» » Тажал қаруы: құрсауды үзе алдық па?

Тажал қаруы: құрсауды үзе алдық па?

Ол кезде баламыз ғой. Қазіргідей киберспорттың мықты ойыншысы болмасақ та арасында пернетақтаны шертіп отыратынымыз бар. Сонда украиндық «Сталкер» деген ойын хит болды. Күндіз ойнамасаңыз, түн ауа бұл ойынға кіру мүмкін емес-тін. Себебі айнала толы аномалия болса, химиялық қарулардың сынағынан мутантқа айналғандар көптеп кезігетін. Сол кезде шынайы өмірде де жойқын жарылыстан жарым-жан болғандар бар деп ойламаған едік...
Иә, талайы зардап шегіп, талайдың өмірін киған, біреуді мүгедек, біреуін кемтар еткен Атом полигонының отты лебі әлі өшкен жоқ.
1947 жыл. Тамыз айында КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «№2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жылдың 29 тамызы. Сағат тілі таңғы 07.00-ді көрсетіп тұр. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді. 1991 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына, дала «жанына» мәңгілік жазылмас жара қалдырған еді.
ТАҚСЫРЕТТЕР ҚАЛАЙ ТҮСТІ?
Ядролық қарудың пайда болуы адамзат тарихындағы елеулі оқиға. Ғылым мен технологияның дамуы тек тұрмыстық салада ғана емес соғыс пен қару-жарақ өндірісінде үлкен төңкеріс алып келді.
Жаппай қырып-жою қаруы ресми 1945 жылы пайда болды. Сол жылы 16 шілдеде АҚШ-тың Нью-Мексико штатының Аламогордо даласындағы әскери полигонда адамзат баласының тарихындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өтті. Тіпті бұл қарудың адамзатқа қарсы пайдаланылуы да сол жылы, яки 1945 жылы 9 тамызда АҚШ-тың ұйымдастыруымен Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында тіркелді.
АҚШ-тың ізін ала Кеңес Одағы (1949 жылы 29 тамыз), Ұлыбритания (1952 жылы 3 қазан), Франция (1960 жылы 13 ақпан), Қытай (1964 жылы 16 қазан), Үндістан (1974 жылы 18 мамыр), Пәкістан (1998 жылы 28 мамыр) ядролық қаруды сынақтан өткізді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ядролық қару-жарақ түрлері мен оның санын ұлғайту, қарудың мүмкіндігін көрсету мақсатында түрлі сынақтар өткізу бағытында АҚШ пен КСРО арасында үлкен бәсеке орнады. 30 жылға жуық уақыт бойы державалар өздерінің ядролық әлеуетін көтеру мақсатында елдің жалпы ішкі өнімінің 30-40 процентін қару-жарақ өндіру саласына бағыттады. Бұл экономикалық тұрғыдан да ауыр зардаптарға алып келді. КСРО экономикасының әлсіреп, күйреуіне де осы фактор әсер етті деген тұжырым бар. Екі блоктың арасындағы осы тайталас адамзат өркениетінің болашағына үлкен қатер төндіріп, екі тараптың өзара консенсусқа келуімен аяқталды.
Бүгінде әлемдегі ядролық-державалардың саны ресми бесеу. Олар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция. Ал Үндістан, Пәкістан, Израиль ресми мойындамаса да, іс жүзінде ядролық арсеналға ие деп саналады. Әлемдегі ядролық қарудың 90 проценттен астамы АҚШ пен Ресейге тиесілі.
Қазір Солтүстік Корея жаппай қырып жоятын қаруға ие екенін мәлімдеп, түрлі сынақ өткізуде. Айта кеткен жөн, ядролық қарудан бас тартқан елдердің қатарында Оңтүстік Африка, Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеті бар. Аталған елдердің ядролық қарудан бас тартуына байланыс­ты ядролық қаруға ие державалардың қауіпсіздікке ресми кепіл болып, келісімшартқа қол қойған.

