Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып
qarmaqshy-tany.kz Ауданымыздың өркендеуіне және білім беру саласының дамуына ерекше үлес қосқан, ағарту ісіне қалтқысыз еңбек еткен бүгінгі ардақты ұстаздарымыздың еңбегі өлшеусіз.
Иә, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгілерге ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатқан ардагерлеріміздің орны ерекше. Осы ретте, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» дегендей, жуырда білікті сала маманы Мәуегүл Ерғалиева басқаратын Шоқан Уәлиханов атындағы No26 орта мектепте аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты сала ардагерлерінің қатысуымен кездесу өтті.
Мектеп өнерпаздарының ән-жыры және тақырыптық қойылымымен басталған шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесуді ұйымдастырушыларға алғаусыз алғысын айтты. Аудан әлеуетін, оның ішінде ардагерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар жайында әңгіме тінін тарқатты.
Одан әрі сөз тізгінін алған Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжаухар Раева, ардагер ұстаздар Ұмсын Омарова, Талмаш Жұмабаева, Дәмелі Жалғасбаева, Мұрсал Әбдіқасов және басқалар осындай танымдық шараны ұйымдастырушылар мен қонақтарға жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Абдазиева кездесуге қатысушыларды тәуелсіздік, жаңа жыл мейрамымен құттықтап, биылғы оқу жылында ауданда білім сапасын арттыруда білім бөлімі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер туралы баяндап, жоспарларды тізбектеді.
Келелі кездесуді мектептің жас өнерпаздары мен Баян Бағатова, Баян Маханова, Қуандық Ізкенов, Жаснұр Әліпов сынды өнерпаз ұстаздар ән-жырмен көркемдеді.
Шара соңында оны ұйымдастырушылар кездесуге қатысқан сала ардагерлері мен қонақтарына сый-құрмет көрсетті және слайд арқылы мектептің тыныс-тіршілігімен, кітапхана ұйымдастырған көрмемен таныстырды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