» » "Коронавирус – немқұрайлықты көтермейді"

"Коронавирус – немқұрайлықты көтермейді"


Бақытжан НЫСАНБАЕВ,
амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:


ЖОСАЛЫ, 21 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Әлемді жайлаған аты жаман дерт Қазақстанға да келді. Соңғы деректер бойынша бұл індетпен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы бойынша 49 адам тіркеліп, екі ірі мегаполис карантинге жабылды. Әзірге Сыр өңірі қауіпті дерттен аулақ. "Сақтансаң – сақтаймын" дегендей, аудан медицинасының жұқпалы аурудың алдын алуда дайындығы қандай, оған дәрігерлеріміз сақадай сай ма? Міне осы және мұнан басқа да өзекті сауалдар бойынша амбулаториялықемханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевпен сұқбат өрбітетін боламыз.

– Бақытжан Сағилатұлы, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының шешімімен пандемия деп баға берілген осынау қауіпті дертке қарсы өңірде қандай шаралар атқарылуда?
– Әлемдегі және Қазақстандағы коронавирустың қазіргі ахуалы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті хабарланып отыр. Халық оның адам өміріне өте қауіптілігін біледі. Республика көлемінде осыған орай түрлі мамандардың пікірі тыңдалып, шаралар қабылдануда. Ақ халатты абзал жандар үшін ең алдымен адамның өмірі мен өмір қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Бұл тұрғыда біздің өңірде де нақты жұмыстар қолға алынды. Күдікті науқастарды қабылдауға ыңғайлы мөлшерде аудандық ауруханада біршама жұмыстар істелуде. Соның бірі – медицина қызметкерлері: дәрігерлер мен медбикелер түгел оқу сатысынан өтті. Сондай-ақ барлық бөлімшелерге дәрі-дәрмек, бір реттік бетперделер мен қорғаныш киімдерінің қорын жасақтап қойдық. Соған байланысты науқас түсіп қалған жағдайда деп жұқпалы аурулар бөлімшесінен 10 адамдық төсек орын да йындалды. Яғни айтқанда, коронавирусқа күдікпен келген науқасты қабылдауға арналған емханада сырттан кіретін бөлек есігі бар "фильтр" кабинеті жабдықталды. Осы арқылы ішке науқас келген жағдайда сырттан ғана кіргізіп қабылдаймыз. Бұл жөнінен бізде ешқандай қиындық жоқ. Барлық жағы шешілген. Қазіргі таңда бокс палаталарымыз қызмет көрсетуге даяр.
– Елімізде төтенше жағдай жариялануына орай республика көлемінде стационарлар ашуға тапсырма берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай болып жатыр?
– Бұған сәйкес, Жосалы кенті орталығындағы агроколледждің ішінен 50 төсектік стационар ашылды. Ғимарат антисептикалық препараттармен залалсыздандырылып, тазаланды. Ескере кеткен жөн, халық шатаспас үшін мынаны назарда ұстағанымыз абзал. Бұл орын – ауру жұқтырған емес, ауру адамдармен қарым-қатынаста болғандарға арналған. Инфекцияның тез тарағыштығын ескерсек, адамдарымызды осында бөлектеуіміз керек. Алда-жалда жайсыз жағдай орын ала қалса, аудан дәрігерлері мен орта буын медицина қызметкерлерінен кезекшілік қойылады. Оған нақты жоспар жасалған. Беті аулақ, болған күнде күн-түн демей біздің персоналдар дәрігерлік көмектерін аянбай көрсететін болады. Кім не істейтініне дейін бұйрықпен бекітілген. Яғни кіші, орта медицина қызметкері не істеу керек, дәрігер ше? Бәрі белгілі, әрбірі өз міндетін кәсіби деңгейде жақсы біледі.
– Бәріміз білетіндей, аудандағы емхана да, аурухана да карантиндік режимге көшірілді. Тұрғындардың қаралуы мен емделуі (коронавирус инфекциясынан бөлек) қалай болады?
