» » "Қуыршаққа тіккен көйлегім әлі де сақтаулы"

"Қуыршаққа тіккен көйлегім әлі де сақтаулы"

Бәрін айт та, бірін айт. Отбасы болсын, оны асырауда болсын, икемделе білгенге не жетсін. Мамандығың бола тұрса да, кәсіп үйренгенің, білгенің әркімнің өзіне жақсы емес пе? Сол үшін де қазақта "Жігітке жеті өнер де аз" деп тәмсіл еткен. Үйренуден, ізденістен жалықпаған, алға ұмтылған адам ғана өмірде жетістікке жетеді. Уақытын тиімді пайдаланады. Соның жемісін көреді. Жосалы кентінің тұрғыны, аудандық соқырлар қоғамының төрайымы, 3-топ көз мүгедегі Эльмира Үсенова осы талаптан шығып жүрген жаратылысы бөлек жан.
1976 жылы дүниеге келген Э.Әбілдақызы орталықтағы No250 мектепте білім алады. Одан соң No105 мектепте тәлімгер болып еңбек жолын бастайды. Мұнан кейін де ұстаздық жолды ұстанып, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы мектепте "Қазақ тілін жетік меңгерту" пәні бойынша сабақ беріп, шәкірттердің талабын ұштауда үлесін қосады. Біліктілік қашан да оқи білу мен жетілуді қажет етеді. Жас маман осындай мақсатты ұстана отырып, "Болашақ" университетінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алады. Дегенмен, ұстаз боламын деген арман басқа арнаға бұрылып, 1996 жылы аудандық ауа-райын бақылау орталығына 2-санатты техник-метеролог маманы болып тұрақты жұмысқа қабылдана барады. Содан беріде осы мекемеде абыройлы қызмет етіп, елдің алғысына бөленіп келеді. "Талаптыға нұр жауар" демекші, Эльмира 2010 жылдан бастап осы орталықтың басшысы қызметінде.
Жалғыз жалақыға қарап отырмай, басқа да кәсіп көзін қарастыруға ерік-жігер, еңбекқорлық керек. Кейіпкеріміздің ізденіс үстіндегі жоспарына 2018 жыл жаңа бір мүмкіндік ашқандай. Себебі "Бизнестің жол картасы – 2020" бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы оған осындай кереметтей мүмкіндік сыйлады. Осы бағдарлама аясында кәсіпкерлер және кәсіпкерлік бастамасы үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі және "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған "Бизнес Кеңесші" жобасымен оқу курсын тәмамдап, қолына біліктілігі жөнінде сертификат тиеді. Бұл құжат талап иесінің инновациялық грантқа қатысып, бағын сынауына, көкжиегінің кеңейе түсуіне септігін тигізген-ді. Сөйтіп жас кәсіпкердің жолы болып, 738 мың теңге қаржылай грантқа ие болады.
– 1993 жылы мектеп бітірдім. Тәлімгер, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға сабақ бердім. Отбасы жағдайына байланысты Көкшетау қаласына қоныс аудардық. Дегенмен келер жылы ауылға қайта көшіп келіп, аудандық ауа-райын бақылау мекемесіне жұмысқа тұрдым. Тоқыма тоқу мен тігін тігуге деген қызығушылығым осы кезде басталды. Түнгі ауысымға тұрамын. Ұйықтауға, қалғуға болмайды. Бірде басшымыз "Аэропорттың маңайында түйе көп жайылады. Оның жүні жеңіл әрі жылы да жұмсақ келеді. Жүнін сататындар болса, тазалап жуып, иіріп, шұлық тоқуды үйренгенің дұрыс" деп ақылын айтып, ой салды. Ол кезде тұрмыс құрмағанмын. Сондай сәттерде мені қорқып қалады деп анам үнемі қасыма келіп серік болады. Сонда қызы мен анасы түнімен ұйықтамаймыз. Анам ұршық иірсе, мен оны-мұны тоқимын. Осылай жүргенде жолдасымды кездестіріп, тұрмысқа шықтым. Балалы-шағалы болдық. Алғаш тігінге мән берген кезім – кішкентай қызымның қуыршағына көйлек тіккенім есімде. Ол қуыршақ шынын айтсам, әлі күнге дейін үйде сақтаулы. Көлемі шағын келген, бір-бір жарым жастағы бүлдіршіннің пішінімен сай келеді. Тіккен көйлегімнің өзіме ұнағаны соншалықты ине ұстап, іс тігуге деген құмарлығым бұрынғыдан да арта түсті, – дейді бүгінде кәсібін біркісідей үйіріп отырған кейіпкеріміз.
Ол қиялындағы бұйымдарды тігумен шектеліп қалмай, дүкен сөрелеріне де біршама заттарын сатылымға шығарып отыруды әдетіне айналдырады.
"Көйлек, басқа да заттарым тез өтіп кететін. Тоқыма тоқуды да тастамай, оны да қосымша дамыттым. Заманға сай "Бизнес Кеңесші" мемлекеттік жобасымен тегін оқып, грант жеңімпазы атандым. Ол қаражатқа жоғары сапалы тоқыма жабдығын арнайы Мәскеуден алдырдым. Сантүрлі дүние тоқып, кәдеме жаратып келемін. Белдемше, кеудеше, басқа тағатын бөкебай, шарқаттар тоқыдым. Сол уақыттарда Асқар Қолдабеков ағамыз жетекшілік ететін Соқырлар қоғамына мүшелікке кіріп, жанарымыздың әлсіздігіне қарамастан белсенді еңбек етуге тырыстым. Ағамыз қалаға басшылық қызметке ауысқанда сол кісінің орнына бастауыш ұйымның төрайымы болып қалдым. Қолөнерден ешқашан қол үзген емеспін. Ол бір менің екінші тынысым секілді ғой. Шаршағаныңды басып, өзгеше бір дем береді. Негізгі жұмысыммен қоса, күніне 2-3 көрпеше құрап, көктеп тастау қолдан келетін шаруа. Қызымның артынан апаратын көрпе-көрпешесін өзім дайындап тақтап қойып отырмын, – дейді өмірге құштар сіңліміз.
Э.Үсенованың ұзақ жылғы еңбегі елеусіз емес. Ол 2017 жылы ҚР Энергетика министрлігінің ҚР Гидрометеорология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет грамотасымен марапатталса, өткен жылы "Қазгидромет" РМК бас директоры Д.Әлімбаеваның "Дүниежүзілік метереология күніне" орай көп жылдық адал еңбегі үшін алғыс хатпен мадақталған. Сонымен қоса, ауданның кәсіпкерлік саласының нығая түсуіне қосқан сүбелі қызметі үшін де облыс әкімінің бірнеше мәрте марапаты мен қаржылай сыйлығына ие болған.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
01 тамыз 2022 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930