» » Дарханның дара кәсібі

Дарханның дара кәсібі

Қазір көлік тізгіндеген кез келген жүргізуші астындағы темір тұлпарының сәнді әрі өзгелерден ерекше болғанын қалайды. Әсіресе жастар шетелдік дизайнды көп үлгі етуде. Мәселен, көліктің сыртқы шанағын қалаған түсіне бояп, соған сәйкес көрік беретін дөңгелек салып, безендіреді. Одан бөлек ішкі салонын әртүрлі аксессуармен жабдықтап, отырған адам өзін жайлы сезіну үшін жағдай жасайды. Үлкен қалаларда көліктерге осы айтқан қызметтерді көрсететін арнайы орталық сервистер әлдеқашан дамыса, уақыттың көшіне қарай аудандарда да ашылып, жұмыс істеуде. Соның бірі – Төретам кентіндегі DarAuto DETAILING автокөлікке қызмет көрсету сервисі.
Сырт көзге алыстан менмұндалаған Дархан Сәрсенбайұлының дара кәсібі осыдан он күн бұрын ауқымы кеңейіп, тұтынушыларға сапалы жұмысын бастапты. 2016 жылы кәсібін тек автокөлікке аксессуар сататын дүкеннен бастаған ол, кейін өз қаражатын жинап үлкен қызмет орталығына айналдырған. Енді кенттегі көлік жүргізушілер алысқа бармай-ақ, осында көлігіне қажетті қызмет түрлерін ала алады. Мәселен, көліктің терезесіне күн сәулесінен қорғайтын кленка жабыстыру, ішкі салонын химиялық тазалау, дабыл қаққыш орнату, көліктің жарық шамын тазалау, аяқтың астына EVA төсеніш тігу секілді қызмет түрлері ұсынылуда.
– Орталықта 6 қызметкер бар. Әрқайсысы өзіне бекітілген жұмысын істейді. Бокстың сыйымдылығы әзірге 3 көлікке дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта ішін кеңейтпек ниетім бар. Тіпті құрылысын бастап та кеттік. Бұйырса мұнда қызмет түрлері көбейетін болады. Үлкен қалаларда көлігіңді көрсетуге немесе ішін тазалатуға апарсаң қызметкерлеріне сенімді тапсыра аласың. Жүргізушіге барлық жағдай жасалынған, арнайы күту залында демалып, мәшинеңді тосасың. Осыдан кейін маған да неге өз ауылымнан осындай орталық ашпасқа деген ой келді. Сөйтіп қаражат жинап, дүкеніме қосымша ретінде қызмет түрлерін толықтырдым. Қазір мұндағы барлық жұмыс мен ойлағандай жүріп жатыр. Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілуде, – дейді кәсіпкер.
Дарханның кәсібімен танысу үшін ғимарат ішін толық аралап шықтық. Алдымен дүкеніне бас сұғып, заманауи үлгідегі аксессуар заттарға көз жүгірттік. Расымен сіз іздеген керектінің бәрі бар. Одан кейін әлгі сөз еткен аяқтың астына EVA төсеніш тігетін бөлмеге жылжыдық. Көлігіңіздің маркасына қарай тапсырыс берген төсеніштер осында өлшеніп пішіліп, тігіледі. Тек шикі, заты сырттан келеді демесеңіз, өндіріс өзіміздің жерден шығады.
– EVA төсеніш – қазір трендтегі сәнді төсеніштердің бірі. Себебі аяқ киімнің табанынан түскен топырақ жан-жағына шашырамай арнайы тесіктерге жиналады. Қазір жастардың көбі түр түсін таңдап, осыған тапсырыс береді. Біз оны өлшеп алғаннан кейін бір күнде дайындап береміз. Бағасы қолжетімді. Бастапқыда барлық тапсырысты жинап, басқа қалада жасатып отырдық. Кейін арнайы тігін мәшинесін алып өзімізде тіге бастадық. Шикізатты Ақтөбе, Орал қаласынан алдыртамыз. Алдағы уақытта көліктің орындығына қап тігетін, одан бөлек басқа да керекті құрылғылар алу жоспарда бар, – дейді ол.
Қазақта «Қимылдаған қыр асады» деген. Кейіпкеріміз де тынымсыз тіршіліктің арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отырған мықты кәсіпкер. «Алма піс, аузыма түс» деп жата бергеннен ешқандай істің алға баспайтынын сіз бен біз де жақсы білеміз. Сол үшін ерінбей еңбек етейік.
Ерсін СӘДУҰЛЫ

05 тамыз 2022 ж. 684 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930