БІЗДЕГІ ЯДРОЛЫҚ САЯСАТ
Тәуелсіздік алған жылдардағы еліміздің ядролық әлеуетіне Англия, Франция және Қытай секілді алып державалардың ядролық арсеналын қоса есептегенде де жете алмайтын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Өмір өткелдері» атты кітабының 311-бетінде тəуелсіздік алған жылдардағы Қазақстанның ядролық арсеналы туралы ой қозғаған болатын. Онда «Біздің республикамызда континентаралық баллистикалық зымырандар мен бомбалаушы ауыр ұшақтар үшін зарядтардың 1216 ядролық оқтұмсығы бар болатын. Жұрттың біразы соның бəрі Семей полигонында орналасқандай көретін. Олай емес. Зымырандардың шахталық ұшырғыш қондырғылары елдің қиыр-қиырында жайғастырылған еді. Қазіргі Астананың маңайында, Ақмола облысында стратегиялық мақсаттағы зымырандық əскерлердің дивизиясы орналасқан. Тағы бір сондай зымырандық дивизия Шығыс Қазақстанда еді. Қызылорда жақта 14 шахтадан тұратын ұшырғыш қондырғылар кешені, Семей жақта 12 шахталық кешен тұрды. Бəрін санамалай беріп қайтейін, қысқасы, Қазақстанда жер бетіндегі континентаралық баллистикалық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғы шоғырландырылған еді. 148! Осынша шахтадағы зымырандарды көзге елестетудің өзі қорқынышты! Батыста СС-18 деп аталатын сол зымырандарды көрген сайын денем дір ете қалатын. Жаңағы зымыранның ұзындығы 34 метр, жуандығы 3 метр болатын... СС-18 зымырандары 7 тоннадан астам салмақ алып ұшып, радиусы 12 мың шақырымдай жерді тас-талқан ете алатын. Міне, Кеңес Одағынан бізге осындай мұра қалған» дейді.
Бұл қарулар КСРО-ның ықтимал дұш­паны саналатын барлық мемлекет­тердің стратегиялық объектілері мен қалаларын жермен-жексен етуге қауқарлы болатын. Қазақстанда Курчатов қаласы осы мақсатта қызмет ететін. Сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты да үлкен ғылыми әлеуетке ие еді. Одан қалса Қазақстан әлемдегі уран қоры жөнінен алдыңғы қатарда. Сондықтан ядролық қаруды жасауға қажетті материалдар, ғылыми орта және қаруды орналастыратын, сынайтын шахталар мен полигондар бар болатын. Дегенмен еліміз қауіпті мұрадан өз еркімен бас тартты. Өйткені бұл кейбір сарапшылар айтып жүргендей мүмкіндікпен қатар қауіп-қатердің де, экономикалық және саяси кедергілердің де нақ себебі болар еді.
18 млн гектар жерді алып жатқан Семей полигоны 1991 жылы 28 тамызда ресми жабылды. Аталған полигонда 40 жылдан астам уақыт бойы Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан мыңдаған есе қуатты жарылыстар болып, сол жердің табиғатына, адамдарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді. Сол үшін ядролық қарудан бас тартудың моральдық себептері де маңызды. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына байланысты алып мемлекеттердің елдің қауіпсіздігіне кепілдік міндетін алу да ұзақ дипломатиялық келіссөздер мен табанды талаптың нәтижесінде мүмкін болды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеп, құжатқа қол қойды.

ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының мәліметінше, бүгінге дейін ядролық қаруды таратпауға байланысты бірқатар халықаралық шарт қабылданған. Мәселен осындай шарттың бірі – Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының 2010 жылы 8 сәуірде қол қойған «Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы шарт» (Treaty between the United States of America and the Russian Federation on Measures for the Further Reduction and Limitation of Strategic Offensive Arms, New START).
Бұл құжат бойынша тараптар ядролық оқтұмсықтарды 1550 данаға дейін қысқартуға, ал су асты сүңгуір қайықтары мен ауыр бомбалауыштардағы құрлықаралық баллистикалық зымы­ран­дардың саны 700-ден аспауы тиіс болып келісілген. Аталған шарттың орындалу мерзімі 2021 жылғы 5 ақпанына дейінгі кезеңді қамтиды. Қазіргі таңда аталған келісімшартты одан әрі созуға қатысты келіспеушіліктер орын алуда. Ресей аталған келісімшартты одан әрі жалғастыруға қарсы емес. Ал АҚШ-тың ұстанымы өзгеше. АҚШ тарапы Қытайдың да осы шартқа қол қоюын талап етуде. Егер Қытай осы шартқа қосылмаса, АҚШ келісімшартқа қол қоюдан бас тартады дегенді алға тартуда.
Ал ҚХР Сыртқы істер министрлігі бұл талапқа орай «Егер АҚШ өзінің ядролық арсеналын Қытайдың деңгейіне дейін қысқартқан жағдайда ҚХР да аталған келісімшартқа қол қояды» деген ұстанымын білдірді. Бірақ АҚШ-тың мұндай қадамға бару ықтималдығы аз. Сондықтан бұл салада ядролық державалардың ортақ консенсусқа келуі екіталай.

АПАТТЫ КӨРГЕНДЕР НЕ ДЕЙДІ?
Аудандық «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сағымбаевпен сұқбаттасқан едік. Апат топанын көзімен көрген ол ә дегеннен тосылып қалмады.
– 1949-1989 жылдар аралығында ауданнан полигонға 100-ден астам сарбаз аттанды. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, бірқатарымыз бақилық болуда. Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жерасты жарылыстары ғана жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін, – дейді Болатбек Сағымбаев өткенге сәл шегініс жасап.
Ол кезде әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалады екен. Онда ол жақта көргенін де, білгенін де айтпауға қол қояды. Кейін Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин секілді азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастайды.
– Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Көреген Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы №2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді, – дейді ардагер.
Бүгінде Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер бар. Арнайы жеңілдіктен бөлек, жылына бір рет мемлекеттік бюджеттен көмек алады. Сондай-ақ, көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылған. Бірақ ол қиылған тағдыр мен кеміген өмірге тең келмесі хақ. «Өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын, деп тілеп жүремін. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ» дейді ол сөз арасында.
Иә, бұл апаттан талай Ләйләлар аймен мұңдасып, «мәңгілік бала бейнесінде» қалып қойды. Ғабит Мүсірепов айтқандай, қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін...

Түйін
Әйгілі физик Альберт Эйнштейн «Мен үшінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамдардың қандай қару пайдаланатынын білмеймін. Бірақ төртіншісінде таяқ пен тастарды қолданады» деген еді. Ғалымның бұл пайымы тажал қаруының пайда болып, оны жаһандық соғыста пайдалану нәтижесінде адамзат өркениетінің жермен-жексен болатынын меңзесе керек. Қош. Тәуілсіздік алған тұста ядролық қарудан бас тарттық. Биыл оған тамыз айында 30 жыл толмақ.

Айнұр ӘЛИ
15 мамыр 2021 ж. 528 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 193

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 146

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 309

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930