» » » Қазақтың жаңғыруы жылқы мінуден басталады

Қазақтың жаңғыруы жылқы мінуден басталады


Абзал мен Гүлшаттың отау құрғанына тура бес жыл болды. Бірақ отбасынан сыңғырлаған сәби күлкісі естілмейді. Туыстары Гүлшатты бір емес бірнеше рет дәрігердің алдына апарды. Алайда тексерудің қорытындысы оң нәтижемен аяқталатын. Ал Абзал болса қаралуға намыстанып бой бермейді. Осылай жүріп арада тағы бір жыл өтті. Үміт оты өшкен соң әйелінен күдіктенуді қойып, кінәратты өзінен іздей бастады. Бар күшін жиып білікті дәрігердің алдына бас сұғалады. Қабағы қатулы, жасы егде тартқан ақ халатты жан күрсініп  «балам-ай, өміріңде бір рет болса да неге атқа мінбедің?» деп сұрақты төтесінен қойды. Аң-таң болған Абзал бұл сұрақтан соң біраз абдырап қалды. 
Иә, дүниеде ұрпақсыз қалу қандай қасірет десеңші. Бүгінде «вирустай» тараған бедеулік пен белсіздік – басты трагедия болып отыр. Жолын іздеп, әуре-сарсаңға түскендер қатары да аз емес. Ал сіз білесіз бе? Белсіздіктің басты себебі – ердің атқа отырмауынан екен. Мұны ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойды. Қалай деймісіз? Өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап 90 жылдарға дейін қазақ халқының саны қарқынды өскен. Сол кездегі Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлардың өмірге келгенін бағамдай беріңіз. Он құрсақ көтеріп, Батыр ана атанған әйелдер де аз болмады. Бертін келе бұл үрдіс табалдырығымызды батыстың мәдениеті аттағалы тежелді. Рухсыздандық, құндылықтар жойылуға сәл-ақ қалды. Солай ер жігіттің атқа қонуы ұмытыла бастады. Сол кездегі өмірі жылқының үстінде өткен аталарымыз белсіздіктің не екенін білмеген. Оның емі де осы – ат үстінде серуендеу. Жалпы қазақ өмірін атпен байланыстырған халық. Олай болса неге аттан жериміз?
Ат спорты кенжелеп қалған
Бағзы заманнан бері дайындығы мен шеберлігі мықты сарбаз әрдайым жеңіс шыңынан көріне білген. Ал бабаларымыз сарбаздың жауынгерлік даярлығын ұдайы жетілдіріп отырған. Яки шайқаста қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, оларды ынталандырған. Мәселен көкпарды алайық. Бұл – жауынгердің ат үстіндегі ептілігі мен тақымын шынықтыратын жаттығу. Шайқас кезінде жолдасың жараланып аттан ауса оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының тақымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осылай көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді. Жалпы ат спорты – ат үстінде орындалатын спорт түрі. Бұл спорт бізде қаншалықты дамуда? Бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында «Көкпар» ұлттық ойыны көрсетілетін. Күнделікті. Қол соғып қошеметтеген үлкен буын аз емес еді. Жанымен беріліп «ал да ал» деп тақымын қысып отыратын. Бертін келе бұл бағдарлама да көгілдір экраннан көрсетілмей қойды. Қош. Одан қалды әлеуметтік желіні шулатқан бейнебаян тарады. Мұнда қырғыз жұртында өткен көшпенді ойындағы Қазақстан Өзбекстаннан жеңілгеніне қырғыздық жігіттің қазаққа үндеуі, жекуі түсірілген. Бұл да біраз дауға апарды. Жұрт та екіге бөлінді. Бірі – біреудің бабы, біреудің бағы деді, енді бірі – дайындықтың мүлдем болмауын тілге тиек етті. Айтып айтпай не керек, уақыт өте бұл да ұмытыла бастады. Бірақ, қашан аттың құлағында ойнаған жігіттер көк туымызды желбіретпек?
