Желаяқтар жарысы
qarmaqshy-tany.kz Жақында No250 мектеп-лицейінің спорт алаңында мектеп оқушылары арасында спорттың жеңіл атлетика түрін дамыту, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және 2022 жыл «Балалар жылына» байланысты аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жеңіл атлетикадан 2007-2008 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында аудандық біріншілік өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев жас жеңілатлеттерді ауданда Балалар жылына байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, жарыста үздік өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді.
Сонымен спортшылар асыға күткен жарыс та басталып, мәреге бірінші болып шыққан жас желаяқтар әр қашықтық бойынша өзара бақ сынасты.
Қызықты да тартысты сәттерге толы болып өткен жарыс қорытындысымен ұлдар арасында 100 метр қашықтыққа жүгірген No121 мектептің жеңілатлеті Жалғас Сұлтан бірінші болып мәре сызығынан өтіп, жеңімпаз атанса (жетекшісі Әсет Асқарбаев), 300 метр қашықтыққа жүгірген No277 мектеп-лицейінің желаяғы Нұрсадық Жеткерген де (жетекшісі Ардақ Ерсұлтанұлы) жеңімпаздар көшін бастап, абырой биігінен көрінді. Ал No30 орта мектептің шәкірті Мұхамедияр Әбілахатұлы да (жетекшісі Біржан Байниязов) 600 метр бойынша бағын сынап, жарыс қорытындысымен І орынды жеңіп алып, мектеп мерейін тасытты. Біржан Байниязовтың тағы бір шәкірті Бекзат Сәдухан (No30 орта мектеп) 1000 метр қашықтыққа жүгіруде қарсыластарынан басым түсіп, көш бастады.
Жарыс барысында қыздар арасында өткен бәсекеде 300 метрге жүгірген No183 орта мектептің шәкірті Маржан Ибраш (жетекшісі Қуаныш Садақбаев), 600 метрге жүгірген Кәусар Каган (No30 орта мектеп) жеңімпаз атанса, No183 орта мектептің жеңілатлеті Сымбат Мырзаш (Қуаныш Садақбаев) І орынға көтерілді. Ұлдар мен қыздар арасында 4/400 метр қашықтық бойынша эстафета жарысы бойынша өткен бәсекеде Әсет Асқарбаев жетекшілік ететін No121 орта баев жетекшілік ететін No121 орта мектептің ұлдар мен қыздар командасы жарыс жеңімпазы болып танылды.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