Ұстаз салған сара жол
Зарипа Жаппарқызы – білім саласында 38 жыл қызмет етіп, абыройға бөленген ұлағатты ұстаз. Соның ішінде 22 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болса, 9 жыл Тұрмағамбет ауылындағы No29 орта мектепке басшылық еткен.
Жиырма екі жасында мектепке имене кірген жас мұғалімді шығармашылық ізденістер, үлкен еңбектер күтіп тұр еді. Сол кездегі еңбек өтілі толысқан, білікті ұстаздарға қарап таңданыс білдіргені әліге ұмытылған жоқ. Уақыттың сырғып өткенін бүгінде өзі де байқамай қалғандай. Ұзақ жылғы талмай еткен еңбек жас мұғалімді шыңдап, шынықтырып, одан мықты басшы, ұлағатты ұстаз шығарды. Ұстаз болып қана қоймай, ұжымы мен мектеп оқушыларының анасындай дәрежеге жеткізді. Ізденген, талпынған еңбегінің арқасында көптеген жетістікке жетіп, талай шәкірттің жұлдызының жануына, жарқырауына жәрдемін тигізді.
Зарипа Тасымованың ұжым мүшелері мен шәкірт жүрегіне жол таба білуінің басты сыры – оның шығармашылық ізденісінде, адалдығы мен адамгершілігінде жатыр деп айта аламыз. Ұжымда педагогтарға рухани күш-қайрат бере жүріп, солардың алдында өзінің еңбекқорлығын, ізденімпаздығын көрсете білсе, әркез жас шәкірттердің ортасынан табылып, қым-қуыт тапсырма мен шығармашылық шаруаның арасынан уақыт тауып, балаларды шабыттандыратыны – кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін іс. Оның білім саласындағы еңбегі ескерусіз емес.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін» алғыс хатын алса, 2015 жылы «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын жеңіп алды. 2017 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрмет грамотасымен марапатталса, келесі жылы білімді шәкірт тәрбиелегені үшін облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының алғыс хатына лайық деп танылды. 2018 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының дарынды да ізденімпаз шәкірт тәрбиелегені үшін мадақтамасына ие болса, 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын білім беру ұйымдарының педагогтары мен білім алушылары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дарынды оқушылардың қабілетін айқындау, дамыту» жобасы аясында «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» атты байқауға қатысып, І дәрежелі дипломмен, төсбелгімен марапатталады. Сондай-ақ «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» атты республикалық байқаудың материалдар жинағына енді.
Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз үшін мектеп оқушыларының тәрбиесі мен білімі басты орында тұрады. Осындай орасан еңбектің жемісі іспеттес болған жетістігінің бір парасы жоғары бағасын да алып үлгірген. Атап айтқанда «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымдастырған «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Таңғалдырған таңғажайып таланттар» өнер фестиваліне қатысып, дарынды шәкірттер дайындағаны үшін алғыспен, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бергені үшін «Лидер образование» медалімен марапатталған. Халықаралық «Мәңгілік ел – Қазақ елі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында да жасаған баяндамасы жинаққа еніп, мерейі тасыған жайы бар. Одан бөлек Қызылордада өткен «Отансүйгіштік және азаматтық тәрбие беру жағдайы мәселелері және шешу жолдары», Түркістанда өткен «Асқақ рухты – қазақ хандығы» тақырыбындағы халықаралық танымдық ғылыми-практикалық конференциясында жасаған баяндамалары лайықты бағасын алып, энциклопедиялық жинақтарға енгізілді.
Бізді қызықтырғаны ұстаздың ұшан-теңіз еңбегі. Қайсыбір байқау немесе конференция, семинар болмасын Зарипа Жаппарқызының белсенділігіне тәнті болмау мүмкін емес. Мысалы Орта Азия мемлекеттерінің ғылыми-педагогикалық қауымдастығы Қазақстан Педагогтарының инновациялық идеяларын дамыту орталығы ұйымдастырған республикалық «Үздік директор» байқауында «Үздік директор» медалін иеленіп, үздік атануы – бір немесе бірнеше жылдың жемісі десек қателеспеген болар едік. Бұл – жылдар бойғы үзіксіз еңбектің қарымы, талмай ізденудің нәтижесі әрине.