– Расымен де денсаулық сақтау ұйымдары карантиндік режимге көшірілді. Соған байланысты егер үлкен кісілер (зейнеткерлер) мен мүгедектер болатын болса, оларды үйінен барып қарауға дайын отырмыз. Мұнан бөлек, 5 жасқа дейінгі балаларға да осы тәртіппен жұмыс жүргіземіз. Қалай болғанда да науқастарды мүмкіндігінше аурухана мен емханаға аз көлемде (аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана) қабылдауымыз керек.
– Басы ауырып, балтыры сыздағандарға емханаға баруға тыйым салынуда. Дәрігерлік көмек керек болғанда жедел жәрдем көмегі үйге шақырылады. Бұл ретте сіздерде маман тапшылығы сезілмей ме?
– Бұған дейін де біздегі жедел жәрдем стансасы облысқа қарайтын. Онда 2 бригада, аудан көлемінде 1 бригада жұмыс істеуде. Кенттің өзінде 3 бригада жедел жәрдем көмегін көрсетуде. Олар тұрғындардың денсаулығын қамтамасыз етуде толығымен үлгереді деп сеніммен айта аламын. Сонымен қатар ондағы дәрі-дәрмек те толығымен жеткілікті.
– Дүниені дүрліктірген инфекция әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, оған бей-жай қарау мен жеке бас гигиенасының сақталмауы себеп болуда. Осы орайда қауіпсіздік шарасын қалай сақтауға болады және тұрғындардың жеке бас гигиенасына тоқталып өтсеңіз?
– Қандай да бір адам аталған инфекцияны жұқтырған немесе коронавирустың белгілері болатын болса – жедел жәрдем шақыруға тиісті. 103 нөміріне телефон шалып, ия болмаса 1406 консультативтік органға хабарласуы керек. Өз бетінше дәрігерге келіп қаралудың қажеттілігі жоқ. Жедел жәрдемді үйінде, отбасында күтіп отыруы шарт. Жеке бас гигиенасына келетін болсақ, бұл аурудың басты талабы – осы жеке бас гигиенасын сақтау болып тұр. Әрбір жан басқа жерге барған болса, үйіне келген соң қол жуу ережесін сақтап, антисептиктерді пайдаланғаны дұрыс. Антисептик микробты тез арада жоюға ықпал етеді. Көбірек кірсабын пайдалану тиімді. Оған қоса, сәлемдескенде қолмен амандаспау да маңызды. Арақашықтықты сақтау, бетпердемен жүрудің пайдасы көп.
– Вирустың алдын алу мен таралуына жол бермеу мақсатында ел арасында нендей насихаттық іс-шаралар жүргізілуде?
– Коронавирустық инфекцияға күдікті науқасты қабылдау алгоритмі бойынша медицина қызметкерлері арасында семинартренинг өткізілді. Қабылдау бөлімі мен емдеу бөлімшелерінде келушілерге насихаттық парақшалар таратылуда.
– 100-ден аса елді әбігерге салған қауіпті дерттің алдын алуда дәрігер маман ретінде елге қандай кеңес берер едіңіз?
– Адам көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көлікте болу уақытын қысқарту, бетперде тұтыну, көшеден, қоғамдық көліктен кейін қолды, мұрын қуысын сабынмен мұқият жууға кеңес беріледі. Сол секілді аурудың белгісі бар адамдармен тығыз қарым-қатынас жасамау, үйді жиі ылғалды жинау, терезені ашып желдету, құнарлы тамақтану, асқа "С" дәрумені бар тағамдарды көп пайдалану маңызды. Жалпы саламатты өмір салтын ұстануға және ауру таралған аймақтардан келген туыстармен біраз уақытқа дейін қарым-қатынасты шектеуге кеңес беремін. Ең бастысы – ауруға күдік, күмән туған жағдайда жедел жәрдем шақырып, үйде күткен дұрыс. Өйткені коронавирус – немқұрайлықты көтермейді. Алла тағала: "Сақтансаң – сақтаймын" дегендей, отбасымыз бен Отанымыздың болашағын ойласақ – сақтана білейік, сол кезде бұл дерт те бізден айналып өтері анық.
–Әңгімеңізге рақмет, лайым солай болсын!

Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
21 наурыз 2020 ж. 692 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031