» » Өнегелі ғұмыр иесі

Өнегелі ғұмыр иесі

Қашан көрсеңіз де, жүзінен мейірімі төгіліп тұрады. Ашық-жарқын әңгімесін айтып, туыстық қатынасымыз болмаса да туған қызындай іш тартып тұрғаны. Өнегелі, өрелі әңгімесін жалықпай тыңдай бергіңіз келеді. Сөйлегенде де жай сөйлей салмайды, бар ықыласымен шешіліп, жандүниесімен беріле айтады әңгімесін. Шынайылық, адалдық ананың ақ дидарынан анық байқалатын қасиет. Бұл кім десеңіз, ол – Жосалы кентінің тұрғыны, «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Әлияш Арыстанбаева.

Апамыз 1942 жылы дүниеге келген. Мектеп бітірген соң педагогикалық училищеге оқуға түсіп, мұғалімдік мамандық алады. Бірақ анамызға ол мамандықпен жұмыс істеу бұйырмапты. Өмір арнасы басқа салаға бұрып, саналы ғұмырында хатшы-іс жүргізуші болып абыройлы қызмет еткен. Алғашында аудандық сотта сегіз жыл іс жүргізуші болып еңбек етсе, одан соңғы жұмыс орны аудандық комсомол комитетінде жалғасқан.
– Ағаңмен 1963 жылы көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. Ол кезеңде жігіттердің әскери борышын өтеу уақыты үш жыл болып белгіленген-ді. Бас қосқанымызда ағаң медициналық оқу орнының студенті болатын. Тұңғышымды босанып перзентханадан шығып жатқанымда оны әскер қатарына шақыртып, сөйтіп елден жыраққа кете бар-ды. Бас-аяғы төрт жылдай борышын өтеп, Вьетнамда болды. Онда ата-енем бар, дүниеге келген сәбиім төрт жасқа келгенше бағып-қағып, жұмысымды істеп жүре бердім. Сотта қызмет ететін кезім. Жұмыс барысымен ауыл-ауылға іссапармен жиі шығып тұруға тура келетін. Бала жас, ата-ене бар дегендей, бұл жағдай отбасына қолайсыз болғасын ол жерден шығып, аудандық комсомол комитетіне ауыстым. Сөйтіп жүргенде жолдасым әскерден оралып, қуанышымызда шек болмады. Жаңадан бас қосқан ерлі-зайыптылармыз. Төрт жыл күту де аз уақыт емес қой. Ағаңның мамандығы дәрігерлік болған соң қызмет бабымен Қуаңдарияға көштік. Онда отыз үш жыл тұрақтап тұрдық. Ол жаққа барғанда да мені ауылдық кеңестің кеңсесіне іс жүргізушісі етіп жұмысқа қабылдады. Содан зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін тапжылмай қызмет еттім, – дейді алтын құрсақты ана бізге ағынан жарылып.
«Ата-енем жақсы кісілер болды. Атам – Бисен Сақтағановты ауыл халқы қатты құрметтейтін. Енем – Бибігүл Асанова үй шаруасындағы әйел болды. Бәріміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрдік. Олардың бар жағдайын жасап, қолдан келген қамқорымызды аямадық. Өмірден өткенше ата-анамызға адал қызметімізді жасап, бағып-қақтық. Атамыз кезінде мұғалім, балалар үйінің директоры болып түрлі қызмет атқарған білімді де беделді кісі болған» дейді Әлияш анамыз толғаныспен сөйлеп.
Әлияш Смайылқызы ауданымызға белгілі ақсақал, «Вьетнам Республикасының құрметті азаматы», «Қармақшы ауданының құрметті азаматы», медицина саласының ардагері Иса Бисеновтің зайыбы. Екеуінің ұлағатты ұрпақ өсіріп, отау құрғанына әні-міне дегенше алпыс жыл толып отыр.
Өмір – күрес. Әрбір басқан қадамыңды рухани тазалыққа, адалдыққа арнамасаң, тайып кетуің бір демде-ақ. Күрес бұл алысу немесе арпалысу емес, мақсатыңа ұмтылу, өсіріп отырған бала-шағаңа дұрыс тәрбие бере білу. Ағайын, көршімен тату болу. Жарыңды сыйлап, келген қонағыңды Құдайдай күтіп алып, кең пейіліңмен дастарқаныңды жаю. Обал, сауап, ұят деген сөздерді үнемі жадыңнан шығармау деп білетін ардақты анамыздың өмірден көрген-түйгені жетерлік. Әсіресе сүйген жарға деген адалдық бәрінен жоғары тұрды.