Ауылда туыс ағам ерте көктем мен күз мезгілінде ұйымдастырылатын ат жарысына қатысатын. Әкесі  атсейіс болған. Жылқы баптаудың қыр-сырын үйретіп кеткен. Ұлының жасы келген соң жас жігітті қасына алды. Сондағы ойы бәйгеге қатыстыру. Қанша машықтанғанымен әлгі жігіт жарыстан соң атты суарыпты. Солай аяғына жем түскен екен. Әкесінің көзіндей болған жылқы бір ғана қателіктен көз жұмды. Бұдан біз ат спортының еріккеннің ермегі емесін анық аңғарамыз. Қазекемнің сәйгүлік баптайтыны – жылқы мінезді халыққа тән қасиет. Жалпы жылқы баптау жеңіл іс пе? Жеңіл болса неге өңірдегі ат спортының бағы жанбай отыр? Аймақтағы ат спорты Жалағаш, Тереңөзек пен Шиеліде жақсы дамыған. Әсілінде Жаңақорғанның орны тым бөлек. Себебі Қызылорда облысы құрама командасының 90 процентін жаңақорғандық жігіттер құрайды. Ал Қармақшыда бұл спорт біршама кенжелеуде. Бірақ бұл салы суға кетті деген сөз емес. Ат спортының дамуына кей ауылдың жігіттері өз үлесін қосуда. Мұны елді мекенде көп өтетін ұлттық жарыстан аңғаруға болады. Мәселен түлектердің 10, 20, 30 жылдығы мен бітіруші түлектердің соңғы қоңырауында, наурыз мерекесі мен қарттар күнінде бәйге ұйымдастырылады. Бәйге қоржынын да ауыл азаматтары қалтасынан шығарып, томпайтып қояды. Бұл үрдістің ұрпақ тәрбиесіндегі мәнін де қалай айтпаймыз?!
 Бұл ауылдағы атқа мінгендерді біз де байқадық. Бірде сол ауылдың молдасын Жосалы совхозына жеңіл көлікпен әкелгенбіз. Қайтарда Жосалыға жетпей Дүр Оңғарға аялдадық. Жаз. Ораза айы. Күннің ыстығына қарамай 10-15 жастағы балалар аттың құлағында ойнап жүр. Жөн сұрасқанбыз.  Жақында өтетін бәйгеге дайындық үстінде екен. Қуандық, қошеметтедік. Рас. Ауданда өтетін ат жарысқа жастардың талабы бар. Қатысып та талай бәйгеден олжалы оралып жүр. Десе де ат спортын дамыту мақсатында оқу пәніне қоссақ қалай болар еді? Әйтпегенде дене шынықтырудан қашқан талай бозбаланы көз көріп жүр.
«Саусақ» ойынының берер пайдасы бар ма?
Иә, саусақ деп отырғанымыз тек қолдың күшімен ойналатын ойын. Күш дейміз-ау, күшке жатпас бәлки?! Айтпағымыз жақында ғана спорт түріне енген – киберспорт ойыны. Бұл тек екі қолдың батырманы шертуі арқылы жүзеге асады. Бұған қызыққан жастар да аз емес. Тіпті әлемдік турнирге қатысып бағы жанғандар тізімі де жетерлік. Бұрын денди, сега секілді ойын аппараты бір үйде ғана болатын. Оған көрші балалар келіп жарыса ойнайтын. Сондағы «Мортал Комбат» ойынының қыр-сырын меңгеріп, функциясын дәптерге түсіретін-ді. Түрлі сан мен әріпті ойын төбелесінде қолданып, «фаталити» жасағанына мәз болады. Бертін келе компьютер қолжетімді бола бастады. Ғаламтор аз тартылғандықтан ойынды жүктеп алып, онымен біраз әуреге түсетін. Әсіресе кеңінен таралған «Контер Страйк» ойынын ауыл жігіттері жарыса ойнап, бақ сынайтын. Әлемтор да әр үйге тартылған соң бұл ойын­ды «сетевой» ойнап, түрлі жа­­рыс­қа да қатыса бастады. Солай оқуы жайына қалған бала талай сан соққаны бар. Енді бұл ойындарды спорт түріне енгізіп қойды. Сол кезде ашушаң болып, өзіне әрең келгендері қолын бір сілтесе де ойынның қоржыны қомақты екенін ести сала қайтадан машықтануға көшті. Әлемдік деңгейде бақ сынап, ел абыройын көтергісі келеді-мыс. Жалпы киберспорт пен ат спортының аражігін ажыратып көрелік.
