» » Армысың Ақай!

Армысың Ақай!


МЕРЕКЕЛІК ДЕМАЛЫСТАН СОҢ, СӘРСЕНБІНІҢ СӘТТІ КҮНІНДЕ ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІР ЫСТЫҒЫНА ҚАРАМАСТАН КЕЗЕКТІ АУЫЛҒА САПАРҒА АТТАНДЫҚ. МАҚСАТЫМЫЗ – ОҚЫРМАН ҚАУЫМҒА ЕЛДЕГІ ОҢ ӨЗГЕРІСТІ ЖАРИЯЛАП, ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ҮЛГІ ЕТУ. БҮГІНГІ ДІТТЕГЕН ЖЕРІМІЗ АУДАННАН 85 ШАҚЫРЫМ ҚАШЫҚТЫҚТА ОРНАЛАСҚАН АҚАЙ АУЫЛЫ. «ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ» ДЕГЕНДЕЙ, КӨЗДЕГЕН МЕКЕНГЕ ДЕ ЖЕТІП, ҚАҒАЗ-ҚАЛАМЫМЫЗДЫ САЙЛАП АУЫЛ ӘКІМДІГІНЕ БЕТ АЛДЫҚ.

Бүгінгіні бейнелемес бұрын, та­рихқа зер салсақ, Ақай ауылдық округі алғашында Кеңестер Одағы космонавтикасының орталығы – Ленинск қаласын қажетті ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 1957-1958 жылдары №22 әскери кеңшар болып құрылған. Ресми түрде «әскери кеңшар» делінгенімен, халық оны Сырдария өзеніндегі бірнеше шақырым жердегі аралдың атымен «Ақай» деп атап кеткен. Мұнда кезінде ет комбинаты, тауық, сиыр фермасы, сыра зауыты болған. Ақай ауылы 1957 жылы құрылғаннан бастап 1993 жылға дейін Төретам поселкелік Кеңесі атқару комитетінің қарамағында болып келген. 1993 жылдың желтоқсанында Ақай поселкелік әкімшілігі құрылып, Ленинск қаласына қарасты болса, 1997 жылдың шілдесінде ауыл қайтадан Төретам қыстағы әкімшілігінің қарамағына берілді. 2004 жылы Ақай ауылдық округі құрылып, өз алдына әкімшілік ашылды. Мұнда 5761 тұрғын тіршілік етеді. Халықтың басым бөлігі Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясының мекемелерінде жұмыс істейді. Ал ауылдық округ жыл сайын жақсы жаңалығымен қуантып, жыл өткен сайын көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді.
– Ауылда оң өзгерістер көп. Мем­лекеттік бағдарламаның арқасында кәсіп ашып, нәсібін көріп отырған жандар көбеюде. Жұмыссыздар саны да былтырғыға қарағанда азайды. Биыл ауылдағы 7 көшеге асфальт төселіп, стритбол алаңы салынбақ. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы мен үлкендерге арналған тренажерлер қойылады. Бұл алаң үлкендер мен балалардың уақытты тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстануына сеп болмақ. Ал алдағы мақсат – ауылда мал шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын қолжетімді бағамен ет, сүт, май, тағы басқа мал өнімдерімен қамтамасыз ету. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуда мем­лекеттік бағдарламалар аясында азаматтардың несие алуына ықпал жасап, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында әсіресе жастарды мейлінше көбірек тарту. Осының нәтижесінде азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдағы жұмыссыздық көрсеткішін төмендету. Себебі жұмыссыздар саны азайып, ел кәсіпке ден қойса, халықтың әл-ауқаты жақсарып, ауыл одан әрі дами бермек, – дейді ауыл әкімі Гүлсара Умарова.
Кәсібің – нәсібің

