» » Береке мен молшылық мерекесі

Береке мен молшылық мерекесі

qarmaqshy-tany.kz КҮЗ-БЕРЕКЕ АЙЫ. АЛА ЖАЗҒЫ ЕҢБЕКТІҢ ЫРЫЗДЫҒЫ КӨРІНЕТІН МЕЗГІЛ. БИЫЛ ДА СЫР ЕЛІНІҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІМДЕ АҚ МАРЖАНЫН ТӨКПЕЙ-ШАШПАЙ ЖИНАП АЛЫП, ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ. ДИҚАН ҚАУЫМНЫҢ МЕРЕЙІН ТАСЫТҚАН "АЛТЫН ДӘН - 2022" САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРАСЫ НАРТАЙ БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ӨТТІ.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев егінжай құтқарушы жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бірқатар озаттарын марапаттады.
«Біздің облыс еліміздің күрішке деген қажеттілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемде күріш шығарылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөз нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Осы орайда диқаншы қауымның ұсыныс-тілегін ескере келе Президентіміздің пәрменімен күріш егісін 78 600 гектар көлемінде қалдырдық. Даланың дана диқаны Ыбырай Жақаев «Егініне қарап – қырманы, күтіміне қарап – түсімі» деген. Күрделі жағдайға қарамастан күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған «Ақтөбе и К», «Жаңажол», «Абзал и К», «Мағжан и К», «Ақжарма и К», «Ақжарма – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім алған күрішші-звено жетекшілерін мақтан тұтамыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін», – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.
Енді бір айта кетерлік ерекше жайт, биыл Сыр елінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен аймақтағы ірі шаруашылықтар елді мекен тұрғындарына арнап 10 және одан да жоғары гектар егістік алқапқа түрлі бақша өнімі және картоп егуге жұмыс жасады. Соның нәтижесінде 6802 отбасы 1833 гектар жерге түрлі бақша дақылын орналастырып, айтарлықтай өнім алды.
Аймағымыздың дала дарабоздарына арнап ұйымдастырылған дәстүрлі салтанатты шарада аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан сала майталмандарына «Қызылорда облысының құрметтi азаматы», сондай-ақ саланың бірқатар үздіктеріне облыс әкімінің құрмет грамотасын, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды.
Жыл қорытындысымен сала бойынша топ жарған озаттарға, оның ішінде біздің аудан бойынша «Егін шаруашылығы» номинациясымен 1500 гектар күріштің әр гектарынан 72,2 центнерден өнім алып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудегі жоғары жетістіктері үшін білікті басшы, сала майталманы Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» ЖШС облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» номинациясымен марапатталып, І орынды иеленсе, 56 гектар күріш егіп, өзіне міндеттелген күріштік алқаптың әр гектарынан 86 центнерден өнім алған «Жаңажол» ЖШС сушысы Ержан Серікбаев, маусымда 35000 центнер астық бастырған «Тұрмағамбет» ЖШС комбайнері Болат Сәуенов және 700 гектар астық орған «Ораз ахун ЛТД» ЖШС жаткисі Талғат Саметов үздіктер қатарынан орын алды.
Салтанатта «Жаңажол» ЖШС инженері Оралбай Машарапов Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, «Лада» автокөлігіне ие болса, науқан кезінде техникалардың көктемгі, күзгі мерзімде тоқтаусыз жүріп-тұруын қамтамасыз етіп, жауапкершілікпен еңбектің ерен үлгісін көрсеткен «Жаңажол» ЖШС инженері Сағат Сыдыбаев пен 50 гектар күріштің әр гектарынан 80 центнер өнім жинап мерейі үстем болған «Ақжар» шаруа қожалығының сушысы Ғалымжан Әбенов автокөлік мінді.
Мерекелік іс-шара ертесіне облыс әкімдігінің қала тұрғындарына арнап дәстүрлі «Алтын дән – 2022» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне ұласты.
Ала жаздайғы ризық несібесін жерден терген дала диқандарының 1000 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа нарықтан төмен бағада сатылды.
Қармақшылық диқан қауымның қала тұрғындарына арнап өткізген жәрмеңкесінде 56 жүк автокөлігімен 171 тоннадан астам өнім түрі жеткізілді. Оған 31 тонна күріш, 1,3 тонна ет және 3 тонна балық пен 120 тонна бақша өнімі, 40 литр сүт, шұбат және 200 келіге жуық кондитер өнімі қойылды.
Жәрмеңкеде қала тұрғындарына білікті сала майталмандары – Орынбасар Төлепов, Жомарт Жалғасбаев, Нұржан Пірмантаев, Нұрлан Іздібаев, Бекир Нәбиев басқаратын аудандағы ірі шаруашылықтар мен басқа да шағын шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін нарық бағасынан төмен ұсынып, ризалыққа бөленді. Оның ішінде қала тұрғындарының күріш пен бақша, картоп пен балық, ет өнімдерін сатып алуға деген ынтасы зор болды.
Күз мезгілінің берекелі жәрмеңкесін асыға күткен қала тұрғыны Исатай Тайманов та сол алғыс білдіргендердің қатарында. «Негізінен мен қармақшылықпын. Бірақ Қызылорданың Белкөліне қоныс аударғаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Бүгінде осы өңірде өсіп-өнудемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, ауылдан қол үзген жоқпыз. Барып тұрамыз, жыл сайын жерлестерімнің ұйымдастыруымен өтетін жәрмеңкеге келіп, нарық бағасынан төмен картоп, жуа, қауын-қарбыз, тіпті немерем сүйіп жейтін асқабақты, ел брендісі – күрішті сатып аламыз. Малы барлар жем-шөппен азығын қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз – қалалықтарға көп көмек» дейді ол.
Тағы бір қала тұрғыны Несібелі Көптілеуова да алғысын жеткізіп жатты. «Қала тұрғындары үшін жәрмеңке үлкен қолдау. Мен де осы күнді асыға күтіп, өзіме керегімді сатып алып отырған жайым бар. Адам баласына күнделікті қолданатын азық сатып алдым. Әрине, күріштің де бағасы арзан екен. Жәрмеңкедегі ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы көкейге қонымды. Бастысы сол» дейді ағынан жарыла.
– Биыл қармақшылық ауыл шаруашылығы саласы мамандары егістік алқапқа бақша дақылымен қатар Сыр маржанын төкпей-шашпай жинау да үлкен жауаптылық танытты. Бұл іс-шара олардың ерен еңбегіне сай құрмет көрсетілген ерекше күн болды. Осындай толағай табысқа толы береке мен молшылық мерекесі «Алтын дән – 2022» салтанаты аудан диқандарының облыста үздіктер қатарынан көрініп, мерейлерін тасытты, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, диқан қауыммен және ардагерлермен жүздесіп, игі іске қолдау көрсеткендерге алғысын айтты.
Жәрмеңкеде аудан өнерпаздары ән-мен жырдан шашу шашты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
18 қазан 2022 ж. 471 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 253

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 353

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930