» » Әулет тізгінін жалғаған

Әулет тізгінін жалғаған

Дәстүр бойынша теміржолшылар өздерінің кәсіби мерекесін тамыздың бірінші жексенбісінде тойлайды. Жалпы, темір жол көлігі Қазақстан экономикасын дамытуда басты рөл ойнап, жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың негізгі бөлігі. Кез келген мемлекетте теміржолдың атқарар рөлі зор. Ол қалаларды бір-бірімен жалғайтын ең маңызды транспортты артерия болып қала бермек. Елімізде өткен ғасырдың 30-жылдары пайда болған қос рельсті көлік бірнеше мыңдаған адамдарды жұмыспен де қамтамасыз еткені рас. Мәселен, қазір де «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамында 150 мыңнан аса адам еңбек етеді. Болат жолдың бойынан нәр алып, өз заманында үлгілі еңбек еткен теміржолшылар династиясы баршылық. Бүгінде олардың ізін ұрпақтары жалғап келеді. Осындай жанның бірі – Жосалы стансасының қызметкері Гүлнар Нұрмаханова.
Гүлнар Тілеулесқызының әкесі де, анасы да осы теміржолдан нәсібін тапты, отбасын асырады. Сондықтан болса керек бұл үйден өсіп- өнген жас жеткіншектер «теміржолшы» болуды мақсат етті. Ағайынды төрт бауыр бүгінде ата-ана ізін жалғастыруда. «Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс» дейді кейіпкеріміз. Себебі, олар ата-анасына еріп жүріп, мұндағы тынымсыз тірлікті көзбен көріп, көкейге түйіп ержеткен.
– Әкем бала кезімізде «Теміржолда болашақ бар. Осы салада еңбек етіңдер» деп айтушы еді. Біз бақытымызды теміржолдан таптық. Әкеміз салған жолменен білім алдық, жұмысқа да орналастық. Қызметтік жолда жүріп, өмірлік жарыммен де таныстым. Өзім теміржолшы әулетте өсіп, теміржолшылар әулетіне келін болып түстім. Жолдасым да, ата-енем де осы саланың мамандары. Барлығымыз бір салада жүргендіктен шаңырағымызда түсініспеушілік орын алған емес. Негізінде 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істеу әйел адамға ауыр. Ер адамға жүктелген міндет біздің де мойнымызға артылады. Қызмет ер, әйел деп бөлінбейді. Баршамызға қойылар талап бір. Сондықтан қай істе де өзіме тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысамын, – дейді Гүлнар Нұрмаханова.
Иә, ата-ананың өмірдегі жетістігі – осы балалары, байлығы – немере-шөберелері. Теміржолшылар әулетінен өрбіген перзенттердің ешқайсысы жаман болған жоқ. Әке мен ана атына кір келтірмей, саналы азамат атанды. Өсті, өнді, жетілді. Енді міне, мерейлі отбасының мерейін тасытып отыр. Өздері де ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі отбасының үлгісін көрсетуде.
– Осында сала ардагерлері еселі еңбек етті. Өзіміз де осындай тәжірибелі мамандардан тәлім-тәрбие алдық. Бүгінде сол кісілерден білгенімізді жастарға үйретіп, солардың өсіп-өнгеніне атсалысып жүрміз. Себебі менің бұл салаға келгеніме отыз жылдан асты. Мұнда босаңсуға болмайды. Себебі адам тағдырынан қымбат жауапкершілік жоқ. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да солай сіңімді болады екен. Сондықтан да балаларыма қай істе де жауапкершілікпен адал еңбек еткенде ғана абыройлы боласыңдар деп айтып отырамын. Қазіргі таңда тұңғышымыз біздің жолымызды жалғап, теміржол саласында табысты еңбек етуде, – дейді ол.
Саналы ғұмырын теміржол саласының дамуына сүбелі үлес қосуға арнаған қос әулеттің әр мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп өсті. Атакәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үлкен шаңырақта қазіргі күні үшінші буын осы теміржол саласына қызмет қылып жүр. Көптің қызметіне жарайтын күре жолда бұл әулеттің әрбір мүшесінің өзіндік қолтаңбасы сақталып қала бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА,
Айнұр ӘЛИ (сурет)
09 тамыз 2022 ж. 689 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 388

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930