» » Семей полигоны – шерлі шежіре

Семей полигоны – шерлі шежіре

ТАЛАЙЫ ЗАРДАП ШЕГІП, ТАЛАЙДЫҢ ӨМІРІН ҚИҒАН, БІРЕУДІ МҮГЕДЕК, БІРЕУІН КЕМТАР ЕТКЕН АТОМ ПОЛИГОНЫНЫҢ ОТТЫ ЛЕБІ ӘЛІ ӨШКЕН ЖОҚ. 29 ТАМЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КҮНІНЕ ОРАЙ, АРНАЙЫ ОРНАТЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ АЛАҢЫНДА ІС-ШАРА ӨТТІ. ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ СИЯҚТЫ АЛАПАТ КҮШТІҢ ЗАРДАБЫН КӨРІП ДҮНИЕДЕН ӨТКЕН АРДА АЗАМАТТАРДЫҢ РУХЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛЫП, ЕСКЕРТКІШКЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жұлдызхан Байназарұлы сөз сөйлеп, бұл күннің ел тарихындағы және адамзат тарихындағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жиында сөз алған "Невада-Семей" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Сағымбаев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Құлдүйсеновтер қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Іс-шара соңында сол апатты жерде әскери қызметте болған ауыр күндердің куәгерлеріне аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Жалпы бұл күн қандай күн еді?
1947 жылдың тамызы. КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «No2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жыл, 29 тамыз. Сағат таңғы 07.00. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді.
Жалпы ядролық қарудың пайда болуы адамзат тарихындағы елеулі оқиға. Ғылым мен технологияның дамуы тек тұрмыстық салада ғана емес соғыс пен қару-жарақ өндірісінде үлкен төңкеріс алып келді. Жаппай қырып-жою қаруы ресми 1945 жылы пайда болды. Сол жылы 16 шілдеде АҚШ-тың Нью-Мексико штатының Аламогордо даласындағы әскери полигонда адамзат баласының тарихындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өтті. Тіпті бұл қарудың адамзатқа қарсы пайдаланылуы да сол жылы, яки 1945 жылы 9 тамызда АҚШ-тың ұйымдастыруымен Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында тіркелді. АҚШ-тың ізін ала Кеңес Одағы (1949 жылы 29 тамыз), Ұлыбритания (1952 жылы 3 қазан), Франция (1960 жылы 13 ақпан), Қытай (1964 жылы 16 қазан), Үндістан (1974 жылы 18 мамыр), Пәкістан (1998 жылы 28 мамыр) ядролық қаруды сынақтан өткізді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ядролық қару-жарақ түрлері мен оның санын ұлғайту, қарудың мүмкіндігін көрсету мақсатында түрлі сынақтар өткізу бағытында АҚШ пен КСРО арасында үлкен бәсеке орнады. 30 жылға жуық уақыт бойы держава- лар өздерінің ядролық әлеуетін көтеру мақсатында елдің жалпы ішкі өнімінің 30-40 процентін қару-жарақ өндіру саласына бағыттады. Бұл экономикалық тұрғыдан да ауыр зардаптарға алып келді. КСРО экономикасының әлсіреп, күйреуіне де осы фактор әсер етті деген тұжырым бар. Екі блоктың арасындағы осы тайталас адамзат өркениетінің болашағына үлкен қатер төндіріп, екі тараптың өзара консенсусқа келуімен аяқталды. Бүгінде әлемдегі ядролық-державалардың саны ресми бесеу. Олар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Ал Үндістан, Пәкістан, Израиль ресми мойындалмаса да, іс жүзінде ядролық арсеналға ие деп са- налады. Әлемдегі ядролық қарудың 90 проценттен астамы АҚШ пен Ресейге тиесілі.
18 млн гектар жерді алып жатқан Семей полигоны 1991 жылы 28 тамызда ресми жабылды. Аталған по- лигонда 40 жылдан астам уақыт бойы Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан мыңдаған есе қуатты жарылыстар болып, сол жердің табиғатына, адамдарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді. Сол үшін ядролық қарудан бас тартудың моральдық себептері де маңызды. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына байланысты алып мемлекеттердің елдің қауіпсіздігіне кепілдік міндетін алу да ұзақ дипломатиялық келіссөздер мен табанды талаптың нәтижесінде мүмкін болды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеп, құжатқа қол қойды.
1991 жыл. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына мәңгілік жазылмас жара қалдырды. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ.
«Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігі бар. Бірлестіктің төрағасы – Болатбек Сағымбаев. Ағаның бұл тақсырет жайында айтқан естелігі де бар.
– 1949-1989 жылдар аралығында ауданнан полигонға 100-ден аса сарбаз аттанды. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, бірқатарымыз бақилық болуда. Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жерасты жарылыстары жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін, – дейді Болатбек аға.
Ол кезде әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалады екен. Онда ол жақта көргенін де, білгенін де айтпауға қол қояды. Кейін Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин секілді азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастайды.
– Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы No2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді, – дейді ардагер.
Қазір арнайы жеңілдіктен бөлек, жылына бір рет мемлекеттік бюджеттен берілетін көмектер бар. Көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылған. Дегенмен ол қиылған тағдыр мен кеміген өмірге тең келмесі хақ.
– Өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын деп тілеп жүремін. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ, – дейді ол сөз арасында.
Тәуілсіздік алған тұста алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тарттық. Енді міне, оған 31 жыл толды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы 2008 жылы ядролық сынақтардың полигон аумағына және оған жақын жерлерге әсерін зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Орталық былтыр Семей сынақ полигоны жерлерінің радиоактивті ластануын тексеруді аяқтады. Мамандар судың, ауаның, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің жағдайын зерттеді. Зерттеудің кейбір әдістерін ҚР Ұлттық ядролық орталығы әзірлеген. Полигон аумағындағы және одан тыс жерлердегі ауа және су ортасын зерттеу үшін арнайы зертханаларда одан әрі талдау үшін сынама алу жүргізілетін мониторинг пункттері құрылды. Жүргізілген мониторинг нәтижелері ауадағы радиоактивті элементтердің ең көп мөлшері тікелей ядролық сынақтар жүргізілетін жерден табылғанын көрсетті. Бұл ретте полигонның ластанған учаскелерінен тыс «ұзақ өмір сүретін» радиоактивті элементтер (америй, цезий немесе стронций) табылмапты.
Нәтижесінде, мониторинг жалпы полигонда және одан тыс жерлерде ауа және су ортасының ағымдағы радиациялық жай-күйі тұрақты, халық үшін қауіп төндірмейтінін көрсетті. Ядролық сынақтар жүргізілген алаңдарының радиоактивті ластанған учаскелері бұған жатпайды екен. Дегенмен бұл шерлі шежіре зары ұмытылады деген сөз емес...
Айнұр ӘЛИ
30 тамыз 2022 ж. 537 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031