АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ
Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан дархан даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған бабалар ұрпағына сарқылмастай қазына қалдырды. Қай уақытта болмасын дұшпан көз қызыға да қызғана қараған қазба байлығымыз қазына демей немене? Ұрпағым бейбіт өмір сүрсін деп, тыныштықта құстар қалқып ұшсын деп, көк аспанда желбіретіп көк туын, қазағымның рухы биік болсын деп аталар арман еткен азаттықтың ақ таңы атты.
Қай заманда болмасын елдің тыныштығы мен тәртібін ретке келтіру үшін оған қолданатын заңы, бағынатын ережесі болған. Мәселен, қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жайы Қасым ханның тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды бағындыру жолындағы күрес еді. Осы арқылы ол қазақ жерін кеңейте түсті. Әрі қазақ қоғамындағы құқық нормаларды реттеу үшін алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ережесі», «атабаба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Есім ханның «Ескі жолы» – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жинағы. Ол 1598-1628 жылдары билік құрған тұста, өзіне дейін өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолданды. Ал ХVII ғасырдың аяғында қазақтардың әдеттегі құқық нормалары бір жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы» деп аталды. Бұл – жеті ереже. Онда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттықфеодалдық правосының негізгі принциптері мен нормалары баяндалған. Осылайша «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген қазақ елі тарихтың тауқыметті жылдарын бастан өткерді. Үзеңгіден аяғын, қорамсақтан қолын алмай жүріп, толарсақтан саз кешкен бабаның сондағы арманы қандай еді? Ол – өз басына ел болу, тыныштық атты жазықта балалар еркін тыныстап, тай-құлындай тебісе ойнау, ынтымағы мен бірлігі жарасқан азат мемлекет болу. Уақыт өтті. Жылдар зырғыды. Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елдің ұланы атандық. Ал мұндай күн бабаларға бұйырмай, бізге нәсіп болған шаттықты күнімізді қалай қорғамақпыз? Әрине, Ата Заң аясында. Ежелгі жарғылардың жалғасы болған Конституция – алдымен мемлекет ретінде адамға құрметпен қарайды. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп 1 бапта жазылған. 3 бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» дейді. Жоғары заңды күшке ие құжат аясында республикадағы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың әлеуеті жұмыс істейді. Мемлекеттің қазіргі ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Осылайша ел осыдан 25 жыл бұрын тарихи шешімін жасады. Сол кезеңнен бастап Ата Заң – қоғамның татулығы мен тұрақтылығын, экономиканың дамуы мен демократиялық өркендеудің айбары болып келеді.
Айнұр ӘЛИ