» » Өмірін спортпен өрнектеген

Өмірін спортпен өрнектеген

qarmaqshy-tany.kz СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ҚАРМАҚШЫЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІП, ЕЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРІП КЕЛДІ. ОНЫҢ ІШІНДЕ, СПОРТТЫҢ КҮРЕС ТҮРЛЕРІ МЕН АУЫР ЖӘНЕ ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА, БОКСТАН, СОНЫМЕН ҚАТАР ВОЛЕЙБОЛ, ФУТБОЛДАН ТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ДҮБІРЛІ ЖАРЫСТАРДАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛЫП, ЖЕРЛЕСТЕРІНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТУДА.
Алланың берген дарындылығымен, қармақшылық спортсүйер қауымның құрметіне бөленген сондай спортшының бірі – Омар Шораяқұлы атындағы No30 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ғалымжан Райымбаев.
Бала жасынан спортқа әуес болып өсіп, Еркін Атабаев, Бекайдар Еркебаев сынды білікті ұстаздарынан тәлім алып өскен Ғалымжан білім ошағын тәмамдаған соң Қызылордадағы Қорқыт ата мемлекеттік университетінің «Денешынықтыру пәнінің мұғалімі» бөлімшесіне түсіп, онда бес жыл оқиды.
Жас маман 2011 жылы аталмыш жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген соң, өзі білім алған No30 орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастап, бүгінде шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда. Оған да биыл 13 жыл болыпты.
Осы жылдар аралығында Ғалымжан талай асулардан өтті.
Мектептегі еңбек жолындағы алғашқы күндерден бастап, ол ұстаздары Бауыржан Дүйсенбаев, Серік Тұрымтаев, Мұхтар Қыпшақбаев, Майра Тұрғанова, Жұлдыз Әбділова сынды өз ісінің шеберлерінен тәлім алып, абырой биігінен көрінуде. Ол мамандығына сәйкес, өміріне серік еткен спорттың волейбол түрін де жете меңгерген маман. Мұғалімдер арасында өткен аудандық, облыстық, республикалық жарыстар мен спартакиадаларда жеңімпаздар қатарынан көрініп, «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» сияқты номинацияларды иемденіп, мерейі үстем болған спортшы десек, артық айтқандық емес. Атап айтқанда, ол осы жылы республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының 15 жылдығына орай волейболдан ұйымдастырылған республикалық жарыста аймақ ұстаздарынан құрылған құрама команда сапында өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иемденді. Және де сол жарыста «Үздік спортшы» номинациясы иегері атанып, аудан мерейін тасытты.
Тараз қаласында білім қызметкерлері арасында волейболдан өткен республикалық жарыста жерлесіміз облыс құрамасы сапында өнер көрсетіп, жалпы командалық ІІ орынды жеңіп алды. Ал, Байқоңыр қаласында ҚР және РФ білім қызметкерлері арасында ҚР Тәуелсіздік күніне арналған жарыста ол тағы да жасындай жарқырап, «Үздік ойыншы» номинациясының иегері атанды.
Осындай спорттық көрсеткіштер мен шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Ғалымжан Бисенбайұлы аудандық, облыстық әкімдіктердің, салалық басшылықтардың Құрмет грамоталарымен, алғыстарымен, мадақтамаларымен марапатталды.
Бүгінде «Педагог-сарапшы» санатын меңгерген ұстаз өзі қызмет ететін No30 орта мектепте «денешынықтыру» бірлестігіне басшылық етеді. Әріптестері Бекайдар Еркебаев, Сәуле Алдабергенова, Біржан Байниязов, Қуаныш Бостанов, Алтынай Қартаңбаева, Берік Қаратаев, Рахат Сұлтанбеков, Мейірхан Данабековтермен бірге тәлім-тәрбие берген шәкірттерінің спортқа деген құлшынысын арттыруға еңбек сіңіруде.
«Туған жердің тұғыры биік» дегендей, мен өзім туып-өскен елімнің өркендеп-өсуіне азаматтық үлесімді қосуда еңбек етудемін. Бұл мен үшін мақтаныш. Сонымен қатар, менің осындай жетістікке жетуіме еңбек сіңірген ата-анам мен Роза Далабаева, Орынбек Ешбаев, Зинегүл Жалғасбаева, Гүлмира Бакирова және басқа да ұлағатты ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Олардың сенімін ақтауда аянып қалмаймын. Спортты жақсы көремін. Бұл іспен бала жасымнан айналысамын. Әсіресе, волейбол десе ішкен асымды жерге қоямын деп те айта аламын. Жетістіктерім де жоқ емес. Әріптестерім Рахат Сұлтанбеков, Бекайдар Еркебаев, Берік Қаратаев, Біржан Баяниязов, Нұржан Рахуовтармен бірге мектебімізден құрылған команда сапында аудандық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып жүрген жайым бар», – дейді жас маман.
Осындай дарын иесінің шәкірттері де ұстаз салған сара жолды таңдап, түрлі деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтар болсақ, Рақымжан Келманов, Әсет Жаңайдарұлы, Айдар Рүстемов, Ерқанат Нүркеев, Әсемай Рүстемова, Жарас Қарашолақов, Аңсат Арыстанбеков, Ұлтай Сейілова, Данияр Әбілахатов, Мұхамедияр Әбілахатов және басқалар әлемдік, азиялық, халықаралық, республикалық және облыстық дүбірлі жарыстарда топ жарып, ұстаздарының мерейін тасытуда.
Ғалымжан мамандық пен жар таңдауда қателеспеген жан. Бақытын отбасы мен өзі сүйген мамандығынан тауып, өмірін өнегемен өрнектеген жас маманның жары Гүлбаршын да орта мектепте ұстаздық етеді. Екеуінің жарасымды жанұясында Дінмұхаммед және Байбек есімді тәтті бүлдіршіндер тәрбиеленуде.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
17 қаңтар 2023 ж. 827 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 370

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 449

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930