» » » Отты жылдардың ошағы әлі өшкен жоқ

Отты жылдардың ошағы әлі өшкен жоқ

1949 жылдың 29 тамызы. Тура таңғы сағат жетіде қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп кенеттен жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары отты допқа таңырқап қарап тұр. Бұл КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді. 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, ұлт басына түскен тақсыреттер жайында аудандық «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сағымбаевпен болған сұқбатымызда өрбітеміз.

– Болатбек Қитарбекұлы, сіз талай жанның өмірін қиған, талай адамға тағдыр тауқыметін тартқызған Семей полигонына ауданнан барған жанның бірісіз. Бұл оқиғаға қалай тап болдыңыз?

– Иә, біздің ауданнан бұл полигонға 1949-1989 жылдар аралығында 100-ден астам сарбаз аттанған. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Солардың қатарында мен де бармын. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, алдыңғы қатары бақилық болды.

– Ол жақта әскери міндетіңізге не кірді?

– Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жерасты жарылыстары ғана жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау еді. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін.

– Соғыстан да ауыр қасірет алып келген сынақтардың салдары қандай еді?

– Бұл сынақтардан сол кезде талай адам көз жұмғанын, үйлердің қирағаны мен малдардың қырылғанын көбісі біледі. Десе де жаныма қатты батқан, көз алдымнан кетпейтін бір оқиға бар. Бірде кезекті сынақтан кейін келесі жерге қазу жұмыстарын жүргізуге бара жатқанбыз. Кенет айқайлаған дауыс естілді. Ер адамның бар даусымен айқайлағанын, жан дүниесінің қиналғанын көріп пе едіңіз? Бұл дауыс сондай жан айқайдың бірі еді. Дауысқа қарай барғанымызда біресе қираған үйіне, енді бірде жан-жақта жатқан малына жүгірген ер адамды көрдік. Сынақ болады дегенде алысқа қарай қашқанымен, жарылыс толқынынан үйі қирап, малы қырылып қалған. Өмір бойы жинағанын, қолында бар байлығын бір тетіктің күшімен жоқ қылып жіберді. Біреу мал-жансыз қалды, есесіне кезекті сынақ "сәтті" өтіп, нәтижесі алынды. Сол кездегі саясаттың сыйқы осындай еді.

– 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы басталды. Жұрт полигонды жабуды талап етті. Сол қозғалысқа сіздер қандай үлес қостыңыздар?

– Бізден әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалатын. Ол қолхатта біз ол жақта көргенімізді де, білгенімізді де айтпауға қол қоямыз. Кейінірек Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин сияқты азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастады. Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Көреген Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы №2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді.

– Полигонда болған ардагерлердің қазіргі жағдайы қандай?

– Бүгінде Үкімет тарапынан көрсетілетін көмек қатары көп. Арнайы жеңілдік аламыз, зейнетақымызға ақша қосылады. Сондай-ақ жылына бір рет 30 АЕК көлемінде мемлекеттік бюджеттен көмек аламыз. Мына пандемия кезінде де «NurOtan» партиясы 50 мың теңге көлемінде ақша беріп, көмек көрсетті. Сондай-ақ, көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылғанбыз.

– Мемлекеттің назарынан тыс қалдыңыздар деуге әсте келмейді. Бірақ мұның бәрі сол жылдардың алып келген қасіретін толтыра алмайды ғой.

– Иә, мемлекет көмектесіп жатыр. Алайда өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын, деп тілеп жүремін. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ.

– Қазір полигонда қызмет еткен ардагерлердің арнайы қоғамдық бірлестігі бар. Оған өзіңіз төрағалық етесіз. Бірлестік қандай қызметтер атқарады?

– Жоғарыда айтқандай, полигонда азаматтық борышын өтеуге 100-ден астам азамат біздің ауданнан аттанған. Сол ардагерлердің қазір тек 36 ғана қалды. Олардың кейбірі мүгедек, түрлі ауруға шалдыққан. Біз енді солардың басын қосып, үнемі назарда ұстауға қызмет етеміз. Бір-бірімізге демеу болып, қолпаштап келеміз. Ардагерлерге арнап аудан әкімшілігінің көмегімен №250 мектептің қасындағы "Жастар" аллеясында арнайы ескерткіш орнаттық. Биыл сол полигонда әскерде болғандардың барлығының есімін жаздыртып, тақта орнатқызамыз деген жоспарымыз бар.

– Бастамаңыз берекелі болсын. Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
29 тамыз 2020 ж. 685 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031