» » Еңбек – ырыстың қазығы

Еңбек – ырыстың қазығы

qarmaqshy-tany.kz «Бақыт – мен үшін адам баласының адамгершілік жасаудан ләззат алуы», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мәншүк Үсенова. Осындай мақсатты алдына қойған ол: «Арманым тәлім-тәрбие берген шәкірттерім алдағы уақытта қоғамнан өз орнын тауып, туған елінің өсіп-өркендеуіне перзенттік парызын қосса екен» дейді.

«Кәсіпті нәсіпке айналдырудағы басты қағида – қатты қалап, көңіл құлаған іспен айналысу» дегендей, бала жасынан анасы Жеңіскүлдің: «Өзің қалаған кәсіпті меңгеріп, оны өміріңе серік ет, ол сенің келешекте жейтін наның» деген өсиетін санасына сіңірген Мәншүк бүгінде білім нәрімен сусындатқан шәкірттеріне көркем еңбек пәні арқылы еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз.
Иә, талай дарын иелерін үлкен өмірге қанаттандырған құтты мекен Сырдария ауданына қарасты Айдарлыдағы орта мектепті тәмамдаған ол еңбек жолын Тасбөгет кентіндегі «Салтанат» қызмет көрсету комбинатында киім пішуші болып бастайды. Арада бірер жыл өткен соң, комбинат басшылығы жас маманға білімін жетілдіруге жолдама беріп, Алматы қаласына оқуға жібереді. Басшылық тарапынан қолдау тапқан бойжеткен Алматыдағы оқу-өндірістік комбинатында біршама уақыт білікті мамандардан дәріс алып, туған елге оралады және басшылықтың ұйғарымымен Тасбөгет кентінде мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған оқу-өндрістік комбинатында тігінші маман ретінде оқушыларға дәріс беруге жіберіледі. Осы уақыттан бастап Мәншүк Оспанқызының ұстаздық өмірі басталады.
Араға бірер жыл салғаннан кейін қармақшылық Зәкір есімді азаматпен отау құрған ол аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледжінде тігіншілік мамандығы бойынша студенттерге дәріс берсе, кейіннен No26 орта мектепке ауысып, онда бүгінгі күнге дейін шәкірттерді көркем еңбек пәні бойынша еңбекке баулуда.
«Мен мамандығымды сүйемін. Анамның айтатыны бар: «Таңдаған мамандығың – келешекте өзің жейтін наның. Өміріме серік болған кәсіп мені алға жетелеп келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі студенттік кезде кураторым Тұрсынбек Омаров, Динара Тәжібаева, Шолпан Зәкірқызы, Ләззат Қыдырбекқызы сияқты ұстаздарыма алғысым шексіз. Ұлттық нақышта тіккен киімдерім мен құрақ көрпе, қыз жасаулары олардың көңілінен шығып жататын. Тіпті, Сыр елінің өнерсүйер қауымына танылып жүрген жыршы-термеші Еркебұлан Омаров тіккен киіміме ризашылығын білдірген. Республикалық «Әнші балапан» жас өнерпаздар шығармашылығы байқауында облыс атынан қатысқан ағайынды Ислам мен Руслан Бекбосыновтар бас жүлдегер атанды. Олар да мен тіккен ұлттық нақыштағы киіммен ән салған еді», – деді ол.
Тәжірибелі ұстаз бүгінде No26 орта мектепте әріптестері, яғни Роза Еленова жетекшілік ететін «Көркем еңбек және музыка» бірлестігінің мүшелері – Мұхтар Науанов, Ақбаян Бағатова, Ләззат Әуезханова сынды өз ісінің шеберлерімен бірге өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде елеулі еңбек етуде.
«Мектепке жұмысқа келгенімде Тұрсын Түркешова деген апайыммен танысып, оның тәжірибесін санама сіңірдім. Тұрсын апай сурет салу болсын, қағаз бен түрлі тұрмыстық қалдықтардан макет, басқа да заттар жасаудың, әсіресе сурет салудың шебері еді. Бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыста болса да біз апайымызбен қатынасымызды үзген жоқпыз. Ұстаз әрдайым ақыл-кеңесін беріп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Бірлестік мүшелері де білікті деп айта аламын. Ер балаларды ұсталыққа және басқа да кәсіпке баулып жүрген Мұхтар туралы да, қыз балаға тән қасиеттерді меңгеруге үйретіп жүрген Роза мен Ләззат жайлы да, музыка пәні де біздің бірлестікте болған соң, онсыз мектептегі мәдени шара өтпейтін Ақбаян жайлы да айтар жылы лебізіміз аз емес» дейді Мәншүк Оспанқызы.
«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген сөз бар халық даналығында. Ұлағатты ұстаз осындай өнегеге толы өмірінде аудан, облыс, сала басшыларынан көптеген марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, Алматыда білім саласы қызметкерлерінің, оның ішінде көркем еңбек пәні мұғалімдерінің халықаралық симпозиумына қатысып, белсенділік танытқаны үшін «Шебер ұстаз» төсбелгісімен марапатталса, шәкірті Арай Кеңесариева екеуі бірлесе жасаған жұмысы арнайы кітапқа енгізілді.
Ұзақ жылғы ұстаздық еткен еңбек жолының нәтижесінде педагог-зерттеуші санатын меңгерген мұғалім шәкірттерін құрақ көрпе, қыз жасауы, киім пішу және тігу, биссермен, фетор матамен, алмазды мозайкамен, гобеленмен, сурет салу,тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жасауды үйретеді. Сондай-ақ, өзінің де осындай әдістер арқылы жасаған көптеген жұмыстары бар. Оның қолымен жасалған «Ақорда», «Бәйтерек», «Алтын адам» және басқа да Алматы мен Астана қалаларының ғимараттарының макеттері кабинетінің ажарын ашып тұр. Моншақпен салынған суреттері мектептің кіреберісінің сәнін келтіруде. Маман ұлтымыздың ұмыт қалған қолөнерлерінің бірі термебау станогін сатып алып, шәкірттеріне үйретуді алдына мақсат етіп отыр.
Отбасы – адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны. Осындай ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан ұлағатты ұстаз Мәншүк Оспанқызы өмірлік жары Зәкір Қонысбайұлымен бірге көтерген бақытты шаңырағында Нұрдәулет, Құралай есімді ұл-қызы өсіп келеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
21 қаңтар 2023 ж. 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930