапшылығы қолбайлау болып жататыны жасырын емес. Өмір болғасын түрлі жағдайлар орын алады. Күйік шалу, жол апаты, тағы басқа да күрделі жайттарда осыған дейін аудан тұрғындары Қызылорда қаласы не болмаса Қазалы ауданына жол жүріп, компьютерлік томографияға түсетін болса, бұдан былай аталған құрылғы өз ауруханамызда қызмет көрсететін болады. Бізге бұл сүйінші жаңалықты аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жандос Мирманов жеткізді.
"Компьютерлік томография қазіргі уақыттың озық технологиясы. Оны КТ аппараты деп те атаймыз. Негізгі атқаратын жұмысы – рентген секілді сәулемен жұмыс істейді. Бірақ, рентгентте көптеген патология (адам денсаулығындағы бұзылыстар, аурулар) көрінбейді. Ал, мына заманауи аппарат жақсы көрсетеді әрі айналдырып, жан-жағынан түсіретіндіктен сапасы жоғары. Науқастың денсаулығындағы бүкіл кінәратты тауып, қай жерде қандай мәселе туындап тұрғанын толығымен айқындайды. Аппарат бас, ішкі құрылыс, кіші жамбас қуысындағы ағзаларды, жедел патология кезінде, айтап айтқанда, қан құйылу, сынған сүйектерді жақсы көрсете алады", – дейді Жандос Ишанбекұлы.
Бұйырса құрылғы 10-15 күн шамасында іске қосылады дейді мамандар. Соған қарағанда аудан жұртының осыған дейін қол жетпес дүниесі болып келген КТ-ның игілігін көретін күні де алыс емес секілді.
– Науқас жандарға бұрынғыдай сыртқа жүгірудің енді қажеті болмайды. Өйткені оған өзімізде мүмкіндік болады. Мұның тағы бір тиімді тұсы – ауруханада емделіп жатқан адамдарға да пайдасы мол болмақ. Себебі, түрлі жарақатпен, ісік ауруымен, инсульт, инфарктпен түсетін емделушілер болады. Сол кісілерге дер кезінде ем-шара қабылдауға КТ өте қолайлы. Ота жасауға қиналатын едік. Жолға жарамайтын науқастар болады. Оларды жансақтау бөлімінде әбден өзіне келіп, күш жинағанша ұстайтынбыз. Сосын барып жедел жәрдеммен қалаға жеткізетінбіз. Қалай десек те, осы аппараттың қажеттілігі қатты сезілетін. Бүгінде құрылғы құрастырылуда. Әрі кетсе 2 аптаның көлемінде іске қосылады деп күтілуде.
Құрылғыны аламыз дегеннен бастап бас дәрігеріміз Бақытжан Сағилатұлы кәсіби тұрғыда жұмыс істейтін бірқатар маманды алдын ала оқытып, дайындап қойып отыр. Әзірге 1 дәрігер, бірнеше лаборант халыққа қызмет ететін болады. Құрылғы қызметі ауруханада ем қабылдайтындарға тегін. Шынымызды айтсақ, аппараттың ауданымызға келгеніне медицина қызметкерлері – өзіміз де қатты қуаныштымыз, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
04 ақпан 2023 ж. 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930