» » Ауылы жақсы қандай-ды

Ауылы жақсы қандай-ды

АУДАНДАҒЫ ЖЫЛ САНАП ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АУЫЛДЫҢ БІРІ – АҚАЙ. ОЛ АЛҒАШЫНДА КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫ ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ – ЛЕНИНСК ҚАЛАСЫН ҚАЖЕТТІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҚСАТЫНДА 1957 ЖЫЛДАРЫ No22 ӘСКЕРИ КЕҢШАР БОЛЫП ҚҰРЫЛҒАН. РЕСМИ ТҮРДЕ ОСЫЛАЙ АТАЛҒАНЫМЕН ХАЛЫҚ ОНЫ ТАРИХИ МӘНІНЕ БОЙЛАП, СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ БІРНЕШЕ ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕГІ АРАЛДЫҢ АТЫМЕН "АҚАЙ" ДЕП АТАП КЕТКЕН. МҰНДА КЕЗІНДЕ ЕТ КОМБИНАТЫ, ТАУЫҚ, СИЫР ФЕРМАЛАРЫ МЕН СЫРА ЗАУЫТЫ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН.
Сол бір уақыттарда 1000-нан сәл ғана асатын тұрғыны болған елді мекенде қазіргі таңда 5761 адам тұрады. Талай тарихи сатыдан өткен ауыл бүгінде әлеуметтік жағдайы артып, кескін-келбеті көркейе түсуде.
Мұнда 4 балабақша, 2 орта мектеп, емхана, клуб, кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, заман талабына сай ашылған бірнеше шаруа қожалығы, наубайхана, кондитер цехы, шаштараз, жанар-жағар май құю бекеті, дүкен, тойхана, тағы басқа да бірқатар кәсіп, қызмет түрлері өркен жайып, тіршілігі жандана түскен. Тұрғындардың имандылық, адамгершілік қасиеттерін арттыруда "Мүсірәлі Сопы Әзиз" мешіті жұмыс істеуде. Сондай-ақ еліміздегі азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған үкіметтік емес ұйымдар да елді мекенде жаңаша өріс алып, белсенділік танытуда. Атап айтқанда "Ақсақалдар алқасы" қоғамдық бірлестігі, ауылдық әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер қауымдастығы қоғам өміріне етене араласуда. Тарихи жолында құрылымдық жағынан бірнеше мәрте өзгерген Ақай ауылы құрылғаннан бастап 1993 жылға дейін халық депутаттары Төретам поселкелік Кеңесі атқару комитетінің қарамағында болып келсе, оған 1978 жылдан бастап 1993 жылға дейін қыстақтық Кеңестің төрағасы болып Халида Төлебайқызы сайланған. 1993 жылдың соңына таман Ақай ауылдық әкімшілік ретінде қайта құрылып, оған Тыныштықбай Жаппасбайұлы әкім болып тағайындалған. Ал 1997 жылы елді мекен Төретам қыстағының қарамағына өтіп, 2001 жылға дейін қыстақтың әкімі Ырзақұл Нұртаев болған. 2001-2005 жылдар аралығында Нұртілеу Салықов ағамыз басқарады. Одан соң 2004 жылы ауылдық округі болып құрылып, әкім аппараты ашылды. 2005-2006 жылдары ауыл әкімі қызметін Мырзабек Демесінов қолға алса, мұнан кейінгі ауылдың 10 жыл бойғы тізгіні білікті маман Райхан Байшораеваға сеніп тапсырылды. Міне, содан бері берекелі мекенге істе мығым, көңілде нәзік қыздар қауымы басшылық жасап келеді. Ауылға Райхан апамыздан кейін Гүлсара Умарова басшылық етсе, бүгінде тәжірибелі маман Эльмира Қазиева тізгін алған.
Ауыл – қазақтың қаймағы бұзылмаған қазыналы мекені. Ондағы әрбір тірлік болашақтың берік іргетасын қалап, келешегіне кемел жол бастай алады. Өсіп-өркендеген елдің ынтымағы артып, бақ-берекесі тасымақ. Осы ретте елдің тыныс-тіршілігін білу мақсатында ауыл әкімі Эльмира Ордабайқызымен сөйлескен болатынбыз.
