Індеттің емі – екпе
Күншығыс елінде 2019 жылы індеттің алғашқы ошағы тұтанып, аталған қала тұрғындары карантинге қалған еді. Әлемді әбігерге салып, көпке алаң тудырған індеттің қайта белең алуы жер шары тұрғындарын тағы да қауіппен өмір сүруге бейімдеуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ғалымдар коронавирусқа қарсы тосқауыл болар жалғыз жол екпе екенін жиі айтып жүр. Мемлекет басшысы тарапынан да бұл мәселеге қатысты пікір білдіріліп, нүкте қойылды. Десе де тұрғындар арасында вакцина алуға салғырттық таныту әлі де кездесіп отыр. Оған дәлел, аудандағы эпидемиологиялық ахуал.
Ауданның бас санитар дәрігері ұсынған соңғы ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері «COVID-19» ауруымен тіркелген науқастар саны – 180. Ал 12 шілдеден бастап тіркелген науқастар саны – 55-ке жеткен. Шағын аудан болсақ та, бұл сандар күн өткен сайын көбейіп келеді. Елді алаңдатары да осы.
– Ауданда коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты емес. 12 шілдеден бері 55 науқас тіркелді. Оның 14-і бала. Науқастармен қарым- қатынаста болған жандардың саны – 197. Олардан тиісті сынамалар алынуда. Сондай-ақ олар үнемі біздің бақылауымызда болады. Бір айта кетерлігі дертке шалдыққан жандардың 36-сы симптомсыз. Сондықтан оны арнайы сынама арқылы ғана анықтадық. Сіз ауырмасаңыз да, сол дертті алып жүріп, өзгеге жұқтырып жүруіңіз мүмкін. Сондықтан да уақытылы тексеруден өтіп, сынама тапсырып тұрған абзал. Вирус жұқтырушылар саны өткен жылмен салыстырмалы түрде азайғанымен, сақтық шараларын бір сәтке де ұмыт қалдыруға болмайды. Вирустың белең алу қаупі әлі де сейілген жоқ. Эпидахуал тұрақты көрінгенімен, бойды босқа салуға болмайды. Бірқатар Еуропа елдері мен Қытайда вирустың жаңа толқыны қайта тіркеліп жатыр. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Бір өкініштісі, 12 шілдеден бері тіркелген науқастар арасында дерт құрсауына ілінген бір адам өмірден өткен. Коронавирустың еліміздің талай белді тұлғаларын, халқымыздың жақын туыстарын арамыздан еріксіз әкеткені белгілі. Бұл – мемлекет үшін, қала берді әрбір отбасы үшін қайғылы жағдай болды. Осындай орны толмас қаза орын алмас үшін дертке қарсы дайындалған вакцинаны уақытылы алған жөн. Медицина мамандары да індетті жеңуде вакцинадан өзге жолдың жоқтығын алға тартады.
– Қоғам коронавирус індетінің өзге де аурулар секілді арамызда жүргеніне көндігуі керек. Өзге аурулар секілді бұдан шығар жол бар. Ол әрине екпе алу. Қазір елімізде вакцинаның шетелдік және отандық түрлері бар. Ауданда да таңдауыңыз бойынша ревакцинациядан өтуіңізге болады. Өз басым, маман, ана, әже ретінде ұрпағымның болашағына алаңдаймын. Біз бүгінгі жастарға, келешек жас ұрпаққа үлгі болуымыз керек. Осы орайда барша аналарды, жастарды еліміздің болашағына бей-жай қарамай, тезірек қалыпты өмірге оралу үшін екпе алуға шақырамын, – дейді Г.Төлепбергенова.
Ел арасында вакцина жайында түрлі жалған ақпараттар бар. Алайда олардың дәлелденбегенін, ресми ақпарат көздері дәлелдеп беріп отыр. Осындай алмағайып заманда тек ресми дереккөздерге сүйеніп, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді арттыруымыз керек. Бірлік болған жерде ғана індеттің ауылы алыс болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