» » Тоқтаған тақсыретке – 30 жыл

Тоқтаған тақсыретке – 30 жыл

Әйгілі физик Альберт Эйнштейн «Мен үшінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамдардың қандай қару пайдаланатынын білмеймін. Бірақ төртіншісінде таяқ пен тастарды қолданады» деген еді. Ғалымның бұл пайымы тажал қаруының пайда болып, оны жаһандық соғыста пайдалану нәтижесінде адамзат өркениетінің жермен-жексен болатынын меңзесе керек. Иә, талайы зардап шегіп, талайдың өмірін киған, біреуді мүгедек, біреуін кемтар еткен Атом полигонының отты лебі әлі өшкен жоқ.
1947 жылдың тамызы. КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «№2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жыл, 29 тамыз. Сағат таңғы 07.00. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді.
Жалпы ядролық қарудың пайда болуы адамзат тарихындағы елеулі оқиға. Ғылым мен технологияның дамуы тек тұрмыстық салада ғана емес соғыс пен қару-жарақ өндірісінде үлкен төңкеріс алып келді. Жаппай қырып-жою қаруы ресми 1945 жылы пайда болды. Сол жылы 16 шілдеде АҚШ-тың Нью-Мексико штатының Аламогордо даласындағы әскери полигонда адамзат баласының тарихындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өтті. Тіпті бұл қарудың адамзатқа қарсы пайдаланылуы да сол жылы, яки 1945 жылы 9 тамызда АҚШ-тың ұйымдастыруымен Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында тіркелді. АҚШ-тың ізін ала Кеңес Одағы (1949 жылы 29 тамыз), Ұлыбритания (1952 жылы 3 қазан), Франция (1960 жылы 13 ақпан), Қытай (1964 жылы 16 қазан), Үндістан (1974 жылы 18 мамыр), Пәкістан (1998 жылы 28 мамыр) ядролық қаруды сынақтан өткізді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ядролық қару-жарақ түрлері мен оның санын ұлғайту, қарудың мүмкіндігін көрсету мақсатында түрлі сынақтар өткізу бағытында АҚШ пен КСРО арасында үлкен бәсеке орнады. 30 жылға жуық уақыт бойы державалар өздерінің ядролық әлеуетін көтеру мақсатында елдің жалпы ішкі өнімінің 30-40 процентін қару-жарақ өндіру саласына бағыттады. Бұл экономикалық тұрғыдан да ауыр зардаптарға алып келді. КСРО экономикасының әлсіреп, күйреуіне де осы фактор әсер етті деген тұжырым бар. Екі блоктың арасындағы осы тайталас адамзат өркениетінің болашағына үлкен қатер төндіріп, екі тараптың өзара консенсусқа келуімен аяқталды. Бүгінде әлемдегі ядролық-державалардың саны ресми бесеу. Олар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Ал Үндістан, Пәкістан, Израиль ресми мойындамаса да, іс жүзінде ядролық арсеналға ие деп саналады. Әлемдегі ядролық қарудың 90 проценттен астамы АҚШ пен Ресейге тиесілі.
18 млн гектар жерді алып жатқан Семей полигоны 1991 жылы 28 тамызда ресми жабылды. Аталған полигонда 40 жылдан астам уақыт бойы Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан мыңдаған есе қуатты жарылыстар болып, сол жердің табиғатына, адамдарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді. Сол үшін ядролық қарудан бас тартудың моральдық себептері де маңызды. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына байланыс­ты алып мемлекеттердің елдің қауіпсіздігіне кепілдік міндетін алу да ұзақ дипломатиялық келіссөздер мен табанды талаптың нәтижесінде мүмкін болды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеп, құжатқа қол қойды.
1991 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына, дала «жанына» мәңгілік жазылмас жара қалдырды. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ.
Ауданда «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігі бар. Осыдан бірнеше уақыт бұрын бірлестіктің төрағасы Болатбек Сағымбаевпен осы тақырыпта жазылатын сараптамалық мақала бойынша хабарласып, сұқбаттасқан едік. Сол кезде ол ә дегеннен тосылып қалмап еді.
– 1949-1989 жылдар аралығында ауданнан полигонға 100-ден астам сарбаз аттанды. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, бірқатарымыз бақилық болуда. Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жерасты жарылыстары ғана жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін, – деді Болатбек Сағымбаев өткенге сәл шегініс жасап.
Ол кезде әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалады екен. Онда ол жақта көргенін де, білгенін де айтпауға қол қояды. Кейін Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин секілді азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастайды.
– Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы №2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді, – дейді ардагер.
Қазір арнайы жеңілдіктен бөлек, жылына бір рет мемлекеттік бюджеттен берілетін көмектер бар. Көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылған. Дегенмен ол қиылған тағдыр мен кеміген өмірге тең келмесі хақ.
– Өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын деп тілеп жүремін. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ, – дейді ол сөз арасында.
Иә, сол қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін. Қош. Тәуілсіздік алған тұста алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тарттық. Енді міне, оған 30 жыл толды.

Айнұр ӘЛИ

28 тамыз 2021 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 047

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031