» » Білек – күшті, тақым – мықты

Білек – күшті, тақым – мықты

qarmaqshy-tany.kz Елімізде соңғы уақытта ат спортының дамуына үлес қосып жүргендерді жиі кездестіріп жүрміз. Соның ішінде жүрегі алатаудай азаматтар көкпар ойынын қолға алып, ауыл-ауыл болып сайысуда. Біз қазақ жылқы десе делебесі қозатын халықпыз ғой. Кезінде ата-бабамыз жылқы жануарын ерекше қасиет санап, одан еш ажырамаған. Содан бері қанға сіңген қасиетті жоғалтпай, жылқы жаратып, көкпар шабу секілді ат спортын дамытудан еш қол үзгеніміз жоқ.

Көкпар десе ішкен асын жерге қойып, бір иығын беріп тұратын ауыл жігіттері ортамызда бар. Жақында Ақжар ауылының шабандоздары ат спортының бұл түрін қолға алыпты дегенді естіп бізде отырған орнымызда шыдай алмай сол ауылға жол тарттық. Алайда барлығымен бірдей кездесудің сәті түспеді. Дегенмен келгенімізден хабар алған шабандоз жігіттер аттарын ерттеп, арнайы киімдерін киіп, сайланып келді. Олардың айтуынша ұлттық спорт ойынын биылғы жылдың көктемінен бастап қолға алған.
– Наурызда әкемнің 80 жасын жасап, бірінші рет көкпар ойынын өткіздік. Негізі ат шаптырамыз ба деген ой келіп оған қаражатымыз жетпеген соң көкпарды ұйымдастырдық. Содан бастап осы ұлттық ойынды жалғастыруды жөн көрдік. Ауылда жылдық ас немесе туған күн өткізсе шамамызға қарай көкпар ұйымдастырып жүрген жайымыз бар. Қазір ауылда оннан аса көкпаршы бар. Одан бөлек атқа отырып жүрген жастарымыз қаншама?! Тек көкпарға жарайтын атымыз аздау болып тұр. Оның үстіне демеушіміз де жоқ. Көкпарға жылқы жарату үшін оның жем-шөбін алып беруің керек. Сол үшін осы жағынан қолдау көрсетіп отыратын демеушіміз болса дейміз. Жақында Жаңажол ауылы көкпарға шақырып, ауылдың жігіттері барып қайтты. Бұл жерде ең бастысы халықтың батасын алу. Одан бөлек ауыл жастарын көкпарға баулу. Қазір еркек мінезді жігіттер азайып барады. Жылқы адамға мінез қалыптастыратын бірден-бір жануар, – дейді шабандоз Жарқын.
Қалың доданың ортасына кіріп, серкені суырып шығаруға астыңдағы атыңның ебі болуы тиіс. Ол айтқаныңа жығылып, өзіңмен байланыста отыруы керек. Ондайда ең бірінші жылқының жүректілігі мен күштілігіне көңіл бөлінеді. Кей аттар секілді алыстан үркіген ол көкпарға жарамайды. Жарқын ағамыздың астындағы тұлпарының есімі – Сары. Ол қазір бестің үстіне шыққан. Көкпарға үйретілгеніне көп болыпты. Бүгінде ауылдағы көкпардың белді мүшелері Дархан, Алмат, Сайлау, Жанат, Нағибек, Жарқын есімді жігіттер. Қазір олар келесі болатын додаға жылқыларын жаратуда. Көкпарда атың жақсы шабу үшін жем-шөбін талғап беріп, баптауың керек дейді олар. Мәселен, Нағибек Кентаев астындағы Байторы есімді құнанына күніне үш мезгіл күш беретін бидай, ұнтақ жем, қара күріш беріп баптайды.
– Жылқының қасиетін ұққан адам оның жан дүниесін де түсіне біледі. Өзің тамақты таңдап жесең, атыңа да солай қарауың керек. Тойдырып алып шаба беруге болмайды. Әуелі таңасырып барып мінеді. Жылқыда тіл жоқ демесең адамнан қасиетті. Ол бір сағат жатып ұйықтап, қалған уақытында тұрып тұрады. Өйткені кез келген ит-құстың шабуылына дайын тұрады, – дейді ол.
Жалпы көкпар тарту жаугершілік заманда әскери машықтың қажетінен туындаған деседі. Жау арасында қалып қойған немесе жараланған әскерді тастап кетпеу үшін қолынан тартып алып шығуға осы көкпарды дамытқан. Сол үшін қазанға тасталатын серкенің салмағына да қарайды. Көкпар спорттық ойын болған соң оның өз ережесі, киетін киімі бар. Шабандоз Дархан көкпар киімін арнайы Шым қаладан алдыртыпты.
– Көкпар аттың үстіндегі ойын болған соң қауіпті келеді. Абайсызда қамшы тиіп, жарақат алуың әбден мүмкін. Мысалы бас киімнің өзі қалың материалдан тігіліп, құлағыңды жауып тұрады. Ал аяғыңа киілетін етік тізеңнен жоғары тұрады. Оның өзі аяғыңнан шешіліп қалатындай ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені аттан құлайтын түрлі жағдайлар болады. Сол кезде жылқы сүйреп кетпеуі үшін етіктен аяғың оңай шығып кетуі керек. Одан бөлек ойын барысында өкпе-реніш болмайды. Оның барлығы көкпар басталмай тұрып айтылады. Жаңа айтқандай түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бірінің қамшысы қатты тиіп немесе бірінің атына сүрініп құлау секілді болып тұрады. Міне осының барлығына кешіріммен қарап, ойынға қосыласың, – дейді көкпаршы Дархан.
Ауылдағы көкпарды әрі қарай дамыту үшін ауыл азаматтары шаруашылықтың демеуімен көкпар алаңын ашып, жер тегістеп берсе деген тілегі бар. Ат спортына ауыл жастарының қызығушылығы жоғары екенін айтады. Себебі көкпар–қазіргі жігіттердің сырғалыға айналып кетпеуіне жол бермейтін ұлттық ойын.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
26 қараша 2022 ж. 609 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031