Ат спорты бір орында тұрмайды. Ұдайы қозғалысты талап етеді. Жылқы баптау баланы сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Бастысы жануарға деген құрметін арттырады. Сондай-ақ ұлттық құндылықты бағалай отырып, баланы ержүрек, батыл, алғыр, әрі шапшаң етеді. Әлгінде айтып өткен белсіздіктің де алдын алады. Ал киберспорт ше? Бұл ойын баланың интеллектуалдық ойлау қабылетін арттырады дейді. Расымен солай ма? Қазір ғаламторды ашсаң шимайланған бейнебаяннан көз сүрінеді. Одан ғаламтордың шырмауына түскен кіп-кішкентай баланың өлгісі келетінін анық байқайсың. «Интернетсіз» өмір жоқтай. Психикаға әсер ете ме? Етеді. Ал киберспорттағы ойын уақытыңды зая кетіріп қана қоймай, «ауру» адамдай шырмауына түсіреді. Тек ойын, ойын деп жынды адамдай «дымың» қалмайды. Олай дейтініміз, атыс-шабыс ойынынан бір сәтке ұтылса ашуланған баланың сұрықсыз түрін сонда көресіз. Тәрбиелік мәні бар ма? Жоқ. Бұл баланы – қатігездікке тәрбиелейді. Ал бір орыннан қозғалмай отырған бала қалай қабілетті болады? Күні-түні ойнап, ертеңіне көз жұмғандары да бар еді ғой. Бізге бұл ойын несімен жақын болды? Ата-бабамыз қылыштың орнына «тышқан» алып, найзаның орнына пернетақтамен жауға шапқанын көрдіңіз бе?! Өкініштісі сол ат спорты емес киберспортқа көңілдің көп бөлінуі. Жаңа ғасыр талабын алға тартқанымызбен мәңгүрт болып бара жатқанымызды бір сәтке есімізге алайық.
Иісі қазаққа құлаққағыс
«Алма піс, аузыма түс» деп құр жатуды нарық көтермейді дейміз. Иә, кәсібін бастап, дөңгелеткендер қатары көп. Оның ішінде – иппотерапия ашылғанда бөркімізді аспанға аттық. БАҚ жарыса жазды. Бұл не деп таңқалғандары да аз болмады. Иппотерапия – жылқы үстінде науқасты емдеу. Әлеуметтік осал топтағы, аурушаң балаларға арналған бұл кәсіпті мақалаға арқау болсын деп жазбаққа жүгіндік. Бірақ өкініштісі бұл терапия жабылып қалыпты. Аспанға атқан бөркімізді қайта қағып алдық.
Бірде фейсбуктен Мөлдір Әнуарбек­қызының жазбасын оқыдым. Марқайдым. Жазбаның мәні мынада, Жоламан есімді жас жігіт жастайынан жылқы малын қадір тұтқан екен. Осы мақсатта ол сәйгүлік баптап, бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып та жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алған. Баптауындағы 7 сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдар) мектеп оқушыларына үйрету үшін тегін үйірме ашыпты. Жылқы десе қанымыз қозатын қазақпыз ғой. Үйірмеге жиналған қарадомалақтар қатары көп. Олардың ішінде бұрымдылар да бар екен.
Кәсіпкерлерге құлаққағыс дейміз бе, әйтеуір осы ат спортына деген үлесін тигізсе деген ниет біздікі. «Қалауын тапса қар жанар». Ұлттық кодымызды сақтап қалған да ғана болашақтың тұтқасын ұстар нағыз азамат өседі.
P.s
Ақан серінің Құлагерін білесіз бе? Сері мен жылқының арасындағы сүйіспеншілік жүрегімізді жібітті емес пе? Ақаң оған өзге аттан бөлек қарады. Арнайы құдық қаздырды, қайыңнан қора, жер астынан монша салғызды. Құлагер көз жұмғанда серінің оны күткендегі бейнесі нағыз трагедияның көкесі еді. Осыдан-ақ жылқының қазақ үшін орны тым ерекше екенін бағамдай беріңіз. «Көш – жүре түзелетінін» білсек ат спортының дамуына бір қазақтың баласындай атсалысуымыз керек. Сонда ғана  – рухани жаңғырамыз.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».

14 наурыз 2019 ж. 1 726 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031