Зарипа Тасымованы көшбасшы басшы десек, оған ешкім шәк келтіре қоймас. Республикалық ізденіс жолы қоғамдық қоры мен Мәртебе кz білім сайтында жас ұрпаққа білім беруде іскерлік қабілеті және оқытудың инновациялық технологияны енгізудегі жетістіктері үшін Алматы қаласында «Жаңа білім көшбасында» тақырыбындағы семинар-кеңеске қатысып, республиканың үздік ұстазы А.Миразова, Ш.Беркімбаевалармен кездесуде Сыр бойы ұстаздарының атынан құттықтау жылы лебізін білдіруі де тегіннен-тегін болмаса керек-ті.
Ұстаздың негізгі жұмысымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап тұратыны қармақшылықтарға таң емес. Алматы қаласындағы No140 орта мектепте «Өткенге есеп, бүгінге міндет, ертеңге жоспар» тақырыбындағы республикалық семинарда көкірегіне білген-түйгендерін сол жерде қалдырып кетпей, «Мектеп. Қоғам. Отбасы» республикалық журналында және «Президент және халық» газетінде жариялауы – оның тағы бір қырын паш еткендей.
2020 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Білім үздігі – 2020» атты ІІІ республикалық байқауына «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясы бойынша қатысып үздік нәтиже көрсеткені үшін І-дәрежелі дипломмен марапатталса, облыстық авторлық бағдарлама байқауынан ІІІ орын иегері атанды.
Майталман маманның жұмыс процесінде аса мән беретін дүниесінің бірі – ғылыми-әдістемелік жұмыстары. Республикалық «Эдельвейс» іскерлік журналының No1 санында «Өз ісінің білгірі мен үздігі» тақырыбында іс-тәжірибесі таратылса, «Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік» тақырыбы атты іс-тәжірибесі республикалық «Игілік» журналында жарияланды. Балалар шығармашылығы республикалық журналында «Ұлттық құндылықтар» тақырыбында мектептің іс-тәжірибесі жарияланса, «Өнер – ұрпаққа үлгі, елге мұра» тақырыбында да республика көлемінде озық мектептің үлгілі істері көпке өнеге болып жатты. Сонымен бірге оқушыларды патриотизмге, рухани адамгершілікке баулу бағытындағы және Президент Жолдаулары мен рухани жаңғыру бағытындағы мақалалары республикалық, облыстық, аудандық басылым беттерінде жиі жарық көріп тұрды. Және ол бүгінде де жарық көріп келеді.
Әрбір байқау – білім ошағын ізденіске талпындырса, сол мақсат Зарипа апайымыздың да қалыптасқан үрдісіне айналған. Мысалы оның басшылығымен мектеп ордасы облыста «Үздік мектеп – 2017», облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл таңдауы – 2018» байқауында жыл қорытындысымен «Білімнің бесігін тербеткен», 2019 жыл қорытындысымен «Киелі өнер ордасы – 2019» және ауданда өткізілген байқауда «Шәкірт мақтанышы» номинацияларын жеңіп алуы – директордың іскерлігі мен ұжым ұстаздарының ауызбіршілігінің арқасы демеске лажымыз жоқ.
Әпкеміздің көпшілік білетін тағы бір қыры – ақындығы. Ол бос уақытында шабытпен өлең, мақала жазады. Өлең, мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Ел тілегі», облыстық «Сыр бойы», «Сыр дидары», аудандық «Қармақшы таңы», «Бәйтерек» газеттерінде үздіксіз жарияланып тұрады. Сонымен бірге «Жадыңда тұт жарық күн» атты Ұлы Жеңістің 70 жылдығына шыққан кітапта, сондай-ақ «Ана даңқы» кітабына да бірнеше мақаласы мен өлеңі жарияланған. Биыл ұлағатты жанның «Қаламнан өрген қазына» атты кітабы баспа бетін көріп, Тұрмағамбет ауылында ауыл тұрғындарының қатысуымен жинақтың ашылу салтанаты өтті. Ондағы жарық көрген мақалалар мен естеліктер, өлеңдер ауыл жұртшылығының өткен тарихын сағына еске алатын кереметтей рухани дүниесіне айналғанының куәсі болғанымыз бар.
