» » Маңдай тердің мерейі

Маңдай тердің мерейі

qarmaqshy-tany.kz Егін жиналды. Жаз бойы тыным таппаған шаруа кетпені бір сәт дамылдады. Ерте көктемнен басталған диқандардың еңбегі қайтты. Қамба астыққа толды. Қуантарлығы сол, әр жылы мол астық алып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Мол табыс – халықтың несібесі.

Қолға қойын дәптерді қысып, диқандармен тілдесіп қайтпақ ниетте «Жаңажол» ЖШС-на қарай шықтық. Мұнда барған әр сапарымызда серіктестіктің ұйымдастырушы-программисті Серік Сапақов жадырай қарсы алады. Ауыл да бізге сондай ыстық. Қайта айналып келгің келетін, сағына қауышатұғын жер бұл.
Жаз бойы дала төсінде бел жазбай қара термен еңбек еткен шарулардың несібесі ақталды. «Алтын дән – 2022» салтанатты шарасында шаруашылықтағы екі бірдей ардагерге су жаңа автокөлік мінгізді. Оралбай Машарапов Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, «Lada Granta» автокөлігіне ие болды. Сонымен қатар науқан кезінде техникалардың көктемгі, күзгі мерзімде тоқтаусыз жүріп-тұруын қамтамасыз етіп жүрген инженер-механик Сағат Сыдыбаев та жаңа көлік мінді. Ал Ержан Серікбаев «Озат күріш өсіруші» номинациясымен марапатталды.
Құрылыс шебері. Сырт көзге оңай, айтуға жеңіл көрінгенімен біз аңғара бермейтін дүние бар. Ол – ерте көктемнен ызалы күзге дейін күні-түні сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай тері. Егіс алқабында тынымсыз тірлігімен үздіктер қатарында жүрген жанның бірі – Оралбай Машарапов. Ол алғашқы еңбек жолын 1977 жылы Жаңақалада бастайды. Бертін келе Жаңажолдағы шаруашылыққа ауысып осында гидротехник, құрылыс шебері болып еңбек етеді. Қазірде осы шаруашылықта құрылыс істерін жүргізуші. Ол өзінің 45 жылын осы егінжайға арнаған майталман маман.
Дала еңбегі оңай шаруа емес. Бұл темірдей төзім мен тынымсыз еңбекке үйретеді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін кетпенін иығынан тастамай жүретін шаруалардың еңбегі адал-ақ.
– Оралбай аға – өз ісінің маманы. Жұмыстан шаршаған уақытын байқаған емеспіз. Өйткені, ол қасиетті қара жердің қадірін түсінеді. Оған жүктелген міндет аяқсыз қалған емес, осыған дейін өзі егіс даласының құрылыс жұмысын жүйелі жүргізіп келеді, – дейді ұжымдас іні-бауырлары.
Жары Меңтай та ұзақ жылдар бойы есепші болып қызмет етіп, қазіргі уақытта зейнеткерлікке шыққан. Екеуі 4 баланы өсіріп, тәрбиелеп, құтты орнына қондырған. Қыздары Индира, Гүлжанат, Меруерт тұрмысқа шығып, бір үйдің түтінін түтетіп отыр. 4 баланың әкесі, немерелерінің сүйікті атасы ұрпағының жастайынан еңбекпен біте қайнасқанын қалайды. Маңдай термен келген нанның дәмі тәтті екенін әрдайым оларға айтып келеді. Әке берген тәлімнен қанаттанған ұлы Бауыржан осы ауылдың су мекемесінде оператор болып жұмыс істейді.
– Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем болады. Біз мезгіл таңдамай, күні-түні еңбек етеміз. Әрине ұзақ жыл еңбек етіп, соның жемісіне республикадан кеудеме төсбелгі тағып, серіктестік көлік мінгізіп жатыр. Бұл мен үшін мәртебе, – дейді қуанышын жасырмай.
Техниканың тілін тапқан. «Еңбегің қатты болса, тапқаның тәтті болады» дейді. Ал адам өмірінің алтын арқауы осы маңдай тер, табанақы, адал еңбекпен өріледі. Тек еңбекпен ғана жеміс өнеді, тек еңбек қана бар қиындықты жеңеді. Ала жаздай аптап ыстықтың астында егістің басында жүрудің өзі бітпейтін бейнеттің бір көрінісі емес пе?!
