» » Алапат жаңғырық, жазылмаған жара

Алапат жаңғырық, жазылмаған жара


ТАЛАЙЫ ЗАРДАП ШЕГІП, ТАЛАЙДЫҢ ӨМІРІН КИҒАН, БІРЕУДІ МҮГЕДЕК, БІРЕУІН КЕМТАР ЕТКЕН АТОМ ПОЛИГОНЫНЫҢ ОТТЫ ЛЕБІ ӘЛІ ӨШКЕН ЖОҚ. ІЗІНЕН АУЫР МҰҢ, СОҢЫНАН ЖАЗЫЛМАС ЖАРА ҚАЛДЫРДЫ...
1947 жылдың тамыз айы. КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «№2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жыл, 29 тамыз. Сағат тілі таңғы 07.00-ді көрсетіп тұр. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыс­тан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді.
1991 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына, дала «жанына» мәңгілік жазылмас жара қалдырды. Иә, Ғабит Мүсірепов айтқандай, қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін...
– 1949-1989 жылдар аралығында ауданнан полигонға 100-ден астам сарбаз аттанды. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, қатарымыз бақилық болуда. Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жер­асты жарылыстары ғана жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін, – дейді «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сағымбаев өткенге шегініс жасап.
Ол кезде әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалады екен. Қолхатта олар ол жақта көргенін де, білгенін де айтпауға қол қояды. Кейін Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин секілді азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастайды.
– Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Көреген Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы №2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді, – дейді «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің ардагерлері.
Бүгінде Үкімет тарапынан көр­сетілетін көмектер бар. Арнайы же­ңілдіктен бөлек, жылына бір рет мемлекеттік бюджеттен көмек алады. Сондай-ақ, көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылған. Бірақ ол қиылған тағдыр мен кеміген өмірге тең келмесі хақ. «Өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын, деп тілеп жүреміз. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ» дейді тақсіретті бастан өткерген олар сөз арасында. Биыл халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына – 33 жыл. Тәуелсіздік алған тұста ядролық қарудан бас тарттық. Оған да биыл тамыз айында 31 жыл толмақ.

Айнұр ӘЛИ
01 наурыз 2022 ж. 465 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 114

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930