– Ақай ауылдық округінде халық саны 5761-ді құраса, оның экономикалық белсендісі 3195, жұмыспен қамтылғаны 1771, жұмыс істемейтіні 125, жұмыссыздыққа тіркелгені 51, өзін-өзі жұмыспен қамтығаны 1299 адам. Әлеуметтік салада жыл көлемінде 21 отбасы, яғни 104 адамға 3037 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Қоғамдық жұмысқа 7, жастар практикасына 4 адам қабылданды. Пробациялық есептегі 11 азамат мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тартылды. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 246. Жыл басынан бері 48 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелді. Жыл басынан осы кезге дейін 1 тойхана, 2 тамақтану орны, 1 мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы жол тартса, 23 азамат жұмыспен қамтылды. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 12 жоба іске асып, оның ішінде МІҚ шаруашылығына 3, қызмет көрсету саласына 8, тігін цехына 1 жоба арналса, 1 азамат мал шаруашылығын дамыту бойынша грант иегері атанды. Басқа да бағдарламалар аясында 3 жоба ЖК Е.Жаппасбаев жылыжай кешенінің құрылысына 8 млн теңге алса, қалғаны кәсіптерін ұлғайтуға құжаттарын тапсырып отыр. Ауылдық округте 6 өндірістік жоба ашу жоспарлануда. Олар – рипсы қытырлақ өнімі, биогумус, жылыжай, кондитер өнімдерін шығару. Осы жылы ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз етуде ауыл әкімшілігі мен «Әлиасқар ата» шаруа қожалығы арасында екі жақты меморандум жасалып, мал азығында тапшылық болмайды деп отырмыз. Жалпы елді мекенде барлығы 721 бас мүйізді ірі қара, 372 бас жылқы, 207 бас түйе, 1540 бас қой мен ешкі, 523 құс бар, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ақайда тұрғындар денсаулығын сақтау мен алдын алуға байланысты дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Онда науқастарға 2 дәрігер, 18 медбике, 3 кіші аяжан, барлығы 27 адам еңбек етуде. Білім-тәрбие саласында 2 мектеп болса, ондағы жалпы бала саны 1086, мұғалім саны 146-ны құрайды. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша No99 орта мектеп 83,0 балға қол жеткізсе, No279 мектеп-лицей шәкірттері 98,6 балл жинап жоғары көрсеткішке ие болды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің 3-уі «Алтын белгі», 6-ауы «Үздік аттестатқа» ие болып, мерейлері үстем болған жайы бар. No99 орта мектеп бойынша Арайлым Жұманова, Арман Айгелдиев, Назерке Мақсұт, Аида Қарабекова «Үздік аттестат» алса, No279 мектеп-лицейі бойынша Нүрия Дарбаева, Әсия Айсариева, Зарина Ержанова «Алтын белгі» және Дана Нұржанова мен Алина Әбдіқалықова «Үздік аттестатқа» бітірген. Ауылда 4 балабақша жұмыс істесе, оның 3-еуі мемлекеттік, 1-еуі санаториялық, 1-еуі жекеменшік ясли-бақша. Онда 479 бала тәрбиеленіп, оларды 85 педагог қызметкер тәрбие, білім нәрімен сусындатуда. Ал спорт және дене шынықтыру саласында No16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2 жаттықтырушы бапкерлік етуде. Мамандардан 45 бала самбодан, 40 бала бокстан дәріс алуда. Сондай-ақ ЖК С.Ниязов «Алладин» балалар ойын-сауық орталығын қайта бейімдеп, «Пионер Байконур» таэквондо жаттығу залын ашып, спортқа тілек білдірген 70 баланы жаттықтыруда.
– Елді мекенде ұзындығы 31,42 шақырымды құрайтын 39 көше бар. Оның 23-і жарықтанған. 13-і асфальттанған, 21-і топырақты, 4-еуі қиыршық тасты келсе, 1-еуіне плита төселген. Жақсы жаңалығымыз – биыл ауылымызда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен «Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Ақай елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу» жобаcы әзірленіп, жоба сараптамадан өткізілді. Аталған жобаны іске асыруда газдандыру жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен 300,0 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес тиісті жұмыстары атқарылуда, – дейді ауыл әкімі Эльмира Қазиева жүргізіліп жатқан шаруалардың бір парасымен таныстырып.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)

19 тамыз 2022 ж. 695 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930