» » Қария сөзі – тәрбие көзі

Қария сөзі – тәрбие көзі

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, айрықша құрметтеп келген. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөз бар. Қарты бар ел қашанда қазыналы. Қариялардан үйренер өнеге мен алар тәлім-тәрбие мол. Шежірелі қарттар – сарқылмас тәрбиенің қайнар бастауы. Жас буынға айтары, өнегелі ісі бар жанның бірі – төретамдық Әбутәліп Ниязбаев.
Ол 1949 жылы Диірментөбе бекетінде теміржолшылар жанұясында өмірге келген. Кент орталығындағы No105 мектепте білім алады. Мектепті тәмамдап, оқуға түсер шақта анасы өмірден өтіп, үйдің үлкені болған соң, оқуды кейінге қалдырады. Бауырларына қарайлап, жоғары білімнен бас тартқан ағамыз бүгінде өз әулетінде үлкен құрметке ие. Өмір ағынымен әскер қатарында болып, онан соң теміржолшыларға арналған 9 айлық курсты меңгереді. Курсты бітірген соң, әке жолын жалғап, теміржолшы болып жұмысқа тұрып, осы жұмысты үзіліссіз 52 жыл атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шығады. 52 жыл дегеніміз – жарты ғасыр. Иә, осынша уақыт бір жерде, бір мамандық иесі болу үшін таусылмас төзім мен өз ісіңе деген махаббат, отбасы алдындағы жауапкершілік керек-ақ. Әскерден келгеннен кейін, отбасын құрып, зайыбы екеуі 1 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиелейді.
Зейнет жасында отырса да Әбутәліп атамыз қоғамның бел ортасында. Мектепте ардагерлер алқасы болса, замандастары мен ауыл тұрғындары арасында абыройлы ақсақал. Тақадай тәртіпті жаны сүйетін, тазалықты қош көретін атамыздың үйінің айналасы да жинақы. Бау-бақшасы, жеміс-жидегі жайқалып-ақ тұр. Бір қызығы жағалай егілген теректерге немерелерінің атын қойыпты. Жайсана, Адия, Ақберен атты немерелерімен аттас теректері аулаға сән беруде. Олар бойшаң боп көкке көтерілген сайын қуанып отырады екен.
– Осы үйді жаңадан салғанымызға 7-8 жылдай уақыт болды. Жаңа үйдің айналасы бос болмасын деп алғашында 6 түп шие ектім. Кейіннен ол тамырлап, жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алма, өрік, арша, жиде де бар. Осыларды күнде суарып, баптаймын. Су бар, жарық бар. Аллаға шүкір. Жақын уақытта газ да келіп қалады. Енді тек ел ауызбіршілікте болса болғаны. Биылғы жылдың басы үлкен толқумен басталған еді. Қазір барлығы жақсы. Жақсы өзгерістер, бастамалар қолға алынып жатыр. Барлығы оңынан болса дейміз, – дейді ардагер.
Аузында аталы сөзі, ақ тілегі, өткенге салауаты мен бүгінге шүкіршілігі бар қарттың бүгінгі жастарға айтары да мол.
– Қазір біздің замандастарымыздың кейбірі «жастар үлкендерді сыйламайды» деп кейіп жүреді. Мен оларға өзгеге сыйлы болу үшін алдымен өзің соған сай болуың керек деймін. Өзің әрдайым өнегелі сөз айтып, тәлімді іс жасасаң, көрген кезде көңіл тоятындай қарым-қатынас құрып, кез келген адамға құрметпен қарасаң, өзің де құрметті боласың. Жан-жақтан балаларым, келіндерім, немерелерім келген кезде үнемі үлкенді сыйлау керегін, қарсы сөйлемеуді, көшеде бейтаныс қарт кездессе сәлем беруді, үлкеннің алдын кеспеуді құлақтарына құйып отырамын. Бүгінгі келіндер ескере бермейтін бір жайт бар. Біздің осы Қызылорда өңірінде еттен кейін келіндер тізіліп табақ алады. Осы кезде теріс бұрылмай, артқа шегініп бөлмеден шығу да үлкен мәдениеттіліктің белгісі. Бұл қарапайым нәрсе болып көрінгенімен, мәні тереңде. Үлкенге құрмет жасап, иіліп, үлкен асты алған соң, дереу кері бұрылу көрер көзге де оғаш көрінеді. Осыны білмейтіндер біле жүрсе деймін. Онан бөлек, осы кезде жарыммен отасқанымызға 50 жылдан асып барады. Осы уақыт аралығында жарымды бір балағаттап немесе қатты сөйлеп көрмеппін. Ата-ана арасындағы мұндай жылы қарым-қатынасты көріп өскен бала да өскенде осыны қайталайтыны анық. Бұл біздің айтып емес, ісімізбен көрсеткен тәрбиеміздің бір бөлігі, – дейді қазыналы қарт.
Өнегелі жанның өмір жолымен танысып, есті әңгімесін көңілге түйіп бір серпіліп қалдық. Рухани әңгіме жаныңа қуат, рухыңа нәр сыйлайды емес пе?
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
14 тамыз 2022 ж. 528 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930