Айбары асқақ азат ел немесе Ата заң эволюциясы
ҚАЙ ЗАМАНДА БОЛМАСЫН ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН ТӘРТІБІН РЕТКЕ КЕЛТІРУ ҮШІН ОҒАН ҚОЛДАНАТЫН ЗАҢЫ, БАҒЫНАТЫН ЕРЕЖЕСІ БОЛҒАН. МӘСЕЛЕН, ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСИ ЖАЙЫ ҚАСЫМ ХАННЫҢ ТҰСЫНДА НЫҒАЙДЫ. ОНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ БАҒЫТ БҰРЫНҒЫСЫНША СЫРДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ҚАЛАЛАРДЫ БАҒЫНДЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС ЕДІ.
Осы арқылы ол қазақ жерін кеңейте түсті. Әрі қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу үшін алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ережесі», «атабаба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Есім ханның «Ескі жолы» – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жинағы. Ол 1598-1628 жылдары билік құрған тұста, өзіне дейін өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолданды. Ал ХVII ғасырдың аяғында қазақтардың әдеттегі құқық нормалары бір жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы» деп аталды. Бұл – жеті ереже. Онда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттықфеодалдық правосының негізгі принциптері мен нормалары баяндалған. Осылайша «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген қазақ елі тарихтың тауқыметті жылдарын бастан өткерді.
Иә, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан дархан даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған бабалар ұрпағына сарқылмастай қазына қалдырды. Қай уақытта болмасын дұшпанкөз қызыға да қызғана қараған қазба байлығымыз қазына демей немене? Ұрпағым бейбіт өмір сүрсін деп, тыныштықта құстар қалқып ұшсын деп, көк аспанда желбіретіп көк туын, қазағымның рухы биік болсын деп аталар арман еткен азаттықтың ақ таңы атты. Үзеңгіден аяғын, қорамсақтан қолын алмай жүріп, толарсақтан саз кешкен бабаның сондағы арманы қандай еді? Ол – өз басына ел болу, тыныштық атты жазықта балалар еркін тыныстап, тайқұлындай тебісе ойнау, ынтымағы мен бірлігі жарасқан азат мемлекет болу.
Уақыт өтті. Жылдар зырғыды. Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елдің ұланы атандық. Ал мұндай күн бабаларға бұйырмай, бізге нәсіп болған шаттықты күнімізді қалай қорғамақпыз? Әрине, Ата заң аясында. Ежелгі жарғылардың жалғасы болған Конституция – алдымен мемлекет ретінде адамға құрметпен қарайды. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп 1 бапта жазылған. 3 бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» дейді. Жоғары заңды күшке ие құжат аясында республикадағы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың әлеуеті жұмыс істейді. Мемлекеттің қазіргі ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Осылайша ел осыдан 27 жыл бұрын тарихи шешімін жасады. Сол кезеңнен бастап Ата Заң – қоғамның татулығы мен тұрақтылығын, экономиканың дамуы мен демократиялық өркендеудің айбары болып келеді.
Биыл елде біршама өзгерістер орын алды. Ата заңға қатысты референдум тәуелсіз ел тарихында екінші мәрте өткізілді. Бас құжат 1995 жылдың 30 тамызында алғаш рет халық даусына салынған. Өзгерістерді қолдап, сол кезде 7 миллионнан астам қазақстандық дауыс берген екен. Арада 27 жыл өтті. Ал басты заңға одан кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұлданып, халықпен еш санаспай бекітіліп келді. Әлбетте, бұл үрдіс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қарама-қайшы құбылыс. Биылғы референдумға 8 миллионнан астам адам дауыс берген. Қазір заман басқа. Заманға сай заң керек. Осылайша жаңа кезеңге қадам бастық.
Референдум – мемлекетіміздің межелі уақыттан бері орын алып отырған ең елеулі саяси оқиғасы болды. Конституциялық өзгерістерді осынша уақыттан кейін халықпен кеңесіп қабылдауға деген талпыныс ең әуелі демократияға деген ұмтылыс болса, кейінгісі алдағы жоспарланған референдумның да маңызын, салмағын өсіретін қадам болмақ.
Елдің өзгерістерге деген ықыласы да ерек. Қай заң болсын не өзгерсе, не толықса тарихи кезеңнің бастауында тұрады. Шыңғыс ханның «Ұлы жасағынан» бергі заңдар эволюциясы да осы көріністі растайды. Бұл – тарихтың жаңа беті. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» түсінігі құр сөз бен ұран емес, «Екінші Республиканың» есігін ашатын ұлы сапардың кіріспе сөзі.
Референдум өтті, бұл елде барлығы түбегейлі, бірден өзгереді деген сөз емес. Үкіметтік емес ұйым өкілдері Конституцияға өзгеріс енгізу атқарылатын шаруаның тек жартысы ғана дейді. Мұнда Парламент пен мемлекеттік ұйымдардың біліктілігі маңызды. Сосын бұқара да қалыс қалмауы қажет дейді белсенділер. Олардың ойынша, осының барлығын жүзеге асыру үшін әлі жарты жылдай уақыт керек. Сол кезде ғана халық елдегі өзгерістерді байқай бастайды.
Айнұр ӘЛИ