Қазақ «Жүзі жылыдан түңілме» дейді. Кей адамды бір көргендегі алған әсерің алдамайды. Ішкі жан дүниесі жанарынан көрініп тұрады. Бойындағы бар болмысын жасыру мүмкін емес. Сағат Сыдыбаев та сондай жан. Артық сөзге жоқ, байсалды қалпын «ә» дегеннен-ақ аңғардық. Оның жылы шырай танытқаны бір көрген адамды бірден баурап әкетеді екен.
Ол «Жаңажол» ЖШС-да механик болып жұмыс істейді. Ала жаз бойғы еткен еңбегіне шаруашылық автокөлік сыйға тартқан. Жаңа көліктің тізгініне отырғандағы қуанышы жүзінен де байқалып тұрды.
Кейіпкеріміз қырық жылдан аса шаруашылықта еңбек етіп келеді. Еңбекке ерте араласқан ағамыз орта мектепті бітірген соң шаруашылықта жұмысшы, механизатор, дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бүгінде шаруашылықта механик.
– Негізі жұмысымыз – бұзылған техникаларды жөндеп, қалыпқа келтіру. Мұндайда техника тілін білу міндетті. Әйтсе де оған күтім керек, сонда ғана техника сенің сеніміңді ақтайды, – дейді ол.
Сағат ағамыз – өз жұмысына берілген көпшіл азаматтың бірі. Жұмысқа епті, мінезі де жайлы. Мұны серіктестіктегілер де жақсы біледі.
Жары Қарлығаш екеуінің Бақтияр есімді ұлы бар. Қазірде ол Алматы қаласында жұмыс істейді.
Диқан дидары. «Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, биыл аудан диқандарының егіні бітік. Алты ай бойы дала төсінде тер төккен азаматтардың бейнеті мол. Осындай мехнатты шаруаның шырайын кіргізіп, күріштен өнім алуда үздік болған Ержан Серікбаев «Алтын дән – 2022» мерекелік шарасында марапат биігінен көрінді. Ол биыл 75 гектарға дән сеуіп, 96 центнерден өнім алды. Сондықтан, диқан қауымның еңбегін бағалап, мерейін асыратын күзгі тойда мінбердің алтын тұғырынан көрінген күріш озатын дәріптеп, әңгімелесуді жөн көрдік.
Жастайынан еңбекке ерте араласқан Ержан Сәулебекұлы шаруашылықта жүріп шыңдалды. Еңбекке құштар азамат өзінің ептілігі мен жауапкершілігінің жоғарылығын биыл дәлелдеді. Қажырлы талпыныс, ерен еңбексүйгіштігінің арқасында биыл үздік атанды.
– Шаруашылықта еңбек еткеніме 30 жылға жуық уақыт болды. Осы жыл ішінде түсінгенім, күрішпен тілдесе білсең ғана табысқа жетесің. Яғни, бабын тапса Жер-Ана да несібесін аямайды. Әрбір күрішші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді, – дейді әңгіме арасында.
Ержан өмірлік жары Эльвирамен 1 ұл, 2 қыз тәрбилеп отырған қамқор әке. Ерболы – егістікте жұмысшы. Мұнан бөлек көкпар тартатын қасиеті бар. Үлкен қызы Арайлым тұрмыста, Алматы қаласында тұрады. Ал кенжесі Азалия мектепте 9 сынып оқиды.
Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, берекелі шаңырақтың тұтқасын ұстап отырған отағасы түйір нанның нәпақасы маңдай термен келетінін балаларының санасына сіңіріп келеді. Әке арманы да осы, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу.
Нағыз диқан болу үшін тынымсыз ыждаһат керек болса, ал күрішші болуда одан екі есе ынта керек дейді кейіпкеріміз. Иә әрбір дән диқан үшін тер тамшысы болып көрінетіні бар емес пе?! Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық.
Түйін. «Көктемде жерге түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» деуші еді. Ала жаздай тырбанып, жер тырнаған диқандар тағы бір жемісті жылды артқа тастады. Жер тырналасаң, қолыңды құр қайтармай несібеңді үйіп төгеді. Мұның дәлелі жоғарыда біз сөз еткен еңбеккерлер. Әсілінде олар – құрметке лайықтылар. Иә бүгін ырзығын жинап алған ел де, құрметке ие болған еңбек иелерінің де көңілі мәз-мейрам.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
24 қазан 2022 ж. 1 802 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 251

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 352

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930