» » Тұрмағамбеттегі диқандар тойы

Тұрмағамбеттегі диқандар тойы

qarmaqshy-tany.kz Биылғы сары күз Сыр елінің диқандарына сарқылмас ырзық-несібе ала келді. Жер-Анамыздың қармақшылық шаруаларға берген сыйы мол болды. Жаз бойы атыз жағалап тер төккен егінжай ерлері еңбегінің өтеуі қайтып, ақ күріштен тау тұрғызды.

Көктем келе белі бүгіліп, жерден несібесін теретін диқан қауымының еңбегі адалынан ақталды. Ерте көктемнен басталған диқандардың еңбегі қайтты. Егін жиналды. Қамба астыққа толды. Жаз бойы тыным таппаған шаруа кетпені бір сәт дамылдады. Енді еңбектің жемісін көрер шақ та келді. Бүгінде шаруашылықтарда дүбірлеген той өтуде. Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын дән – 2022» мерекелік тойларының бірі – Тұрмағамбет ауылында жалғасын тапты.
Таң ала кеуімнен ауыл халқы орталық алаңға жиылып, көтеріңкі-көңіл күйде тұр. Мұнда бесік арбасын сүйреген ана да, немересін жетектеген ата-әже де, ақсақалды қария, ақ жаулықты ана мен қалжыңы жарасқан жастар да жүр. Осындайда бірлігі бекем, ауызбіршілігі мол ауыл өмірін бір сәт аңсап кетесіз.
Ауылдағы «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқаратын Нұржан Пірмантаевтың шаруашылығы жоғары көрсеткішпен биылғы жылды қорытындылады. Бұл күні шаруашылықтың Сыр маржанын төкпей-шашпай жинауда күні-түні тер төккен дала диқандарының еңбегі айшықталып, құрмет төрінен көрінді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Әділ Қошалақов, аудан ардагерлері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары ел диқандарының ісіне деген адалдығы мен кәсіби шеберліктерінің арқасында бүгінгі күні ел алдында ең жоғары құрмет пен қошеметке ие болып, марапатқа лайық екендігін атап өтті. Мұнан соң Тұрмағамбет ауылының бірқатар азаматтары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ескеріліп, аудан әкімдігі және аудандық мәслихаттың құрмет грамотасымен марапатталды.
«Құтты болсын тойларың,
Іске аса берсін ойларың.
Осы тойға арнайы,
Шақырады деп ойладым.
Шақырған тойға дос келдім,
Десеңдер егер қош келдің.
Жырдан шашу шашамын,
Дей алмаймын бос келдім»,
– деп жыр шашуын ала келген Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауыл ардагері Үрліхан Өндібаева арнау өлеңін оқыды. Сонымен қатар көрші ауылдан келген өнерпаздар да әсем ән арнап, қонақтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң сахнаға көтерілген шаруашылық басшысы Нұржан Пірмантаев диқан қауымына алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.
– Биыл біз үшін табысты, жемісті жыл болды. Ала жаздай аптап ыстықтың астында, егістің басында жүрудің өзі бітпейтін бейнеттің бір көрінісі. Мұның бәрі біздің диқандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасы. Сол үшін де шаруашылықта жұмыс істейтін 150 қызметкердің барлығын сый-сияпатсыз, марапатсыз қал дырмаймыз. Әрқайсының ең бегі бағаланып, сыйақы алады. Қыс келіп, жер қатқанша шаруашылықта жұмыстар әлі де жүре береді. Қазіргі таңда келесі жылдың тыңайтқыш мәселесін толығымен шешіп қойдық. Ресей елінен 1200 тонна тыңайтқышқа тапсырыс беріп, қаржысын аударып бұл мәселені біржақты еттік. Диқандар қауымына үлкен алғысымды білдіремін. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін, – дейді шаруашылық төрғасы. Марапат иелерінің қатарында үздік бригадир Өтеген Жәрмедетов 1 000 000 теңгенің сертификатына ие болса, шаруашылықтың ең үздік астық тасымалдаушысы, механизатор Оңалбай Жәкеевке жаңа үйдің сертикатын табыстады. Озат комбайнер Болат Сәуенов пен Мұрат Қожабаевтарға 700 000 теңгенің сертификаты берілсе, жоғары өнім алған сушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мұнан өзге осы шаруашылықта еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан бірқатар азаматтарға шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.
Ала жаз бойы Сыр салысын өсіріп-баптаған еңбеккерлер де марапат биігінен көрінді. Биылғы егін жинау да жоғары көрсеткіштерге жеткен бригаданың күріш сушылары, жатка, комбайн жүргізушілері мен тасымалдаушы механизаторларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар ауылдың тазалық жұмысына жауапты Асылхан Тәуекеловке арнайы киім берілді.
Мерекелік іс-шара одан әрі спорттық жарысқа ұласты. Алдымен ауыл тұрғындары мен қонақтар Орталық алаңда жайылған боз кілемде белдесіп жатқан бала балуандардың тартысты жарысын тамашалап, кейін жасөспірімдер арасындағы өткен жарысқа куә болды. Арқан тартыс бойынша І орынды спорттық мектеп алса, ІІ орынды 1994 жылғы жігіттер, ІІІ орынды No4 бригада еншіледі. Әйелдер арасындағы арқан тартыстан "Гүлмира" тобы І орын алса, ІІ орынды "Ұлмекен" тобы иеленді. Ал ІІІ орынға "Құндызай" тобы жайғасты.
Қол күрестен ерлер арасында І орынды Нұржан Өндібаев иеленді. Білекті арулар да спорттық сайыстан қалыспады. Әйелдер арасындағы қол күрестен ауылдық мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсем Сүлейменова І орынды қанжығасына байлады. Ләңгі тебу, қол күресі, қазақша күрес, қошқар көтеру секілді сайыс түрлері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Дүбірлі тойда еңбегі еленген шаруалар да, жылды жоғары көрсеткішпен аяқтаған шаруашылықта дәстүрлі мерекені абыройлы атап өтті. Ізгілікті істері мол, бірлігі жарасқан егінжай ерлерінің тасы өрге домалап, тағы бір науқанды сәтті атқарып шықты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
26 қараша 2022 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031