» » Рухы биік тұлға

Рухы биік тұлға

Тәуелсіз еліміздің түтінінің түзу шығып, тұғырын нығайтуда ерлермен қатар еңбек етіп жүрген қыздарымыз аз емес. Заман талабына сай әйелдер қауымы өмірдің әр саласында белсенділік танытып, қиындығы мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай, түрлі қызмет атқарып келе жатыр. Өз тағдырларын өздері жасаған рухы биік қажырлы жандардың бірі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, халық қалаулысы, мектеп директоры Зарипа Тасымова елге абыройлы ісімен танылып келеді.
Ұстаз тек жас ұрпақты ғана тәрбиелеп қоймайды, сонымен қатар қоғамды да тәрбиелейді. Ұстаз алдын көрмеген, тәлім-тәрбиесін алмаған адам бұл өмірде болмайтыны секілді, қоғамның әрбір мүшесі ұстаз тәрбиесінен өтеді. ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап білім саласында жүргенде №29 мектепке бірнеше рет семинар, түрлі іс-шараға байланысты баратын едік, Зарипаны сол кезден білемін. Тумысы, жаратылысы бөлек, бекзат та биязы, сезімтал да сергек ұстаз тәрбиелі тәлімімен, білімділігімен, өрелі сөздерімен бірден көзге түсті. Тұрмағамбет ауылындағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебі республикаға белгілі 100 мектептің бірі атанып, ондағы ұстаздар ұжымының еңбегі ерекше аталатын. Ол кезде мектеп директоры Дариха Әмзебекова апай болатын.
Зарипаның ұстаздық еңбек жолы аталмыш білім шаңырағынан басталып, табанды еңбегінің арқасында мектеп директорының орынбасары, одан соң мектеп директоры лауазымына көтерілді. Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе, ұстаз жалпы жасампаз білімімен жаңа адамды қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп, өмірге дайындайды. Адам үнемі іздену, жетілу үстінде болғанда ғана кемеліне келіп, заманына ілесе алады. Зарипа Жаппарқызы шәкірттеріне үлгі-өнеге, білім, тәрбие беріп, ізгілік нәрін себетін ерен еңбектің иесі болумен қатар, өзі басшылық жасайтын ұжым аудан бо­йынша білім сапасы жағынан алдыңғы қатардағы орындардан көрініп, облыста «Үздік мектеп» номинациясын, облыстық «Білімнің бесігін тербеткен», «Киелі өнер ордасы» номинацияларын иеленді.
Ол ұзақ жылдардағы педагогикалық жұмысының нәтижесімен жоғары санатты мұғалім, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Жылдың үздік ұстазы» номинациясының жеңімпазы. ҚР Білім және ғылым министрінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» атты байқауға қатысып, І дәрежелі диплом, төсбелгісімен және «Қазақстан педагогтарының 100 жаңа есімі» атты республикалық байқауының материалдар жинағына енді. Халықаралық, республикалық деңгейдегі бірнеше ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, атап айтсақ, еңбегі энциклопедиялық жинақта жарық көріп, халықаралық дәрежедегі «За вклад в развития образования» медалімен марапатталды. «Үздік директор» медалінің иегері, «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясының «І Дәре­желі» диплом иегері, сондай-ақ бірнеше рет республикалық, облыстық білім саласының Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен мадақталды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруда белсенділігі үшін Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Ұлағатты ұстаздың шығармашылығы өз алдына бір төбе. Ел тарихы, оның қасиетті жерлері, ондағы тарихи тұлғалар, қоғамдық өмір жайлы жазбаларымен бірге, ақындық талантымен танылған ұстаз.
Зарипа Жаппарқызының әлеуметтік желідегі парақшасында «Бірін-бірі іздейтін, ардақтайтын, ұлы тұлғаларын ұлықтай білетін елде туу да бір бақыт. Жастарымыз үлкендер өнегесімен өркендей берсін» деп жазады. Иә, оның ұрпаққа айтары мол тәлімді туындылары мен ауылдың көнекөз қарияларының айтқан әңгімелерін қағазға түсірген жазбаларымен қатар, ақындық өлеңдері, шығармалары кімді де болса толғандырмай қоймайды. Солардың бірі, Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап «Абай тағылымы – ұрпақ тәрбиесінде», туған жер тарихы жайлы «Туған өлке – тұнған тарих», өз өлкеңді біл «Аю жарма», ауыл ақсақалдарының айтуымен жазып алған «Қара Қисық батыр», тағы басқа мақалалары.
Жастарымыздың бойында мемлекеттік тілдің, ұлттық рухтың қалыптасуына байланысты істерге ұйытқы болуда үлкен парасаттылықпен жан-жақты нәтижелі істер тындыруда.
Зарипа Жаппарқызы бүгінде елдің жанашыр сүйікті қызы, халық қалаулысы – аудандық мәслихат депутаты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша әзірленген жол картасындағы «Отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау, жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» жөніндегі аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде келелі мәселелердің орындалуына үлес қосып отырады.
Зарипа тек білікті басшы ғана емес, ол – асыл жар, аяулы ана, қамқор әже. Қарапайым қазақ әйеліне тән осындай үш қасиетті тұла бойына ұштастырып, отбасының берекесін келтіріп отырған қымбатты ана. Ол қызметінің биігіне көтеріліп қана қоймай, өзіне үлкен талаптар қою арқылы отбасындағы қарым-қатынасты сақтай отырып, жолдасы Әнуарбекпен бірге өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсірген өнегелі, мерейлі отбасы.
Еңбектен бақытын тапқан рухы биік, ұлағат иесі Зарипа Жаппарқызының парасатқа толы өмір жолы замандастарына қашанда үлгі-өнеге бола бермек!
Гүлжауһар РАЕВА,
аудандық қоғамдық кеңес төрайымы
05 қазан 2021 ж. 616 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031