«Қуаңдарияда елу жасқа толғанымда менің елу жылдық мерейтойымды дүркіретіп туған-туыс, ұжымдастармен атап өткенбіз. Одан бері де аттай тулап отыз жылда өте шығыпты-ау, жарықтық! Сонда маған мекемеден құттықтау адресаты табысталып, онда ауылдың атпал азаматы Сламбек Жақсылықов өлең жолдарын арнап жазыпты. Сонда «Жеті жыл күйеуін күтумен өткізген...» деп келетін жолдары бар. Соны тыңдап, «Мен де біраз бейнет көрген екенмін ғой» деп, өзімнің өткен күндерімді есіме алып, көз-жасқа ерік бергенмін. Расымен де Исекең төрт жыл әскерде болса, үш жыл қалада оқуда (студент) болыпты. Балаларымызды тәртіпті де тәрбиелі етіп ер жеткіздік. Қатарынан қалдырғанымыз жоқ. Әрбір адамның өмірінде өзіне тән қиыншылық, бейнеті болады. Ол біздің де басымызда болды. Бірақ соның бәрін мәпелеп өсірген ұл-қызың жақсы болып, ата-ана атына кір келтірмей, өмірден өз орындарын тауып жатса, сол көрген бейнеттің мысқалдай да жұрнағы қалмайды екен. Қиналған сәтімде мені жарының, ата-енесінің абыройын биік қоятын, пендешіліктен жоғары тұра білетін ішкі түйсігім үнемі алға жетелеп, күш-қуат беріп отырды» дейді ардақты анамыз.
Бүгінде Бисеновтер өсіп-өнген әулет. Ағамыз бен апамыздың өңірінен өрбіген 27 немере мен 6 шөбере тамырын тереңге тартып, жасыл құрақтай жапырағын жайқалтуда. Балаларының үлкені Сағындық Тараз қаласында "Сақтаған намыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болса, Гүлнар Қызылорда қалалық No2 емханасында мейірбике болып қызмет етеді. Амандық Байқоңыр қаласында әскери қызметкер. Аманжол мен Гүлдана бірі Таразда, бірі Қызылордада жеке кәсіппен айналысуда. Дәуірбек болса аудандық обаға қарсы күрес мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал Гүлсара Қызылорда облыстық диагностикалық орталығында мейірбике болып ақ халатты абзал жандардың қатарында еңбек етуде.
– Иса ағаң қыз дегенге тәйт дегенді білмейді. Жалпы қыз баласына құрметпен қарайтын азамат. Өтірік айтқанды жаны сүймейді. Отбасына қамқор. Жас күнімізде көбінесе жұмысбасты болды. Фермаға кетеді, малшыларды аралайды, сөйтіп жұмыстан қолыда тие бермейтін. Балаларға үйде өзім бас-көз болатынмын. Жамбылда сіңілім тұрады. Балалар мектеп бітірсе, сол жаққа қарай жіберемін. Ұл-қыздарымыз технологиялық институтты, медициналық училищені бітіріп, бір-бір мамандық иелері атанды. Бүгінде балалардың барлығы отбасылы. Үбірлі-шүбірлі. Келіндерім де Алладан сұрағандай. Алдыңғы үшеуі Жамбыл жақтың қыздары. Қолымдағы кенже баламызға көршіміздің қызын құда түсіп алып бердік. Олар да өсіп-өнген үлкен әулеттің баласы. Құда-құдағайларымыз жақсы адамдар. Сыйластығымыз да өте керемет. Шүкір. Сексенге келіп жатырмын. Осы уақытқа дейін ағаң екеуміз ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. Ендігі арманымыз – ұрпағымыз аман болса дейміз. Немере-шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әжеміз. Осы жасқа дейін өмірден түйгенім – лайым да бәрі жақсы болсын. Ұрпағымыздың абыройлы, өмір жастарының ұзақ болғанын тілеймін. Барлық қиыншылыққа төзе білсең, жақсылыққа жетеді екенсің. Тек адамның баласы әр нәрсені ақылмен шешіп, төзе, шыдай білсе – Алланың сынағынан аман өтіп, игілікке жетеді. Ақырын күте білсең ғана, адам өмірінің қызығын, зейнетін көреді. Бағып- қаққан перзентің жақсы болса, жақсы атын шығарып, ата-анасына қамқорлық етсе – өмірдің қызығы сол деп ойлаймын, – дейді ардақты ана.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
27 қыркүйек 2022 ж. 480 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 299

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 397

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930