Ауылда кәсіпкерлік бағытта атқарылған жұмыстардың легі көп. Бұл мекенде мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен де, өз қаражатымен де кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Қазіргі уақытта мұнда 62 кәсіпкерлік нысан елге қызмет етуде. Оның ішінде 26 дүкен, 3 наубайхана, 1 кондитер цехы, 4 тойхана, 1 кафе, 2 тіс емханасы, 4 шаштараз, 3 көлікке қызмет көрсету орталығы, 2 көлік жуу орталығы, 3 тігін цехы, 1 ағаш шеберханасы, 3 пластик цехы, 3 жиһаз цехы, 2 құс фермасы, 3 монша, 1 пошта бар.
Биыл «Бастау Бизнес» курсы арқылы 5 азамат грант жеңіп алған. Оның 3-еуі мал шаруашылығына арналса, біреуі қолөнер және тігін цехы, енді бірі сұлулық салонын ашуды көздеуде. Сонымен қатар 10 жоба ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан қаржыландырылса, тағы да 4 жобаның құжаты өткізіліп, қарастырылу үстінде. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асуда. Сондай-ақ жаңадан іске қосылған нысанның бірі – «Шенеусизов FE» атына тіркелген газоблок шығару орны. Бұл нысан тұрғынның өз қаражаты негізінде ашылған. 5-6 жыл көлемінде салынған ғимараттың ауқымы кең.
– Біздің тапсырыс алып, жұмы­сымызды бастағанымызға 2 айдан асты. Әзірге тек сұраныс бойынша ғана өнімді ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта көп мөлшерде түрлі өлшеммен газоблок өнімдерін дайындап қою жоспарда бар. Тапсырыс ауыл ішінен, ауданға қарасты ауылдар мен облыс орталығынан келуде. Қажетті химиялық қоспаларды Алматы қаласынан алдырамын, – дейді жеке кәсіпкер Жеңіс Сүйіндікұлы.
Мұндағы өнімнің құны өлшеміне қарай 1000, 1500, 2000 теңгеден бағаланады. Өзге блоктардан өзгешелігі ыстықты өткізбей, суықты жібермей бір қалыпта ұстап тұруында. Оның мұндай қасиеті өнімнің ауа өткізгіштігінде екен. Әзірге отба­сылық кәсіп ретінде жұмыс жүргізуде. Тапсырыс көлемі артып, өнімге сұраныс артса, бірнеше адамды жұмыспен қамтымақ. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, құрылыс жұмыстары күн са­йын көбейіп келеді. Ал газоблок сапалы құрылыстың кепілі болмақ. Сондықтан да бұл кәсіптің берері мол, ауқымы кең, ісі берекелі боларына сенім мол.

Жақсы істің басында

Бұл ауылда жүйелі жұмыс жүргізіп, аталық ақылын, үлкендік нақылын айтып, жақсылыққа нұсқап отыратын жандар жетерлік. «Ақсақалдар алқасы» тұрақты жұмыс істеп, оған бірнеше жылдан бері Жақсылық ақсақал төрағалық етеді. Ғұмыры өнегелі қартымыз сексеннің сеңгіріне шықса да, ел болашағы үшін еңбектенуден аянбайды.
– Ауылдың көркеюі – еліміздің көркеюі деп білу керек. Себебі бүкіл қазақы болмыс пен ұлттық құндылық ауылдан басталады. Ауылдағы бақтың құрылуына, мектепке Елеу Көшербаевтың есімінің берілуіне себепші болдық. Ауыл ішінде ары-бері жүргенде бақ ішінде жастардың серуендеп жүргенін көріп, еңбектің еш кетпегеніне қуанамын. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген дана хал-қымыз. Өсіп келе жатқан жас буынға Отанды сүюді, туған жерді, туған елді қадірлеуді сөзбен емес, осындай нақты істермен көрсете білгенге не жетсін?! Бұл дүниеге келген соң, артыңда жақсы із қалдырып, елге пайдаңды тигізу парыз. Осы жолда ақсақалдар алқасы ақыл сұраған жанға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуге қашанда дайын. Тұрғыны жан-жақтан жиналғанмен ауылымыздың бірлігі мығым. Осыған қуанамын. Карантинге дейін алқа мүшелерімен аптаның әрбір сейсенбісінде жиналып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Қазір ондайға мүмкіндік жоқ, Індет іргемізден алыс­тап, бұрынғы мамыражай уақыт тезірек қайта орнаса екен, – дейді ақсақалдар алқасының төрағасы.


