» » Тегін дәрі-дәрмек: кім және қалай алады?

Тегін дәрі-дәрмек: кім және қалай алады?

Қазіргі таңда қандай дәрі-дәрмектің де бағасы арзан болып тұрған жоқ. Одан бөлек, іздегеніңізді дәріханадан табу да оңай іс емес. Жасыратыны жоқ, кейде бір ғана дәріні сатып алу үшін барлық дәріхананы аралап кетеміз. Десе де қазір кейбір дәрі-дәрмекті тегін алуға болады. Ол үшін дәрігерлер арнайы рецепт беріп, аурухананың дәріханасына жол сілтейді. Ал мұндағы дәрілерді кім және қалай алатынын аудандық бас дәрігердің орынбасары Айдос Қайырғалиұлынан сұрап білдік.


Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 қаулысына сәйкес түрлі диагнозы бар 35 адамның тегін дәрі алу мүмкіндігі болған. Оның ішінде жүрек аурулары, қан қысымының ауруы, бронх демікпесі мен асқазан жарасы секілді ауруы бар адамдар. Бұйрыққа сәйкес дәрігерлер өз учаскесінде тіркеуде тұратын науқастарға қажетті дәріге тапсырыс беріп, СК-Фармация арқылы ауруханаға жеткізіледі.

– Жалпы биылғы жылы қолданысқа енген МӘМС жүйесінің тиімді тұстары көп. Соның ішінде ауруханадан тегін дәрі алу мүмкіндігі де бар. Мәселен, жаңа жүйе қолданысқа енгелі ағымдағы жылдың 9 қаңтарында №666 қаулыға өзгеріс енді. Оның ішіндегі дәріні тегін алатын диагноздар қатары толықты. Бұрын 35 диагноз бойынша болса, қазір 76 диагнозға көбейді. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалардың 63 диагнозы бойынша тегін дәрілер қарастырылған. Бұл диагноздар тізімінде анемия, атеросклероз және аллергия сияқты аурулар бар, – дейді аудандық бас дәрігердің орынбасары Айдос Жаналиев.

Әлем елдерінің тәжірибесінен алынған медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір тиімділігі осында. Егер сізге қойылған диагноз тізімде бар болса дәрігердің арнайы рецептісімен аурухана дәріханасынан дәріні тегін ала аласыз. Алайда дәріні жайдан-жай бере салмайды. Ең алдымен науқастың аймақтық дәрігері емдеу курсына байланысты льготтық рецепт береді. Рецептіге бас дәрігердің қолы мен арнайы мөрі қойылады. Одан кейін дәрі жеке емес, ауруханада орналасқан мемлекеттік дәріханадан беріледі. Дәріні алған емделуші қолтаңбасын қойып, телефон нөмірін қалдырады. Фармацевт науқастың рецептісін арнайы базаға енгізеді. Кейін тегін дәрі алушыға Call орталықтан қоңырау шалынып, дәріні алғаны туралы дерек сұралады. Сондай-ақ өздігімен ауруханаға келе алмайтын науқастарға тиісті дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіп беру мүмкіндігі де қарастырылған.
– Дәріханадағы барлық дәрілер заң жүзінде және беруге тиісті жандарға ғана беріледі. Яғни кез келген адамның қолына ұстата салуға болмайды, әрқайсының сұрауы бар. Мұндағы дәрілер тізімі мен жұмыс барысы арнайы органдар тарапынан тексерістен өткізіледі. Сондай-ақ аурухана дәріханасындағы дәрілер өзге жеке дәріханаларда сатылмайды. Бұл дәрілерге СК-Фармацияның ерекше логотипы мен "тегін" деген мөр қойылған. Сондықтан оларды сатуға да заң жүзінде тыйым салынады, – дейді фармацевт Гүлайым Фаизова.
Жаз айында №666 қаулы тізіміндегі диагноздар қатарына коронавирус инфекциясы да енгізілді. Жыл басында кейбір антибиотиктерге жылдық мөлшерде ғана тапсырыс беріліп, карантин кезінде ол дәрілер КВИ жұқтырған науқастарды емдеуге пайдаланылған. Енді соған байланысты ол дәрілерге тағы да тапсырыс берілді. Сондай-ақ коронавирус пен пневмонияны емдеуге арналған дәрілер де дәріханаға тапсырыс бойынша жеткізілген. Осылайша коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бірінші толқын кезінде тұрғындар өзін-өзі емдегені рас. Алайда дәрігер өздігінен емделіп, маманның тағайындауынсыз дәрілерді ішпеген жөн екенін айтты.

– Коронавирустың жеңіл түрі расталғандарға ауруханадағы дәріханадан тегін дәрі беру қарастырылған. Алайда олар өзгеге вирус жұқтыруы мүмкін болғандықтан, дәрілерді үйлеріне дейін жеткізіп береміз. Бірақ бұл вирус расталған жағдайда. Ал бұған дейінгі уақытта тұрғындар түрлі дәрі ішіп, иммунитет көтеру мақсатында антибиотиктер пайдаланып жатты. Мұның барлығын дәрігердің рұқсатынсыз жасауға болмайды. Себебі кейбір дәрілер ол адамның басқа ауруына кері әсерін беруі мүмкін. Қандай дәріні болса да қолданар алдында дәрігермен кеңескен жөн, – дейді дәрігері.
Сонымен қатар, дәрігердің берген емдеу курсын толықтай пайдаланып, дәріні түгел қабылдаған жөн. Адам өзін жақсы сезіне бастаса, ем-дом шараларын тоқтата салады. Мұндай жауапсыздықтың әсерінен қайта ауырғанда ол антибиотик немесе дәрі ағзаға әсер етпеуі, антибиотиктің күші вирусты жеңуге жетпеуі мүмкін. Сол себептен емдеу шараларын дәрігердің межелеген уақытына дейін жеткізу қажет.

Дәріханаларда сұранысқа ие болған антибиотикті де вирустың симптомды түрі кезінде ғана пайдалану қажет. Ал вирус симптомсыз болса көбірек су ішіп, дене қозғалысын арттыру қажет. Дәрігер антибиотиктерді ағзаны қуаттандыру үшін, вирусқа қарсы тұру мақсатында ішуге болмайтынын да ескертеді.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
24 қазан 2020 ж. 822 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930