Жол қауіпсіздігін сақтайық
Статистикалық мәліметтерге сәйкес ағымдағы жылдың 8 айында аудан көлемінде 17 жол-көлік оқиғасы орын алып, 2021 жылдың 8 айымен салыстырғанда 112,5% өскен (8).
Бұл оқиғалардың салдарынан 28 (16) адам зардап шексе, оның 20 (12) дене жарақатын алып, 8 (4) қаза болған.
Жоғарыдағы мәліметтерден жол-көлік оқиғаларының және оның салдарының екі есеге өскенін байқауға болады.
Қайғылы жағдайлардың орын алуына әртүрлі табиғи және адами факторлар ықпал етеді. Көп жағдайда адамдардың жол қауіпсіздігіне салғырт қарауы жағымсыз салдарға әкеп соғуда.
Олар, жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, озу тәртібін бұзуы, жол белгілері талаптарын ескермеуі, қарсы бағытқа шығуы, жолаушылардың жолға шығып кетуі сияқты немқұрайлылық нәтижесінде орын алатын жағдайлар.
Бұдан бөлек қараусыз жүрген малдар да жолдағы қайғылы жағдайларға себеп болуда.
Яғни, жайылымға қараусыз айдап жіберген малдар жол жиегінде жайылып, өз бетінше жүргендіктен кенеттен жолға шығып, көп жағдайларда жүргізушілердің дер кезінде қауіпсіздік шараларын қолдануына мүмкіндік бермеуде.
Бұл санаттағы оқиғалардың орын алуына тағы бір маңызды нәрсе ол, ауа-райының қолайсыздығы.
Алда келе жатқан күз және қыс мезгілдерінде ауа-райының күрт өзгеретінін ұзақ жолға шығар алдында міндетті түрде ескеру қажет. Қарлы боран, қалың тұман және мұздақты жағдайлар қыстың табиғи ерекшелігі болғандықтан, оған автокөлік толық дайын жағдайда болуы тиіс.
Бұл дегеніміз – автокөліктің қозғалтқышы, жүру бөлшектері мен тежегішінің жұмыс жағдайында болуы, тұманға қарсы және басқа да ескерту шамдарының толық жасауы, дөңгелектердің мезгілге сәйкес ауыстырылуы, т.б.
Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің ауданымыздан өтетін тұсының екі жолақтығы да ескеретін мәселе.
Міне осы мәселелердің барлығы да жол жүру кезінде естен шығаруға болмайтын маңызды факторлар болып табылады.
Жолдағы апаттар мүліктік шығыннан бөлек адам өміріне қауіп төндіріп, мүгедектікке немесе қазаға ұшырататын қайғылы жағдайға душар етеді.
Бұл өз кезегінде бір адамның ғана емес түгел жанұяның өмір салтына кері әсер ететіні анық.
Сондықтан құрметті жол қозғалысына қатысушылар аталған мәселе бойынша Сіздерді жол жүру кезінде барынша мұқият болып, барлық қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырамыз.
Сонымен қатар, мал иелерінен өз малдарыңызды қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ қараусыз жүрген малдың жол көлік оқиғасына себеп болуынан Сізге мүліктік зиян келіп қана қоймай, басқа бір тұлғаның өміріне қауіп төндіретінін естен шығармауды сұраймыз.
А.МҰРАТОВ,
аудан прокурорының орынбасары