Жақсыбаевтардың жасыл бағы

Ауылды аралап жүріп, тұрғын­дардан бау-бақшасы жайн­аған ауланы сұрадық. Бағыттаған мекен-жайға келіп, көңіліміз толды. Расында да «Іздегенге – сұраған». Аулаға ене бергеннен жайқалған жасыл бақ алдымызда тұр. Бұл ауыл тұрғындары – Жақсыбаевтардың құтты шаңырағы. Қазыналы қария Серік ақсақал ұзақ жылдар бойы жүргізушілік қызмет етсе, Маржан апамыз балабақшада тәрбиеші болыпты. Мінезінің жайлылығы немесе тілінің тәттілігінен бе балалар оны «Шоколад әже» деп атап кетіпті. Бүгінде зейнет жасындағы қариялар 5 перзент өсірген. Олардан 5 немере, 1 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Қолдары қалт етсе, бау-бақшасынан шықпайтыны көрініп тұр. Бақша ішінде түрлі жеміс ағаштары, жүзім, қияр-қызанақ секілді көкөністер, көздің жауын алар әдемі гүлдер де бар. Олардың бұлай жайқала өсуіне есепсіз еңбектің кеткені рас.
– Мен әрбір өсімдікпен сөйлесіп жүремін. Себебі олар да тірі дүние ғой. Жылы сөзді жақсы көреді, қандай көңілмен баптағаныңды сезіп тұрады. Айналаның жап-жасыл болып тұрғаны көңіліме қуаныш сыйлайды. Сондықтан бұл жұмыстарға ерінбеймін. Шын көңілімнен беріліп жасағанымнан шығар, еккен нәрсем өнім беріп, жайқалып шыға келеді. Әдемілікке жаным құмар, – дейді Маржан Жақсыбаева.
Расымен де әдемі гүлдермен көмкерілген ауланың сәнін кіргізіп тұрған тағы бір нәрсе бар. Еріксіз назарымызды аудартқан сұлулықтың барлығы осы Маржан анамыздың қолынан шыққан. Ол ауладағы әрбір жақтау, орындықтың жиегі, үстелдің үсті, қазанның қақпағы секілді дүниеде түрлі сурет пен қазақы оюдың болуы. Бұған таудай төзім мен шыдам, әрі қолдың ептілігі керек-ақ. Бақшасы жайқалған, ауласы сәнделген үйдің айналасы да жып-жинақы, тап-таза. Көрсең көз тоятын аулаға, олардың еңбекқор тұрғындарына әкімдіктен ауыл бо­йынша «Үлгілі үйдің тұрғындары» деген атақ беріліп, тақтайша ілініпті. «Мен мақтанғанды аса ұнатпаймын» деген анамыз, тақтайшаны алып, сақтап қойғанын жеткізді. Ұрпағына ғана емес, бүкіл ауыл жұртына ісімен, мағыналы ғұмырымен үлгі болған осындай жандардың қатары көбейсе игі. Қазақылықтан айнымаған ардагерлер ас-суын, бақшасынан шыққан алғашқы өнімдерін ұсынуды да ұмыт қалдырмады.


Жеңімпаздар мекені

Ақай өңірінде сан салада жетістікке жетіп, білімі мен білігінің арқасында көп қошеметіне бөленіп жүрген жандар жетерлік. Мектеп оқушылары арасынан да білім бәйгесінде бас жүлдені қанжығасына байлаған шәкірттер мен олардың білікті ұстаздарын газет бетіне жариялаудан жалыққан емеспіз. Аудан үшін білім белесінде айшықты орны бар ауыл спорт саласында да мықтылардан кенде емес. Соның бірі – Наурызбек Бердалыұлы. Спортты өміріне серік еткен ол 1999 жылдан бері самбо күресімен айналысады. Түрлі додада жеңіс төрінен көрініп, ауыл, аудан, облыс, рес­публика мақтанышына айналған спортшының жетістігі мол. Әскери самбо күресі бойынша 2017 жылы Қазақстан чемпионатында бас жүлдені, әлем кубогында І орын иемденген спорт шебері бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеуде.
– Қазіргі уақытта аудандық №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Ақай ауылындағы филиалында самбо күресі бойынша жетекшілік етемін. Мұнда самбодан бөлек, бокс үйірмесі де бар. Балғындардың арасында спортқа қызығушылық танытатындар көп. Дайындаған шәкірттеріміз де жеңіс төрінен көрініп, мерейімізді асыруда. Диас Жеткергенов есімді шәкіртім республикадан ІІІ орынды иемденіп, жеңіс төрінен көрініп жүр. Талабы зор өзге шәкірттерімнің де жеңісті сәттерінің көп болатынына сенемін. Спортшыға ең қажеттісі өз саласына қызығушылық танытып, шынайы қалау. Әзіресе өзіңмен өзің шынайы болған сайын нәтиже де айқын бола бастайды. Жеңіске жеткен сайын, алға қарай ұмтылыс да арта бермек, – дейді спорт шебері.

ТҮЙІН
Сапарымызды аяқтап, ауданға қарай бет алдық. Жаңа жермен, жаңа адаммен танысу, ерекше сұқбат құру көңілге қуаныш сыйлайды. Жақсы істің басында жүрер қариясы, еңбекке құмар кәсіпкері, ісімен үлгілі тұрғыны, жетістігі мол балғыны бар ауылды көріп риза болдық. Ажары айшықтала түскен Ақайдың асқақтай береріне сенім мол.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (суреттер)

12 шілде 2021 ж. 817 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031