» » Жаңғырығы жойқын Чернобыль

Жаңғырығы жойқын Чернобыль

Адамзат тарихында қоршаған ортаға зияны мен денсаулыққа тигізетін әсері бойынша жоғары деңгейлік көрсеткішке жеткен ірі ядролық апаттар бар. Соның алғашқысы – Чернобыльдағы АЭС апаты. Бұдан 35 жыл бұрын Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасында алапат апат орын алған-ды. Станса аумағындағы төртінші энергоблокта қатты жарылыс болып, көп мөлшерде радиоактивті сәуле ауаға таралады. Осы техногенді апаттың салдарын жоюға КСРО-ның барлық республикасынан еріктілер қатысса, қазақ жерінен де сарбаздар жасақталып, АЭС-ке аттанады. Алайда апаттың денсаулыққа зияны тиеді дегенді ешкім ойламайды. Ойлағандар болған жағдай да өз өмірін қатерге тігіп, сол жақтағы жергілікті халықтың жағдайын алдыңғы қатарға қояды.
Украина халқының басына түскен қауіп-қатерді жою ісіне ауданнан 14 азамат аттанады. Солардың бірі болған Асылхан Бисенбаев сол кезеңнің оқиғасын еске алып, бізбен әңгімесін бөлісті.
– Жарылыстан кейін 1987 жылы шілдеде аудандағы әскери бөлімде бізді бір ай бойы апат ошағына дайындады. Ол кезде әскерге барып келсең де қатардағы жауынгер ретінде есепте тұрасың. Азанғы сағат 5-те келіп, аман-сау екенімізді білдіріп, тіркеліп жүрдік. Соңғы күні дайындықтан кейін барлығымызды бір бөлмеге жинады. Ол уақытта қазіргідей ұялы телефон деген жоқ. Радиограмма арқылы облыстағы әскери комиссариат бастығы байланысқа шығып, бірден Чернобыльге баратынымызды ескертті. Қалтамызға құжатымызды салып шығумен қатар, әркім өз мамандығы бойынша сол жақта жұмыс істейтінімізді айтты. Таңғы 5-те көлікпен облысқа жетіп, екі күн комиссиядан өттік. Үстімізге жаңа форма киген 80 сарбаз сөйтіп облыстан Украинаға аттандық. Ол кезде эшелон пойызы болғасын жәй жүріспен 1 апта да жеттік. Жеткеннен кейін әрқайсымызды мамандығымыз бойынша жан-жаққа бөлді. Қармақшыдан төрт жігіт Чернобыльден 30 шақырым қашықтықта орналасқан Иванов ауданы, Аранов ауылындағы 74161 әскери бөлімге орналастық. Штабтағы инженер мамандығымды сұрап, астыма трактор техникасын берді. Сөйтіп ОГЕМ механикалық колоннасында үш күн қыш тасыдым. Одан кейін қайтадан жаңа ЮМЗ тракторын ұсынды. Төрт жігіт 15 минуттан кезектесіп жұмыс істеп, 45 минуттан демалып отырдық. Себебі техникада көп отыруға болмайды. Ауаға тараған улы сәуле кез келген жерге қонып залалын тигізуде. Біздің жұмыс құйылған бетондарды бұзу. Бізге дейін жарылыс болған аумаққа топырақ төгіп, үстіне 40 см бетон құйып тастаған екен. Өйткені радиациялық қалдықтар көкке көтерілмес үшін осылайша беті жабылған. Ал бізге берілген тапсырма жер астымен жүргізілген байланыс немесе су каналдарының көзін ашу. Одан бөлек те құлаған бетондарды жару секілді үлкен жұмыстарға атсалыстық. Міне осылай атом-электр стансасында вахталық жұмыс істедім, – дейді куәгер Асылхан Сағынтайұлы.
Әскери тәртіп бойынша азанғы сағат 5-те басталған жұмыс осылайша үш айға созылады. Кейін елдің заңы бойынша отыз жасқа толмағандар елге қайтарылсын деген бұйрық шығып, бірқатар жұмысшылар туған жеріне оралады. Сол бұйрыққа облыстан барған сарбаздар да ілінді. Оның ішінде Өмірбек Шораяқов, Гресс Петро, Владимир Клеменко және Асылхан ағамыз да болыпты. «Ол кезде небәрі 27 жастамын» дейді ол. Стансада үш ай вахталық жұмысын өтеген кейіпкеріміз 6 қарашада елге оралады. Радиациямен ластанған қала осылайша қаншама адамның өміріне залалын тигізбей қоймады. Улы ауаның әсері бір кездері сол кезден-ақ жұмысшыларға кесірін тигізсе, кейіннен де елге жеткен талай сарбаздың өмірін жалмаған.
– Біз ол кезде радиацияның мұншалық қатты әсері бар екенін білмедік. Бірақ мен бірінші 15 күндік жұмыстан кейін-ақ сезіндім. Ол жақта күн салқындау болатын. Күншуақта демалып отырған жерімде ұйықтап кетіппін. Көп ұзамай оянсам еңсемді ауыр зіл басып тұрғандай болды. Басым қатты ауырып тұр екен. Денемді әрең икемге келтіріп, зорға тұрдым. Одан кейін үйреністім бе, әйтеуір білінбей кетті. Менен бөлек сол жерде жүрген адамдардың біразы ауырып, тіпті өліп кеткені де болды. Енді жер үсті және жер асты сулары ластанған, өсімдік тіпті тіршілік атауы қатты уланды десем артық айтқаным емес. Қаншама үй иесіз қалды. Бір қала солайымен бос қаңырады. Үйін қимай көшпей отырғанды да көрдік. Стансадан шыққан көліктерді су шашып жуу арқылы тазалап отырды. Дөңгелекпен ілесіп түсіп қалған майда тас қалдықтарынан радиация тарамас үшін үстін қорғасынмен бастырып қойған. Бір сөзбен айтқанда бұл апат соғыстың залалынан да асып түскені сөзсіз, – дейді Чернобыль ардагері.
Биыл Чернобыль атом электр стансасындағы ядролық апаттың орын алғанына 35 жыл толып отыр. Талай боздақтың өмірін қиған қайғылы оқиға 1986 жылдың 26 сәуірінде орын алды. Дерекке сүйенсек, дүниежүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысқан. Соның 32 мыңы қазақстандық. Бүгінде солардың санаулысы ғана аман қалған. Қазіргі таңда зардапты жоюға атсалысқандардың ішінде аудан бойынша 7 ардагеріміз бар. Олардың басым бөлігі ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер. Сонымен қатар соғыс ардагерлерімен заң бойынша теңестірілген. Ауданда Чернобыль ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып Мирамбек Қосназаров сайланса, Асылхан Бисенбаев төрағаның орынбасары ретінде іргелі істердің ұйытқысы болуда.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
24 сәуір 2021 ж. 443 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 309

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 409

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930