» » Апат топаны һәм жазылмас жара

Апат топаны һәм жазылмас жара

Ол күн бүгінгідей мейрам емес-ті. Ол кезде мейрамға ұқсар ештеңе жоқ та еді. Апаттан аласұрып, ауыр салмақтан жаншылған жұрттың езу тартуға шамасы болмады. Иә, талайы зардап шегіп, талайдың өмірін киған, біреуді мүгедек, біреуін кемтар еткен Атом полигонының отты лебі әлі өшкен жоқ. Ізінен ауыр мұң, соңынан жазылмас жара қалдырды...
1947 жыл. Тамыз айында КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен шартты түрде «№2 оқу полигоны» деп аталған Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды. 1949 жылдың 29 тамызы. Сағат тілі таңғы 07.00-ді көрсетіп тұр. Тура осы тұста қатты жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге соғылып, аспанға көтерілді. Даласында бір түйір шөп қалмаған мекенде тұрып жатқан ауыл адамдары оған таңырқап қарап тұр. Бұл – КСРО тарихындағы ең алғаш атом бомбасының жарылуы еді. Бұдан кейін Семей полигонында тағы да 455 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылғы атышулы Хиросимадағы жарылыстан 2,5 мың есе көп. Ал оның зардабын шалғайдағы тұрғындар мен әскери борышын өтегендер көрді. 1991 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен полигон жабылып, әлемде Қазақстан ядролық қарудан бірінші болып бас тартты. Ал оған дейінгі болған оқиғалар, адам сенгісіз дүрбелеңді көзі көргендер білмесе, бүгінгілер білмейді-ақ. Иә, орасан апат топаны қазақ даласына, дала «жанына» мәңгілік жазылмас жара қалдырды. Ұлт басына нендей тақсыреттер түсіп еді?
Алдымен мақаламызды жазбас бұрын аудандық «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасына қоңырау шалдық. Әңгімені көпке созбаған ол редакцияға келетінін жеткізді. Келіскен әңгімеден соң араға көп уақыт салмай жасы жетпіске таяған аға буын есіктен енді. Олар – осы бірлестіктің төрағасы Болатбек Сағымбаев пен мүшелері Әубәкір Елбосынов, Жеткерген Әлиевтер еді. Ә дегеннен әңгімені әріден бастаған ағалар еркін сұқбат құрды.
– 1949-1989 жылдар аралығында ауданнан полигонға 100-ден астам сарбаз аттанды. Олардың барлығы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барғандар. Ол уақытта небәрі 18 жаста болған біз, ол жердің қандай сынақ полигоны екенін білмедік. Нәтижесінде елге оралған азаматтар жазылмас дертке шалдықты, қатарымыз бақилық болуда. Біз өзі әскерде 1971-1973 жылдар аралығында болдық. Бізге дейін сутегі бомбасын жарса, біздің уақытта жерасты жарылыстары ғана жасалатын. Басты міндетіміз – жердің астына бомбаны орналастыратын жер дайындау. Одан бөлек, 2-3 шақырымға созылатын траншея қазып, бомбаны іске қосатын детонаторға тоқ жүргіземіз. Кейін арнайы орын дайын болғанда әскерилерді алып кетіп, мамандар сынақ жасайтын. Сынақ барысында жарылыстың күшін, әл-ауқатын өлшейтін, – деді Болатбек Сағымбаев өткенге сәл шегініс жасап.
Ол кезде әскерден кейін «Семей-22» атты қолхат алып қалады екен. Қолхатта біз ол жақта көргенін де, білгенін де айтпауға қол қояды. Кейін Олжас Сүлейменов, Марат Оразалин секілді азаматтар бас көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын бастайды.
– Біз оларды толықтай қолдап, аудан мен облыста үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жалпы бұл қозғалыстың алдына қойған үш мақсаты, талабы бар еді. Біріншіден халықты ояту, екінші полигонды жабу, одан соң зардап шеккендерге заңды түрде көмек көрсету. Көреген Елбасының арқасында полигон 1991 жылы жабылып, 1995 жылғы №2247 жарлығымен полигоннан зардап шеккендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілді, – дейді ардагерлер.
Бүгінде Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер бар. Арнайы жеңілдіктен бөлек, жылына бір рет мемлекеттік бюджеттен көмек алады. Сондай-ақ, көлік пен жылжымайтын мүлікке төленетін салықтан толықтай босатылған. Бірақ ол қиылған тағдыр мен кеміген өмірге тең келмесі хақ. «Өзіңмен бірдей қызмет еткен жолдастарыңнан көз алдыңда айырылып қалғанда қатты қиналасың. Қызметтес бауырларыңның жазылмас дертке шалдыққанын, радиациядан пайда болған ғасырлық індеттің әсерінен ұрпақтары мүгедек болып туылғанын көру оңай емес. Отты жылдардың ошағы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Сол үшін де мұндай қиын күндер адамзаттың басына төнбесін, келер ұрпақ аман болсын, деп тілеп жүремін. Ал өмірден өткендердің рухына қол жайып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ» дейді олар сөз арасында.
Биыл халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына – 32 жыл. Тәуілсіздік алған тұста ядролық қарудан бас тарттық. Оған да биыл тамыз айында 30 жыл толмақ. Қош. Орасан апат топанынан талай Ләйләлар аймен мұңдасып, «мәңгілік бала бейнесінде» қалып қойды. Иә, Ғабит Мүсірепов айтқандай, қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін...
Айнұр ӘЛИ

27 ақпан 2021 ж. 539 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031