Тарихты қайта жаңғырту – келер ұрпаққа деген жанашырлықты білдіреді. Соның бірі – жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, болашаққа табыс ету. Осы тұрғыда білікті басшы «Туған жерге тағзым» бағдарламасы бойынша 1990 жылы тұсауын кескен «Сыр елі – жыр елі» атты мектеп мұражайын 2015 жылы өз қаражаты есебінен қайта жөндеп, жабдықтаудан өткізді. Мұражай тек қана білім ошағының ғана емес, облыс көлемінде де маңызды екенін ескерсек, оған жанашырлық таныту – жүрегі ізгі, жаны таза, елдің ертеңін ойлайтын азамат қана жасай алған болар еді. Мұражай қазіргі кезде халыққа қызмет етуде, оқушылардың Өлкетану сабағына пайдалануына толық мүмкіндік беріп тұр. Ұстаздық ұлағатын әрбір шәкірт бойына дарытуда мектепте шығармашылықты дамытып ақындар, қаламгерлер клубының жұмысын жүйелеп отыру ұлағатты ұстаздың күнделікті дағдысы. Оған қоса ауыл әкімшілігі жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшесі және ауыл қаламгерлерінің жетекшісі саналады.
Зарипа Тасымова аудандық мәслихатқа сайланған халық қалаулысы. Бұл ретте де оның көптеген атқарған, ықпал еткен жұмыстарын атап кеткеніміз жөн болар.
Адам еңбегі қашан да зейнетімен бағаланады. Жақында Зарипа апайымыз аудандық білім бөлімі басшылығының, өзі қырық жылға жуық уақыт ыстық-суығына төзіп, маңдай терін төккен аяулы мектебінің педагогикалық ұжымының зор құрмет-қошеметімен салтанатты түрде зейнеткерлік демалысына шыққан жайы бар. Ол күнгі ұлағатты жанның атына айтылған ыстық лебіздер мен жылы шырайларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес болар. «Әр нәрсе өзінің уақытымен. Осы күнге сіздермен аман-есен, абыройда жеткізген Алла Тағалаға мың қатта шүкірлік айтып, алғысымды білдіремін» деп ұжымына ризашылық сөз арнағаны әрине кімнің болмасын жүрегін елжіретері анық. «Сендер мені жақсы көргендіктен менің әрбір талабымды орындап тұрдыңдар. Мен сол арқылы абыройға жеттім. Орынбасарларым күн-түн демедіңдер, тапсырма берсем орындап отырдыңдар. Абырой менікі болғанымен ол мектептің атына айтылған ортақ абырой еді. Биіктеп кеттім демеймін. Бұйырған биікке жеткенімше жеттім. «Алдыңнан артың биік болсын» деген қазақта сөз бар. Мен енді артымның биік болғанын жақсы көремін. Ол ұжымымның бұдан да зор табысқа жетіп, абыройының бұдан да жоғарылағанын қалайтыным. Менің ала алмаған асуымды сендер алыңдар, мен жете алмаған биіктер болса, сендер соған қол жеткізіңдер. Сол кезде мен рақаттанамын. Еккен бақшам жайқалып, гүлдеп-көркейе түссе, менен асқан бақытты адам жоқ. Бізге дейін бұл жерде қаншама ұстаз, зиялы аға-апаларымыз қызмет етті. Сол кісілердің алақанының табы, табанының ізі жатыр бұл жерде. Сол нәрселер бізге әрқашан күш беріп тұрды. Рухымызды көтерді. Әрі қарай да сендерді желеп-жебесін» деген ұжымға ақ тілегін арнауы – көрегенділіктің, парасаттылықтың белгісі деп қабылдадық.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА