» » Алтын дән мерекесі тойланды

Алтын дән мерекесі тойланды

qarmaqshy-tany.kz  Жаңажол ауылдық округінің тарихы тереңде. Бірнеше майда шаруашылықтан құралған елді мекенде бірлік пен береке салтанат құрған. Осы ауылдағы «Жаңажол» ЖШС ауыл тұрғындарының денін жұмыспен қамтып отыр. Серіктестікті бұған дейін Кәрімберді Жақанов, Болатбек Сүлейменов, Қылышбек Әбішев сынды қайраткерлер басқарса, бүгінде шаруашылық тізгінін облыстық мәслихат депутаты, меценат Орынбасар Төлепов қолға алған. Серіктестік биыл да аймақ бойынша үздіктер қатарынан көрініп отыр.

Күз – молшылық пен береке мезгілі. Ерте көктемнен ала жаз бойы егін даласында тынбай еңбек еткен диқандардың төккен термен несібе теретін шағы. Бұл күні дала төсінде дүбірлеген еңбек саябырлап, қамбаға алтын дән жиналып болды. Су тапшылығына қарамастан диқан қауым өзіне бекітілген міндетін орындап шықты. Дәстүрге сай қоңыр күзде жыл сайын ауыл орталығындағы Орталық алаңда ұйымдастырылатын егін жинау науқанының салтанатына жиналды.
Биыл шаруашылық өзіне бекітілген 3000 гектар алқапқа Сыр салысын орналастырып, одан мол өнім алса, 365 гектарға егілген бидайдан, 5 гектар картоптан, 2 гектар көкөністен, 30 гектар жүгері мен 50 гектарға егілген қант құмайынан да айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Ал 1805 гектар егістік алқапқа орналастырылған ескі және жаңа жоңышқа бойынша жемісті еңбек еткен шаруашылық ауыл тұрғындарын мал азығы – шөппен қамтамасыз етті.
Осындай тарихы тереңді бойлаған, жылдағыдай мол өнімге қол жеткізуде мерейі үстем болған серіктестіктің диқан-механизаторлары егін жинау науқанын қорытындылау мақсатында облыс, ауданда өткен «Алтын дән – 2022» мерекелік іс-шарасында еңбектері бағаланып, егінжай ерлері көш басынан орын алса, мұндай салтанат жақында Дүр Оңғар ауылында «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен дала дарабоздарының еңбегін еселеуде дүбірлі жиын өтті.
Онда ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқанов егінжай ерлеріне құттықтау сөзін арнап, Республика күніне байланысты өңір экономикасын нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Содан соң шаруашылық басшысы Орынбасар Төлепов биыл серіктестік бойынша атқарылған жұмыстар мен жетістіктер жайын әңгімелеп, егін егу мен жинау маусымында өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, мерейі үстем болған озат мамандарды марапат төріне шақырды.
Атап айтар болсақ, алдымен ұзақ жыл осы шаруашылықта ерен еңбегімен ел алғысына бөленген Оралбай Машарапов пен Сағат Сыдыбаевқа автокөлік кілтін тапсырса, егіс бригадалары бойынша Сағат Әбжәлиев басқаратын No3 егіс бригадасына, күріш сушысы арасында 74 гектар күріштіктің әр гектарынан 82,5 центнер өнім алған No3 бригада сушысы Бақдәулет Серікбаевқа мадақтама хатын тапсырып, қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар, үздік көрсеткіш көрсеткен Ардақ Қосжанов пен Анарбек Шарапатов, Тұрсынбек Досанов пен Нұрдәулет Әбутәліп және Нұрдәулет Қанатұлы сый-құрметке бөленсе, үлгілі істерімен жетістікке қол жеткізген Данабек Шахкөзов, Нұрлыбек Адамқайыров сынды тасымалдаушылар да озаттар төрінен көрінді. Шаруашылық әкімшілігінің шешімімен «Үздік агроном», «Үздік құрылысшы», «Үздік аспазшы», «Үздік картоп өсіруші», «Үздік маман» сияқты аталым иелері де құрметке ие болды.
Шаруашылық басшысы Орынбасар Төлепов салтанатты шарада ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан басқа да сала мамандарын сый-құрметтен құр қалдырмады. Атап айтар болсақ, ауылдағы денсаулық, білім, тәрбие, спорт пен әкімшілік, мәдениет саласы бойынша үздіктерге, ауыл дамуына, оның ішінде жеке тұрғын үй ауласы мен үйінің келбетін ерекше етіп әрлеген ауыл тұрғынына сый-сияпат тапсырды. Еңбек ардагерлері де елеусіз қалмады.
Алтын дәннің қамбаға құйылғаны – ел қолына ырыс пен несібенің қонғаны. Кетпенін арқалаған қазақ халқы арғы-бергі уақытта талай табысқа қол жеткізді. Жер қойнауынан бітік егін өсіріп, еңбек тұғырынан көрінген аға- апалардың ерлігі қашанда ұрпаққа өнеге. Бірлігі мен ауызбіршілігі қатар келе жатқан Дүр Оңғарда өткен мереке одан әрі спорттық шараларға ұласты.
Ауыл тұрғындары мен қонақтар Орталық алаңда жайылған боз кілемде алдымен жасөспірімдер арасында өткізілген жарысты тамашалады. Боз кілемде өнерімен көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған балуандар күрес түрін насихаттап, одан үздік шыққандары финалда белдесті және оның нәтижесімен Ислам Қартаңбаев жеңімпаз атанса, қалған екі жүлделі орынды Арман Найзабеков пен Асхат Сәбитов бөлісті.
Ересектер арасында түйе балуандар белдесуі ұйымдастырылып, тартысты белдесу қорытындысымен түйе балуан атағын Қалдан Тиышбеков жеңіп алса, қалған жүлделі орындарға Темірлан Қуантаев пен Арнұр Қожабеков ие болды. Арқан тарту сайысында No107 мектеп ұжымы жеңімпаз атанса, гір тасын көтеруде Азамат Жақыповтың мерейі үстем болды.
Осы ретте ерекше айта кетерлік жайт, Дүр Оңғарда білекті қыз-келіншектер де қол күресі сайысына қатысып, спорттың осы түрін насихаттап жүргенін білеміз. Осы орайда қыз-келіншектер арасында өткен сайыста барлық қарсыласын оңай жеңген Мөлдір Құдайбергенова жеңімпаз деп танылып, демеушілер тағайындаған қаржылай сый-сияпатты иеленді.
Ал түстен кейін жұртшылық назары ауыл сыртында орналасқан ипподромға ауды. Өйткені онда шаруашылықтың қолдауымен ат бәйгесі және көкпар тарту жарысы ұйымдастырылды. Алдымен сөреге жиналған 6 тай 2,5 шақырым болатын 4 айналымдық бәйгеге шығып, оның қорытындысымен мәре сызығын бірінші болып кескен дүроңғарлық Күзенбай Бибазаровтың, шабандоз Мұхамедияр Даниярұлы мінген «Күрең Бастауы» бас бәйгені жеңіп алса, ІІ орынға тағы бір дүроңғарлық атбегі Жақсылық Қаукеновтің, шабандоз Дінмұхаммед Тәңірбергенов мінген күрең қасқа «Желжирені», ІІІ орынға Тиышбек Адамқайыровтың, шабандоз Нұрдидар Сәрсенбай мінген «Сыйлық» атты күрең төбелі көтерілді. Ал тоқ бәйгеге бес сәйгүлік 2 айналым болатын жарыс жолына шықты. Оның да қорытындысымен мәреге бірінші болып келген Ақтөбе ауылының шабандозы Дінмұхаммед Айболұлының тұлпары жеңімпаз атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Ауыл ипподромында ат бәйгесін тамашалауға жиналған жұртшылықтың назары алаңға шыққан көкпар тарту сайысына ауысты. Сайыс барысында салым қаржысы көбейіп, бірі 10 мың, енді бірі 20 мың тігіп, көкпардың көркін қыздырды. Сөйтіп ауданда ұйымдастырылған көкпар сайысы жоғары деңгейде өтіп, ұлттық спорттың абыройын асқақтатты.
«Еңбек еткеннің еңсесі биік» дегендей, ауыл диқандары биыл күріштен мол өнім жинап, мерейі үстем болды. Қол жеткен табыстың барлығы да үлкен еңбек пен ізденістің нәтижесі. Молшылық мерекесі күні думанды тойдың жалғасы ретінде ауылдың әрбір тұрғыны өз шаңырағында мерекелік ас мәзірін дайындап, үлкендердің ақ батасын алды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
06 қараша 2022 ж. 351 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031